
Біз Қазақстанға келу тарихымызды үлкендердің айтуымен ғана білеміз. Сонау зұлматты 1937 жылдың қақаған қысы болса керек. Әзірбайжанның Зангелан ауданынан бір түнде пойызға тиеліп, белгісіз жаққа үдере көшірілген ата-бабаларымыздың жол бойы көрген азабын тілмен айтып жеткізу қиын. Әкем Даскарали мен анам Наргиз әредік сол жайды еске алғанда көздерінен парлаған жасты тия алмаушы еді. Тіпті, пойызда келе жатып аурудан, аяз бен аштықтан өлгендерді жер қойнына тапсырудың өзіне мұрсат бермей, мәйіттерді жол бойына қойдырып кете берген ғой. Оларды жергілікті жұрт адамша көмді ме, жоқ әлде аулаққа сүйреп тастай салды ма, бір Құдайға ғана аян. Адамның адамға деген қатыгездігі өршіген зұлматты кезең еді ол. Үш бүлдіршін қызымен келген ата-анамды қордайлық қазақтар қамқорлық құшағына алып, қоржын тамдарының бір бұрышына паналатып, өз балаларының аузындағы несібесінен жырып асырапты. Аштықты да, сұрапыл соғыстың зобалаңын да олармен бірге көріп, біте қайнасып, ақыры қуаныш, қайғылары ортақ бір жұртқа айналады. Мен соғыстан кейін осында өмірге келдім. Қазақ балаларымен бірге мектеп бітірдім. Жастайымнан еңбекке араласып, партияға өтіп, «Көкқайнар» кеңшарында қатардағы қызылшашыдан звено жетекшісі, бригадирлікке дейін өсіп, туған жерімді түлетуге бір кісідей-ақ тер төктім. Кеңес үкіметінің жақсы жақтары да болғанын айтуға тиіспіз. Ол кезде жұмыссыздық деген жоқ, керісінше жұмысшы қолы жетіспей жататын. Ауданда он бір мың гектардан аса, ал Социалистік Еңбек Ері Л. И. Хан басқаратын біздің кеңшардың өзінде мың гектардай қант қызылшасы өсірілетін. Ертеден кешке дейін плантацияда тер төгіп, жыл сайын рекордтық өнім жинауға ұмтылушы едік. Орден, медальдар, грамоталар, сыйлықтар өз алдына, 1991 жылы озат еңбеккер ретінде кеңшардың есебінен салып берген үйге қоныстандық. Әлі күнге сол үйде тұрамыз. Әйелім Ширван да ұзақ жылдар қызылшашы болып еңбек етіп, қазір зейнет демалысында. Үш ұл, екі қызымыз өз отауларын құрып, олардан он бес немере сүйіп отырмыз. Ең кенжесі бір жарым жасар егіздер Самира мен Есмира әжесі екеуміздің ұзақты күнгі ермегіміз. Балаларым ауыл тірлігіне тән кәсіптерді меңгерген. Өз шаруа қожалығымыз бар. Барлығы бір ауылдық өңірге қоныстанғандықтан, отбасылық думандар мен мереке күндері қара шаңырақта жиі бас қосып тұрады. Осындайда оларға өз әке-шешемнен естіген ащы тарихымызды, бауырмал қазақ халқының қиын күндердегі жақсылықтарын қайталап айтудан жалыққан емеспін. Қордай – көп ұлтты аудан. Табыстың кілті – тілі басқа болғанмен, тілегі бір барлық қордайлықтардың тізе қосқан ынтымағында. Мерекеміз де, берекеміз де ортақ. Әр жылдың әлеуметтік өмірде өзіндік ізін қалдыратыны даусыз. Биылғы жылдың ерекшелігі өз алдына, еліміздің Тәуелсіздік туын көтергеніне ширек ғасыр толмақшы. Жыл өткен сайын мемлекетіміздің күш-қуаты нығайып, халықаралық деңгейде беделі өсіп, халқының тұрмыстық деңгейі жақсарып келеді. Бұл Президенттен бастап жер-жердегі қарапайым еңбек адамдарына дейінгі барлық ізгі ниетті қазақстандықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгендігінің арқасы деп білемін. Тәуелсіздік айтуға ғана оңай, ал ұғымы терең. Қазақстанның, қазақ тілінің болашағы кең деп санаймын. Сондықтан, мен немерелерімді қазақ мектебінде оқытудамын. Үйленген балаларымның өкіл әкелерін де қазақтардан сайлап алдық. Айтпақшы, екі жылдай бұрын «Дипломмен ауылға» жолдамасымен ауылымызға Индира, Жұлдыз есімді екі қазақ қызы келіп мектепке жұмысқа орналасып еді, екеуін де үйімізге тегін жатқызып өз балаларымыздай қамқор болдық. Сол қыздар теңін тауып тұрмысқа шыққан тойларына арнайы шақырып құрметтегендеріне риза болып, жаңа жекжаттар тапқанымызға қуандық. Дегенмен, ұлттық болмысымызды да жоғалтып алған жоқпыз. 2010 жылы Алматыда өткен әзірбайжандар құрылтайына қатыстым, аудандағы әзірбайжан этномәдени орталығының, Сарыбұлақ ауылдық округіндегі қоғамдық кеңестің және ақсақалдар алқасының мүшесімін. Наурыз мейрамында, басқа да мереке күндері өз ұлттық киімдерімізді киіп, дастарқанымызды жайып қазақтармен қатар тойлау дәстүрімізге айналған. Өйткені, біз туыстық тамыры тереңге кеткен, қуаныш, қайғысы ортақ бір халықпыз.
Магомед Фараджиев, зейнеткер.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді