«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бауырына бүйрегін берген Сәкен

Бауырына бүйрегін берген Сәкен
ашық дереккөз
Бауырына бүйрегін берген Сәкен

Болаттың қос бүйрегі істен шыққанда Сәкен ойланып жатпастан тәуекелге бел буып, бір бүйрегін бауырына берген. Бұл оқиға сол кезде-ақ аудан тұрғындарына тараған еді. Жұрт Сәкеннің бауырмалдылығына әлі күнге әрі сүйсініп, әрі таңырқап жүр. 

– Сол інің қайда? – дедім Сәкенге кездескенде. – Ауылда. Бір Алланың қолдауының арқасында аман-есен, ауылда монша салып жатыр, – деді ол күліп. – Амандық болсын, – дедім Сәкенді сөзге тартқым келіп. – Отаны Астана қаласындағы жедел жәрдем ауруханасында жасады. Менің бүйрегімді жоғары білікті оташы Владимир Иванов ота жасап алды. Оны Болатқа тәжірибелі оташы Ғани Мұратұлы салды. Содан бері үш жылға жуық уақыт өтті, – деп әңгімені арыдан бастады. Ақкөл орта мектебінде сурет пен сызудан дәріс беретін Сәкен Мамытбаев – негізі тамаша суретші. Оның қылқаламынан туған туындылар аудан, облысты былай қойғанда, республикаға тараған. Тіпті халықаралық деңгейге дейін мәлім десем, артық емес. Сәкеннің суреттері КСРО кезінде-ақ өз бағасын алған. 1985 жылы Бүкілодақтық әуесқой өнер шеберлері байқауының лауреаты атануы әрі халықаралық Көркемөнерпаздар одағына мүше болуы – осы сөзіміздің дәлелі. Алайда, талантты суретші өз шығармашылығын дамытудан гөрі шәкірт тәрбиелеуді артық көреді екен. Қазір оның шеберханасында талантты шәкірттері кескіндеме салумен, сәндік қолданбалы дүниелер жасаумен айналысады. Айналасы екі жылдың ішінде төрт шәкірті республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, 4 рет бас жүлде, 2 рет бірінші орынды иеленіп қайтыпты. – Өткен жылы «Атадан мұра» атты республикалық байқауда кескіндемелі суреттерін ұсынған Несібелі Ерғара бас жүлдені, сәндік қолданбалы туындысын жасап шыққан Жансерік Шайділдә деген шәкіртім 1-орынды жеңіп алды. 11 жасар суретші Дана Дарханқызы да үлкен жарыстан топ жарды, – дейді Сәкен. Сәкен Өкенұлының айтуынша, Дананың Алматы қаласының 1000 жылдығына арнап жасаған қолөнер туындысын қазылар жоғары бағалап, халықаралық байқауға ұсынылған. Несібелі Ерғараның салған суреттері балалар өнер мектебінде көрмеге қойылыпты. ЮНЕСКО-ның шешімімен 1000 жылдығы аталып өтетін Алматы қаласының мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық байқауда Несібелі мен Дананың 3 туындысы екінші кезеңге жолданып отыр екен. Сонымен қатар, Несібелі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай өткізіліп жатқан халықаралық байқауда да бақ сынап жатқан көрінеді. Сәтін салса, 17-18 сәуір күндері байқау қорытындысы белгілі болмақ. Ауылдастары Сәкенді көптеген қайырымды істерге бастамашы болып жүретінін айтады. Ауылдағы мешіт үйінің күмбезін де Сәкен Мамытбаев құрастырыпты. Алдағы уақытта орталық алаңдағы Еңбек Ерлері аллеясына орнатылатын ескерткіш-обелискінің де авторы сол көрінеді.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ақкөл ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар