«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алма ағаштар гүлдегенде

Алма ағаштар гүлдегенде
ашық дереккөз
Алма ағаштар гүлдегенде
«Қойшыбай Ата» шаруа қожалығында 5 мың түп алма ағаштары өсіп тұр Ойық ауылына кіреберістегі тасжолды «Бөрібай» каналы көлденең кесіп өтеді. Күншығыс тұста қалың ну менмұндалайды. Ол – ауылдың бұрынғы алма бағы. Бүгінде иесіз қалған. Құбыла жаққа мойын бұрсаң, «Қойшыбай Ата» шаруа қожалығының бау-бақшалығы маңынан бүршік жарып, батырлардың найзасындай көкке шаншылған жас теректер көзге ілінеді. Осыдан 3-4 жыл бұрын, сидиып тұрушы еді, қазір балақтап өсіп, толыса бастаған. Мұнда өзге де жеміс ағаштары жетерліктей. – Өзіңіз білесіз, – дейді қожалық төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Молдабаев, – су тапшылығына байланысты бұған дейін бірыңғай жеміс ағаштары көшеттерін егіп, өсірумен айналысып келдік. Өткен жылы 3 гектар алқапқа 2 мың түп алма көшеті отырғызылды. Негізінен алманың «Талғар сұлуы», «Алматының апорты», «Керемет» секілді сұрыптарын таңдадық. Бұл алмалардың таулы аймақта өсетінін атаулары-ақ айғақтайды. Анау айтқандай бағбандығымыз жоқ. Дегенмен «Қалауын тапса – қар жанады» емес пе?! Дұрыс күтім жасасаң, бұл жеміс ағаштары да жерсініп, көл-көсір өнім береді. Тұрымқұл ауылы тұсындағы алма бақ бұған нақты айғақ бола алады. Биыл тағы да бес гектар алқапқа арық-атыз тартылып, бойына қаз-қатар 3 мың түп алма ағашының көшеттері отырғызылыпты. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, алма бағының көлемін болашақта 20-25 гектарға дейін жеткізу көзделуде. Сәтін салса, одан екі-үш жылдан кейін жемісін теру, сұрыптап, саудаға шығару күтілуде. Алмадан түрлі шырын шығару үшін құрал-жабдықтар алуға да тапсырыстар беріліпті. Қожалық диқандары бұрын қауын-қарбыздың «Жұлдыз», «Аққауын» сияқты сұрыптарын егіп өсіріп, ТМД елдеріне шығарып саудалағанынан да хабардар едік. Өткен жылы су тапшылығына, қауын құрты ауруы таралуына байланысты бұл іс біраз тоқтаңқыраған екен. Биыл ойықтық диқандар сәуір, мамыр айлары аралығында 5-10 гектар алқапқа қауын-қарбыз егуге жерін де, шопағын да дайындап, тас-түйін бекініп отыр. Мұраттың айтуынша, биыл Таластың, Асаның суы мол. Бау-бақша егісі қуаңшылыққа ұрынбайтын сыңайлы. Жерасты суы тағы бар дегендей. Діттеген міндет сәтімен жүзеге асырылар болса, мұнда жиын-терін кезінде 200-300 адам жалданып жұмыс істеп, нәпақаларын айыратын болады. «Қойшыбай Ата» шаруа қожалығы мұнымен ғана шектеліп қалмай, Ақкөл көлі мен маңайынан 100 гектар алқапты ұзақ мерзімге жалға алып, туристік кластерді дамытуға біржола кіріспек. Қожалық көлге 1 миллион шабақ жіберді. Тағы да жіберуді ойластыруда. Бәрін әзірше өз қаражаттарымен атқаруда. Көл жағалауына демалыс кешенін соғып, балықты өңдеп, сыртқы саудаға шығарсақ па деген ниеттері де бар.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ойық ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар