«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қала ТҰРҒЫНДАРының өтініштеріне салғырт қарауға болмайды

Қала  ТҰРҒЫНДАРының  өтініштеріне  салғырт  қарауға  болмайды
ашық дереккөз
Қала ТҰРҒЫНДАРының өтініштеріне салғырт қарауға болмайды

Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Тараз қаласының «Арай» және «Көктем» алқаптары тұрғындарымен кездесті. Кездесудегі негізгі мақсат – тұрғындардың талап-тілегі мен арыз-шағымын тыңдау болатын. Жыл басында жұмысын бастаған Қоғамдық кеңестің құрамында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен қалалық мәслихаттың депутаттары бар.

Жаңадан бой көтерген аталмыш тұрғынжай алқаптарының шешімін күткен мәселелері баршылық. Мысалы, «арайлықтарды» әбден мезі еткен – жол мәселесі. Сонымен қатар, көше кезген қаңғыбас иттердің көбейіп кеткендігі де аталған аумақ тұрғындарын алаңдатып отыр екен. Электр бағаналары мен көпірлердің жағдайы да тұрғындардың жиі шағымданатын мәселелерінің бірі. Жиында аумақтан күл-қоқыс шығарумен айналысатын мекеме тарапынан берілетін түбіртек қағазға қатысты заңсыздықтар да тілге тиек етілді. «Арайдағы» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Көбейбек Әбделімов аталған алқапта алты бірдей көшенің атауы мен үй нөмірлері белгіленген тақтайшалар әлі жоқ екенін айтты. Бұл кемшілік тұрғындардың бірі ауыра қалған жағдайда жедел жәрдемнің мекен-жайды тез тауып келуіне көп кедергі келтіріп, біраз әуре-сарсаңға түсіретінін жеткізді. Ал аумақта бүгінгі күні су мен газ жүйелері тартылып, тұрғындардың шаруалары біраз жеңілдеп қалғандығы да айтылды. «Көктем» алқабының тұрғыны Сейіл Керімбердиев №19 автобус қайта бұрынғы бағытымен жүруіне Қоғамдық кеңес мүшелері ықпал етсе деген тілегін жеткізді. Бұл аумақтардың оқушылары негізінен №48 мектепте білім алатыны себепті сол аралықта қатынайтын автобус бағытына байланысты біршама қиындықтар туындап отырған сыңайлы. «Көктемдіктер» осы аумақпен қатар орналасқан «Жібек жолы» базарынан шыққан күл-қоқыстың арнайы орындарға шығарылмай, базардың артында өртелетінін айтты. – «Жібек жолы» базарына тәртіп орнатылмай-ақ қойды. Таңғы сағат 6-да және кешкі 7-ден кейін базардың біз жақ бетінде күл-қоқыс өртейді. Одан шыққан түтін біздің аумаққа келіп, көк түтінге оранамыз. Осы мәселені көтеріп жүргеніме екі жылдың жүзі болды. Санитарлық қызмет өкілдерінің шешетін түрі жоқ. Әбішев көшесі мен базардың ортасы толған күл-қоқыс. Жауаптылар осыған бір сәт назар аударса, – дейді «Көктем» алқабының тұрғыны Мырзағали Әшірбаев. Сонымен қатар, аталған екі алқап тұрғындарын қатар алаңдатып отырған мәселе – Айша бибі көшесі бойымен жүретін автокөліктердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы. Бұл көшеде тек бір ғана бейнебақылау камерасы орнатылғандықтан, көптеген жол-көлік оқиғалары болып тұратынын және оның басым бөлігінде мектеп оқушылары зардап шегетіні айтылды. Ал осы көшені бойлай ағатын каналдың тазаланбағанына да бірнеше жылдың жүзі болған. Екі аумақ тұрғындарын алаңдататын тағы бір мәселе – аумақтарда учаскелік полиция мен санитарлық қызмет өкілдері мүлде төбе көрсетпейтіндігі. Өйткені, тұрғындардың көпшілігі мал ұстайды. Ал оның санитарлық талапқа сай екендігі мен ұрлық болған жағдайда жоғарыда аталған қызмет өкілдері барлық мәселеге қанық болуы тиіс. Тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, олардың билікке айтар базынасын тыңдаған топ қордаланған мәселені шешуге барынша күш жұмсайтындықтарын жеткізді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар