«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мойынқұмның да тәтті алмасы болады

Мойынқұмның да тәтті алмасы болады
ашық дереккөз
Мойынқұмның да тәтті алмасы болады

Биыл Мойынқұм ауданындағы А.Назарбеков (бұрынғы Жасұлан) ауылының азаматтары – «Бағлан» және «Қараменде» шаруа қожалықтарының жетекшілері Батырбай Қораласов пен Айтбек Сұлтаналиев алма бақ өсіруді қолға алып, жұртты қуантып отыр. 

Екеуі де бұл істі өз қаражаттары есебінен жүзеге асырмақ екен. Алма ағашы көшеттерін «Меркі» тәжірибе шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен көтере сатып алыпты. Оның әрбір түбі 300 теңгеден айналған. Батырбай 1 гектар жерге – 512, Айтбек 1 гектар жерге 680 түп жоғары сұрыпты күздік «Алтын алма» көшетін ұзындығы 130-140 метр 17 атызға отырғызған. Олардың пайымдауынша, егілген алма көшеттері енді үш жылдан кейін жеміс беруі тиіс. Сонымен қатар Батырбайдың еншісінде 10 гектар суармалы жері бар. Оның 7 гектарына жоңышқа өсіруде. Ілкімді іс иелері алдағы уақытта алма бақ алқабы көлемін ұлғайтамыз деп құлшынып отыр. Жергілікті тұрғындар да «Батырбай мен Айтбектің ісіне қарап, күллі ауыл жаппай жұмыс жасап жатқандай көреміз» деп олардың мақтауын жеткізді. Аудандық әкімдік қызметкерлері «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы аясында кепілдікке қойылатын талаптары оң шешімін тапса, қос кәсіпкерге 6 пайыздық өсіммен 2 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсете алатындықтарын жеткізіпті. Олар алдағы уақытта аталған бағдарламамен несие алып, ауылдағы алма бақтар қатарын көбейтпек ниетте. Бұрын ауылдың «Жасұлан» аталған 220 гектар алма бағы болды. Жылына 1200 тонна өнім жиналатын. «Жасұланның» алмасы елімізден тыс, тіпті Мәскеуге дейін тасымалданды. Ал Айтбек пен Батырбайдың атағы алмасымен алысқа жеткен ауылдың абыройын қайта биіктететіндеріне сеніміміз мол. Аудандық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор Сырым Шәкіров егілген алма бақ аумағына карантиндік тексеру жүргізгендерін, алайда ешқандай аурудың анықталмағанын және құжаттардың толықтай заңды екенін айтады. Соған қарағанда, «Айтбек ауылының алмасы-ай» дейтін күннің ауылы алыс емес сияқты.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар