«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан – иран: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан – иран: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
ашық дереккөз
Қазақстан – иран: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысының Иран Ислам Республикасына ресми сапары басталды. Сапар аясында Президент Х.Руханимен, рухани көшбасшы А.Хаменеймен, сондай-ақ Иран холдингтері мен компанияларының өкілдерімен кездесу жоспарланған болатын. Кеше Елбасы Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті. Екі ел көшбасшылары Х.Руханидің Астанаға 2014 жылғы қыркүйектегі мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін де қозғады. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Х.Рухани өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қатысты өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті еліміз Иранмен әрдайым достық қарым-қатынаста болғанына назар аударды. Х.Рухани Нұрсұлтан Назарбаевтың Тегеранға бүгінгі сапары Қазақстан-Иран ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысының Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясындағы кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында ортақ мүдделілік бар бірқатар бағыттардағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жүйелі дамып келе жатқанын, сондай-ақ оның аясын кеңейту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан-Иран серіктестігінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету қажеттілігі айтылды. Сапар аясында мынадай құжаттарға қол қойылды. – Сотталғандарды беру туралы Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы келісім; – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметінің өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім; – Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының ғылым және техника ұйымының жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумы; – Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрлігі арасындағы индустрияландыру саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы; – «Жібек жолы» бағыты бойынша Иранмен ұзақмерзімді кеңейтілген ынтымақтастық бағдарламасы; – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Иран Ислам Республика­сының Орталық банкі арасын­дағы өзара түсіністік туралы меморандум; – «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Иран Ислам Республикасының теміржол компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; – «ҚТЖ Экспресс» АҚ мен IRISL» иран кеме компаниясы арасындағы келісім мен «Жол картасы»: – «Бәйтерек» ҰБХ» мен Иран ұлттық даму қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Қазақстан мен Иран президент­терінің кездесу қорытындысына арналған бірлескен брифинг барысында келіссөздерде сауда қатынастарын дамыту үшін бизнесмендерге виза беру үдерісін жеңілдету мәселелері талқыланғаны атап өтілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы айтылды. Тараптар көлік-логистика, сондай-ақ экологияны қорғау, Каспийде кеме қатынасы мен туризмді дамыту салаларындағы және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжаттарға қол қою барысындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттер басшылары экстремизммен және терроризммен күресу, Ирак, Ауғанстан, Сирия аумағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиді және бүкіл Иран халқын ядролық мәселені шешудегі қол жеткен табыстарымен, елдің алдынан зор мүмкіндіктер ашатын санкциялардың алынуымен құттықтады. Елбасы қалыптасқан жағдайға қарамастан біздің елдің Иранмен жоғары деңгейдегі қарым-қатынаста болғанын айтты. Мемлекет басшысы осы сапар аясында металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылғанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханидің тікелей атсалысуымен Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол құрылысының жобасы жүзеге асырылғанын айтты. – Алғашқы контейнерлік пойыз шығыс Қытайдан Иранға 12 күнде келді. Теңіз арқылы тасымал екі есе уақыт алар еді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты келіссөз арқылы жолға қоюдың маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы елдеріміздің арасын қазіргі уақытта үш бірдей көлік бағыты – теміржол, автомобиль жолы және Каспий теңізі жалғап жатқанын, мұның қарым-қатынасты бұдан ары дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Соңында Қазақстан Президенті кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, Х.Руханиді елімізге ресми сапармен келуге шақырды. Иран Президенті Қазақстан тәуелсіз­дік алған уақыттан бері достас ел болып келе жатқанына тоқталды. – Қазақстан әрдайым бізге жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді Бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қол ұшын созуда, – деді Х.Рухани. Иран Президенті екі ел ара­сында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды ратификация­лаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар тарифтер қалып­тастырудың маңыздылығын айтты.

* * *

Елбасы Иран Ислам Республика­сының рухани көшбасшысы Әли Хаменеймен кездесті. Кездесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран халықтарын ежелден қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және рухани қарым-қатынас байланыстыратынын айтты. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасып, терроризммен және экстремизммен күрестің маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Әли Хаменей Қазақстан-Иран қарым-қатынасының сауда және инвестиция, бірлескен жаңа жобалар жасау салаларындағы даму қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, осының бәрі екі елдің халқының достығын нығайту жолындағы берік негіз қызметін атқаратынын айтты.

Ұқсас жаңалықтар