«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әліпбектің фитнес-клубы

Әліпбектің  фитнес-клубы
ашық дереккөз
Әліпбектің фитнес-клубы

Бір мезгіл бой сергітіп, аяқ-қолыңның құрыс-тұрысын жазып, коктейль, фитнес шәй ішіп қайтқанға не жетсін? Қаратаулықтар сондай емдеу-сауықтыру орнын армандағалы қашан... Сол арман биыл орындалды. Қаланың қақ ортасындағы «Шаңырақ» мейрамханасының иесі жеке кәсіпкер Әліпбек Насыров жақында «Фитнес-клуб» орталығын ашты.

Іші мен қасбетіне еурожөндеу жасалған клубтың үлкен үш залында жаттығуға арналған спорттық құрылғылардың алуан түрі бар. Айталық, мұнда күш-қуатыңды одан әрі шыңдайтын залда жаттықсаңыз, бұлшық еттеріңіз бұлтиып, сіңірлеріңіз тартылмайтын болады. Әрі сымбатыңызды одан әрі сұлулай аласыз. Артық салмақтан арылуға да болады. Бір залда сіз бір орында жүгіріп, жүрегіңіздің қан-тамырларының қалыптылығын сынауыңызға болады. Көшеде жүріп шаң қаппайсыз. Ұзын зал ханымдарға арналған. Бимен, гимнастикамен ғана емес уқалау кереуетіне жатып түрлі ауруларға ем-дом аласыз. Сосын... Жеңіл душқа, моншаға түсіп, фитнес шәйін ішіп, қан қысымыңызды қалпына келтіруіңізге мүмкіндіктер бар. Не керек, сіздің қолайыңызға қарай өз ісінің қыр-сырын жетік білетін 5 қызметші көмекке дайын. – Осыдан екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне фитнес-клуб ашу жөніндегі ойымды айтып едім, олар құп алып, жобаның құны 20 миллион тұратын бизнес-жоспарын жасауыма және несие алуыма көмектесті. Әліпбек әдемі де ыңғайлы фитнес-клуб орталығын пайдалануға берудің өз қиыншылықтарын да жасырған жоқ. Бірақ кәсіпкерліктің «Тәуекел – түбі жел қайық» деген қағидасын басшылыққа алған ол ақыры мақсатына жетті. Орталық қызметі ақылы. Егер сіз таңғы сағат тоғыздан кешкі онға дейін клубта жаттығамын десеңіз, айына бар болғаны 8 мың теңге төлейсіз. Ал зейнеткерлер үшін 25 пайыздық, мүгедектерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Біз фитнес-клубқа бас сұққан күні оның қызметін пайдаланушылармен де кездестік. – Өзім де бір мезгіл бас сұғамын, демалып қайтамын, – дейді аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, жаттығу жасап, сергіп қайтқыңыз келсе, онда фитнес-клубтың есігі сізге әрдайым ашық.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол»

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар