Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз

Ешкімге соқтықпай  жай жатқан елміз
ашық дереккөз
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз
Алихан Ахметов, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Ақ желкен» жастар лигасы төрағасының орынбасары. Қай дәуірді алып қарасақ, тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, араағайындығымен, достық қарым-қатынасымен ерекшеленгенін білеміз. Ырыстың, береке атаулының бастауы әсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жатқаны мәлім ғой. Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады. Елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем болмайды. Бүгінгідей үлкен үдеріспен дамып жатқан жаһанда ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, ұлттар арасындағы достық қатынасты нықтай білу – үлкен парыз. Міндет. Кезінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өзі «Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп қазақ халқының болмысын, адами асыл, ізгі қасиеттерін бір ғана ауыз сөзбен өрнектеп, бедерлеп айтқан ғой. Иә, біз Тәуелсіз Отанымыз Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы екені талас тудырмайды. «Құдай қалаған хан болады» деген ежелден айтылып келе жатқан сөздің қасиетін жақсы түсінетін ел азаматтары ұлттар арасындағы достықты әрдайым биік қойып келеді. Бейбіт елдің ырысы таситыны да сондықтан. «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» демекші, қазір біз айналамызға барлап көз салсақ, небір зұлымдық, ашкөздік, лаңкестік секілді оқиғаларды көреміз. Әлемде орын алып жатқан осындай қаныпезерлердің әрекетіне жанымыз ауырады. Өйткені ұлы ғұлама Абай Құнанбаев: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген терең ойлы сөзімен адамзат атаулыны ізгі ойларға ұмтылуға шақырған ғой. Бізде шүкір, дініміз бен тіліміз, діліміз қалыпты ырғақпен дамып отыр. Барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дәрежеде сақталған. Елімізде шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Іргеміздің берік, шаңырағымыздың нық тұруы – сөзсіз Мемлекет басшысының сындарлы саясатының жемісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикалық тұрғыда әл-ауқаты жыл санап артпаса, кеміген емес. «Қолымнан іс келеді» деген адамдардың барлығына да жағдай жасалып отыр. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды». Еткен еңбектің өтеуі өз нәтижесін беруде. Мұның бәрі Қазақстан халқына жасалып отырған үлкен қамқорлық екені даусыз. Ол үшін де мемлекет тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңарған, жасарған Отанымыздың гүлденуі, сәулеті келіскен еңселі ғимараттардың бой көтеруі, тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың өткізілуі – мемлекет мерейінің артқанын, дәулетінің үстемелене түскенін айғақтаса керек. 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мен достығы күні қарсаңында барлық ел азаматтарына бірлігі жарасқан, ырысы тасыған мемлекетіміздің мерейін асыруға қолдан келгенше бір кісідей жұмылып, тер төге берейік демекпін. Жыл өткен сайын дамудың дара жолына түскен жасампаз еліміздің жайнай түсуі көңілімізді марқайтады. Тәуелсіз мемлекетіміздің жетістігі арта түссін. Бірлігімен, берекелі тірлігімен, меймандостығымен күллі әлемге танылған еліміздің жемісті де, жеңісті жылдары жалғаса берсін. Ұлттар арасындағы мызғымас достық әрдайым жетістікке бастар жолдың арқауы болсын.

Ұқсас жаңалықтар