
ТАРМПИ-де көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков атындағы академиялық ғылыми орталық ашылды
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик, филология ғылымдарының докторы, жерлесіміз Мырзатай Жолдасбековпен жерлестері мақтанады. Аядай ғана Ақтөбе ауылында туып, арманына Алатау мен Арқада қол жеткізген ғалым-қайраткердің еліміздің Тәуелсіздігінің қалыптасуына, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратынан Мырзатай Жолдасбеков атындағы ғылыми орталықтың ашылуы ұстаздар ұстаханасының қайраткерге деген құрметі екені анық. Орталықтың ашылу салтанатында лентаны облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Мырзатай Жолдасбеков қиды. Мұнан соң көпшілік жаңа орталықты аралап көрді. Қуанышты сәтте бас қосқан көпшілік алдында облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы сөз сөйледі. – Қадірлі көпшілік! Ардақты ұстаздар, студенттер! Біз бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің атындағы ғылыми орталықтың ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл – өте қуанышты, тарихи сәт. Ел Тәуелсіздігінің қалыптасуына, егемендігіміздің еңселі болуына Мырзекеңнің сіңірген еңбегі өте көп. Бұл кісімен жүздесіп, осы жерде бас қосып отырғанымыз – бір бақыт. Қадірлі Мырзатай Жолдасбекұлы, жерлестеріңіздің ортасында құрметке бөленген сіз бақыттысыз, сіздей қайраткері бар біз бақыттымыз. Алдағы уақытта да еңбегіңіз жана берсін. Қазақ әдебиеті мен ғылымына береріңіз әлі де көп болсын! Осындай орталықтың ашылуына ынталы болған институт ректоры Дария Қожамжароваға алғыс білдіремін. Орталықтың жұмысы жемісті болуына тілектеспін, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Бұдан кейін ардагер журналист Баттал Жаңабаев, ғалым Құлбек Ергөбек, зейнеткер Шегебай Қорабаев сөз сөйлеп, ғалымның құрметіне ашылған орталық жұмысына сәттілік тіледі. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова институттың ұстанған бағыттарына, 27 сала бойынша маман дайындап жатқандығына тоқталып, Мырзатай Жолдасбеков атындағы орталықта сырт мемлекетте білім алатын жамбылдық студенттермен байланысты, халықаралық қатынасты нығайту, қазақ әдебиеті мен тарихын студенттердің санасына сіңіру жұмыстары жүзеге асатынын айтып өтті. Салтанатты кеш үстінде әнші Бақыт Шағырбаев әннен шашу шашты. Шара соңында Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, есімін ардақтаған жерлестеріне, ТарМПИ ұжымына алғысын білдіріп, 8 томдық кітабын ректорға тарту етті. Сондай-ақ, орталыққа 25 жыл бойы ұстаған портфелін, қол сағатын, талай ғажайып дүниелер жазған қаламын сыйға тартты.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді