«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар бейбітшілікті қолдайды

Жастар бейбітшілікті қолдайды
ашық дереккөз
Жастар бейбітшілікті қолдайды

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанда, бұл шешім әлем елдерінде үлкен қолдауға ие болған еді. Полигонның жабылуын Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мун «Болашаққа деген үміт» деп атаған болатын. 

Ең алғаш ядролық сынақтың зардабын айтып, қоғамға қозғау салған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы болды. Тарихи оқиғаның 25 жылдығына орай ТарМУ-дың М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында аталған ұйымның облыстағы бөлімшесі мен Тараз мемлекеттік университеті «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» атты облыстық форум өткізді. – Жастардың бастамасымен әртүрлі форматта өткізіліп жатқан ядролық қарусыз елді қорғау жөніндегі іс-шаралар өте маңызды. Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту, тіпті, әлемде оның толық жойылуы, атомды тек бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі шешімдер халықаралық деңгейде зор қолдауға ие болып, нәтижесінде Қазақстан бейбітшілік пен ынтымақтастық, сенім мен өзара түсінушіліктің жаңа заманауи үлгісін әлемге паш етті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ядролық қарудан бас тарту – ХХІ ғасырдың басты мақсаты» деген бастамасы, Қазақстан әзірлеген ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабылдануы – осының айғағы. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы басталған кезде оның мүшелерінің алдында Семей ядролық полигонын жабу мен әлемдегі бес палигондағы сынақтарды тоқтату секілді үлкен мақсаттар тұрды. Тарих таразысына салсақ, осы қысқа уақыт ішінде атқарылған ізгі шаралар еліміздің атын әлемге танытумен қатар, жер бетіндегі атом қаруына қарсы қозғалыстардың кең қанат жаюына, ядролық сынақтарды тоқтатуға ықпал етті,– дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы. Форум барысында әлем жастарына үндеу, бітімгерлер анты қабылданып, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылым ретінде облыстық жастар Альянсының құрамы таңдалды. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагері, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Павлодар бөлімшесінің атқарушы директоры Зинаида Багненко форум эстафетасы – «Әлем кубогын» өңір жастарына табыс етті. – Жастардың қауіп-қатерге қарсылығы барлық бітімгерлік ұйымдардың соғыс пен жанжал отын тұтатуға қарсы тұратын күшін біріктіретін осындай ауқымды процестің ажырамас бөлігіне айналмақ. Форум мақсаты – ХХІ ғасырды ядросыз жасампаздық ғасыр ету және мұрагерлерімізге бейбітшілік эстафетасын бере отырып, әлемді ядролық қатерден сақтау, – дейді «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Жамбыл бөлімшесінің атқарушы директоры Раиса Рысқұлбекова.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар