«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызғалдақты қорғайық!

Қызғалдақты қорғайық!
ашық дереккөз
Қызғалдақты қорғайық!

Көктем туа көздің жауын алып, қырларды құлпыртып жіберетін қызғалдақ гүлінің елімізде 32 түрі өседі. Оның 12-сі эндемикалық, яғни тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Қазақстанның – «Қызғалдақтың отаны» аталуы да осыған байланысты. Ғалымдар да аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралған деген дәйекті дәлел ретінде тартуда. Бұл нені көрсетеді? Яғни, қызғалдақты Қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Себебі, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрі «Қызыл кітапқа» енген, жойылуға шақ қалған. Жалпы, қызғалдақ атауы қайдан, қалай шыққан? Болжам көп. Соның бірі – осы гүлдің кеңінен тараған атауы – «тюльпанға» келіп тіреледі. Бұл – парсының «толибан» немесе «долбент» сөзінен шыққан. Ол «тюрбан» – басқа тартатын орамал деген мағынаны білдіреді. Оның қауызы шығыстың бас киіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталған. Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі. Бұлардың биіктігі 3-50 сантиметр. Сабағы жұмыр, тік. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Жемісі қауашақ тәріздес. Қызғалдақтың пиязшығын күзде гүлі түскеннен кейін жинап алып, оны құрғақ, салқын жерде сақтап, көктемде егеді. Сұрпы мен түріне қарай қызғалдақтың гүлдеу мерзімдері де әртүрлі. Наурыз – мамыр айларында гүл ашады. Оның биіктігі 10 сантиметрден аспайтын аласа бойлы түрі ерте көктемде гүлдейді. Ал биіктігі 10-20 сантиметрден асатындары сәуір – маусым айларында гүлдейді. Соның бірі – «Қызыл кітапқа» енген Грейг қызғалдағы. Ол саны аз және жоғары сәндік сұрыптауда, гүл өсіруде бағалы cаналады. Ол ірі қиыршық тасты, жартасты, құм-балшықты тау беткейлерінде, жазықтарда, солтүстік шөлден бастап, Қордай асуына дейін, Талас Алатауы, Қаратау жотасы, Қырғыз Алатауы, Шу-Іле тауының батыс бөлігінде кездеседі. Гүл толық тозаңданып болмай жатып жұлу – оны түп-тамырымен жойып жібергенмен бірдей. Әсіресе, «Қызыл кітапқа» енгізілген қызғалдақтар түрін жұлуға болмайды. Оларды жұлған адам Қазақстан Республикасының заңымен жазаланады.

Елнұр Әлімқұлов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар