«Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін

«Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін
ашық дереккөз
«Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін

Дәстүрлі тоғыз­құмалақ­шылар турнирі Таразда он тоғызыншы мәрте өткізілгелі отыр

Кезінде ұмыт бола бастаған ұлттық ойынды елімізде қайта жаңғыртуға алғаш үлес қосып, бастамашылдық танытқан өңір журналистикасының қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Тоқсаныншы жылдары тоғызқұмалақтан тұңғыш жарысты ұйымдастырғанда да басылым басшылары бастаманы қолдаушылар мұншама көп болады деп ойламаған-ды. Бірақ, бұл шара қоғамға қозғау салды. Осыдан кейін-ақ, әр өңірдегі санаулы ойыншылар ұлттың тарихымен тамырлас төл спортымыздың қыр-сырын жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді қолға ала бастады.

Міне, содан бері тоғызқұмалақшылар жыл сайын Жамбыл жерінде басқосуды әдетке айналдырған. Әрбір жарыстың бас жүлдесін басылым тағайындайды, ұйымдастыру жұмыстарына басшылық та жасайды. Облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының аға жаттықтырушысы Айжан Иманалиевадан биыл 19-рет өткізілгелі отырған дәстүрлі дода жайын сұраған едік. – Бұл жарыс алғаш облыстық, кейіннен республикалық деңгейде өтті. Рейтингілік мәртебеге қай жылдан бастап ие болды? – Басылым жүлдесі үшін өтетін жарыстың жиырма жылға жуық тарихы бар. Қазір республикалық деңгейге көтерілгенмен, ауқымы үлкен. Жыл сайын көрші қырғыз елінің тоғызқұмалақшылары да келіп қатысады. Әсіресе, рейтінгілік жарыс болып өткізіле бастаған төрт-бес жылдың ішінде бұл шараның мән-мазмұны арта түскендей. Спорттық дәреже берілетіндіктен, ойыншылардың оған қатысуға деген қызығушылығы да жоғары. – Жарыс қандай жүйемен өтеді? Жас ерекшеліктері ескерілетін болар? – Жарыс жүйесі – швейцариялық. Тоғызқұмалақтан спорт шеберлері және спорт шеберлігіне үміткерлер бір топта ойнайды, ұлдар және қыздар топтары да болады. Ал, 2000 жылы туылғандар немесе одан жасы кішілер арасындағы бәсеке бәсі бөлек. Барлығы жеті ойын өтеді. – Жалпы, биыл жарысқа қанша ойыншы қатысады деп күтілуде? – Кемінде он алты команда болуы тиіс. Бірақ, жыл сайынғы сайысқа ойыншылар күткенімізден анағұрлым көп келеді. Негізі ереже бойынша жарысқа бір командадан 8 спортшы, 1 жаттықтырушы, 1 төреші барлығы 10 адам қатысуы керек. Оның екеуі 2000 жылғы немесе одан кіші болуы шарт. Ал, басқа да ынталы тоғызқұмалақшылар болған жағдайда команда жаттықтырушысы әрқайсысына 1000 теңгеден жарна төлеп, додаға қоса алады. – Жалпы, жарыс ережесі ұрпақтар сабақтастығын сақтауға негізделген сияқты, қалай ойлайсыз? – Иә, тоғызқұмалақтан жарыс өткізудің негізгі мақсаты да сол. Ұлттық ойынымызды кеңірек насихаттап, жастарға үйрету. Жыл сайын жарысқа Сыр өңірінен және басқа да аймақтардан ардагер ойыншылар келеді. Солардың ойнау шеберлігін кейінгі толқын жастар көріп-үйренсе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар