«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cақтықта қорлық жоқ

Cақтықта  қорлық  жоқ
ашық дереккөз
Cақтықта қорлық жоқ

конго-қырым қанды безгегінің алдын алу шаралары тоқтаусыз жүзеге асырылуда

Вирустық жұқпалы ауру болып саналатын конго-қырым қанды безгегінің адам өміріне төндіретін тікелей қаупі зор. Сондықтан оның алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Облыста барлығы 368 елді мекен болса, оның конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақ аумағына Сарысу ауданы бойынша – 28, Мойынқұм ауданы бойынша – 15, Талас ауданында – 6 және Жамбыл ауданында 11 елді мекен, яғни барлығы 60 елді мекен кіріп, 16 пайызды құрап отыр. 

Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, індетті дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға ұластырмай, қалыпты ұстап тұру шараларын жүргізу тек медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің ғана жұмысы емес, оған табиғи ошақ аумағындағы елді мекендердің тұрғындары да атсалысуға тиіс. Бұл жайында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен селекторлық режімде өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты айтылды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов осы тұрғыдағы жұмыстар туралы баяндап берді. – Облыс әкімдігінің ағымдағы жылғы 8 ақпандағы «Конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл аудандарының тұрғындарын қорғау жөніндегі 2016 жылға арналған бірінші кезектегі шаралар туралы» №33 қаулысы бекітіліп, кешенді іс-шараларды өткізу мақсатында облыстық бюджеттен қажетті дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 75 миллион 768 мың теңге, малды және мал қоралары мен аулаларды дезинфекциялық дәрілеу жұмыстарын жүргізу үшін Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл аудандарының жергілікті бюджеттерінен 27 миллион 88 мың теңге қаражат бөлінді. Осы қаулыдағы кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес конго-қырым қанды безгегін жұқтырмай, одан қорғанудың шаралары туралы жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, семинарлар, конференциялар өткізілуде, газеттерге мақалалар жарияланды, ауылдық округтердің кіреберістерінде билбордтар, мектептерде плакаттар орналастырылды Биыл конго-қырым қанды қызбасының өңіріміздегі табиғи ошақтарында акарацидтік препараттармен 53315 бас мүйізді ірі қара, 447632 бас ұсақ мал, 13682 бас жылқы, 2744 бас түйе, барлығы 517373 бас әртүрлі ауыл шаруашылығы жануарларын 3 рет кенелерден тазарту және аумағы 6 миллион 421 мың шаршы метрді құрайтын 14072 аулалар мен қораларға 3 рет дельтометрин дустін шашу жоспарланған болатын. Тиісінше жоспарға сай бүгінге дейін көлемі 1 миллион 284200 шаршы метр болатын 1946 аулалар мен қоралар залалсыздандырылып, 7457 бас мүйізді ірі қара, 59322 бас ұсақ мал, 1322 бас жылқы, 610 бас түйе кенеге қарсы дәріленді. Кенелерді жоюға 73 дезинфектор жұмысшы, 23 ветеринария маманы жұмылдырылып, 10 ДУК автомашинасы, бензин және қорғану киімдері алынды, – деді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысы биылғы жылы аурудың тіркелуіне байланысты Байзақ ауданы да қолайсыз аудандар қатарына кіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жылдың 9 сәуірінде Дихан ауылында конго-қырым геморрагиялық қызбасының жағдайы тіркелуіне байланысты Байзақ аудандық әкімдігі аппараты тарапынан тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде екен. Аталмыш ауылдағы науқастың мекен-жайындағы аумағы 200 шаршы метр болатын мал қорасы 2,5 пайыздық диазинон препаратымен залалсыздандырылып, 8 бас мүйізді ірі қара, 18 шошқа, 6 ит, бір мысық және 135 үй құсы 0,1 пайыздық диазинолға тоғытылыпты. Облыс әкімдігінің №33 қаулысымен бекітілген іс-шара жоспарының 27-тармақшасын орындау мақсатында, ауыл шаруашылығы басқармасы және құзырлы мекемелерден құрылған жұмыс тобы аудандарда конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы атқарылатын іс-шаралардың дайындық сапасын зерделеу үшін іссапарға шығып, эндемиялық елді мекендерден көктемгі кешенді залалсыздандыру жұмыстарына дейін далалық алқаптан – 337, ауыл шаруашылығы малынан 1259 кене жинаған. Соңғы жылдары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын таратушы кенелер Жамбыл, Байзақ аудандарында тіркелуіне байланысты, осы аудандарға шекаралас орналасқан Тараз қаласы, Жуалы, Шу аудандарына да қауіп төніп тұрғанын ескерткен Нұржан Молдиярұлы өзекті мәселелердің бірі деп мал тоғытпаларының жеткіліксіздігін атап өтті. – Бұрынғы жылдары облыстың барлық аудандарындағы шаруашылықтарда қой-ешкілер жылына 2 рет: көктем және күз айларында – акарацидтік препараттармен тоғытылатын. Осы шаралардың өзі кезінде кенелердің таралып кетпеуіне үлкен ықпалын тигізетін. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 79 мал тоғытпасы болса, оның 14-і жұмыс істейді. Оның ішінде Мойынқұм ауданында 8 тоғытпа (Мойынқұм, Бірлік, Кеңес, Биназар, Көкжелек, Жамбыл, Құмөзек, Ұланбел), Сарысу ауданында 2 (Досбол, Жаңаарық), Талас ауданында 4 (Үшарал-2, Кеңес-2) тоғытпа жұмыс атқаруда. Осы 14 тоғытпаның 12-сі соңғы екі жыл ішінде салынды. Оның ішінде 2 тоғытпа Сарысу ауданында облыстық бюджеттен 6 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, былтырғы жылы салынды, – деген баяндамашы облыстың барлық елді мекендерінде мал тоғытпаларын салып, ескі тоғытпаларды қалпына келтіру және ірі қара малын залалсыздандыруға арналған душтар орнату жұмыстарын қолға алу қажеттігін алға тартты. Бұдан соң облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов пен облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы баяндады. Олардың мәлімдеулерінен өткен жылы облыс бойынша кене шаққан – 600, ал биылғы жылдың он бесінші сәуіріне дейін 120 адам тіркелгенін білдік. Зардап шеккендер саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы баяндамашыларды мұқият тыңдап болғаннан соң, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысынан бөлінген қаржының қай бағытта жұмсалып жатқандығын сұрап, қаншалықты жеткілікті екенін пысықтады. – Тоғытпалар санын арттыру керек. Бұл тұрғыда арнайы топ құрып, жұмыс жүргізуді тапсырамын. Өңірдегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары өздері екі-үштен бірігіп, тоғытпалар салып алуы керек, соны шаруа қожалығы иелеріне түсіндіріп айту керек. Байзақ ауданындағы адам өлімі бәрімізге сабақ болсын. Кене күн ысыған сайын көбейе бастайды. Жаз мезгілі алда. Сол үшін алдын алу жұмыстарына барынша дайын, мұқият болуымыз керек. Бұл орайда денсаулық сақтау мекемелері, арнайы мамандар, тиісті орындар тиянақты жұмыстың нәтижесін көрсеткені жөн. Техника, дәрі-дәрмек, бәрі жеткілікті. Демек, енді адам өміріне қауіп төндіретін аурудың алдын алуда мүлт кетпеуге тиіспіз, – деген Кәрім Көкірекбаев Байзақ, Сарысу аудандарының әкімдерінен осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауаптарын тыңдады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар