«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Туған жердің орны бір бөлек»

«Туған жердің орны бір бөлек»
ашық дереккөз
«Туған жердің орны бір бөлек»

көрнекті ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің мазмұнды әңгімелері «ақжолдықтарды» әдемі әсерге бөледі

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өлшеусіз үлесін қосқан көрнекті ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газетінің редакциясына арнайы ат басын бұрып, ұжыммен кездесті. 

Кездесуді «Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ашып, мәртебелі мейманды тоқсан жылдан аса тарихы бар басылымның жас журналистерімен таныстырып, жаңашыл тынысынан хабардар етіп өтті. Өз кезегінде Мырзатай Жолдасбеков сөз алып туған өлкеге сәтімен табан тірегеніне, облыс баспасөзінің қара шаңырағында келелі кездесу өткізгеніне шын жүректен қуанышты екенін айта келіп, өзімен бірге келген ардагер журналист Баттал Жаңабайұлын, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Шырынбек Қойлыбаевты, Астанадағы өзі басқаратын Қорқыт атындағы ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Нұрболат Бөгенбаевты таныстырды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің іргесін алғаш қалаған тұлғалардың бірі ретінде келелі ойларын ортаға салып, Тәуелсіздік – баға жетпес байлық екенін, сол басты құндылығымызды бағалай білуіміз қажеттігін тебірене айтып, редакция ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. Ол бүгінгі таңда ақпарат құралдары жаһанның әр қиырындағы келеңсіз жағдайларды жиірек жазғаннан гөрі, еліміздің өркендеуін, жақсылығын, дамуын көбірек насихаттауды ұсынды. Мырзатай Жолдасбекұлы мектепте белгілі композитор Илья Жақановпен, «Ақ жол» газетінде табан аудармай ұзақ жыл еңбек еткен марқұм Бақытяр Әбілдаұлымен бірге оқығанын әңгімелеп, солармен бірге өткен балалық шағынан сыр шертті. Жыр алыптары Жамбыл мен Кенен туралы әдемі естеліктерімен бөлісті. «Еліміздің қай өңірі де ыстық қой, әйтсе де, туған жердің орны бір бөлек екенін жүрек шіркін бір тулап сездіріп тұрады. Жамбылдық жерлестерімнің әр жетістігіне қуанып отырамын. Белгілі боксшы Серік Қонақбаев АIВА-ның вице-президенті деп марқайсақ, жуырда тағы бір талантты боксшымыз Олжас Сәттібаевтың Қытай еліндегі додада Олимпиада жолдамасын қанжылағанда мерейіміз тасыды. Олжас бәріміздің баламыз ғой. Оның әр кездесуін тағатсыздана күтіп, шын ниетпен жанкүйер болып отырамыз. Туған жер топырағының қасиеті де осында. Бұл «Ақ жол» – бұрынғы «Еңбек туы» газеті ғой. Бір кездері Баттал Жаңабайұлы ағамыз да басқарып, өз сүрлеуін сап кеткен болатын. Баттал аға 1967 жылы сол кезеңнің саясатына қарамастан менің Орхон-Енисей таңбаларына, яғни ежелгі түркі жазуларына арналған докторлық диссертациямды осы газетке тұтастай жариялаған еді. Сондай елеулі қуанышымды бөліскен қара шаңырақ маған әрқашан да ыстық» – деді ғалым өткен күндерге ой тастап. Сондай-ақ, ғибратты кездесу соңында редакция қызметкерлері, жас журналистер айтулы тұлғамен естелік суретке түсті. Бұдан соң редакция музейін аралап көрген мемлекет және қоғам қайраткері облыс баспасөзінің қара шаңырағы атанған басылымға әсерлі сұхбат беріп, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп, 8 томдық кітабын сыйға тартты. Бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлы редакцияға арнайы келіп, ұжыммен әсерлі әңгімесі үшін Мырзатай Жолдасбекұлына алғыс айтты.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар