Тал бесікте тербелмей жатып, тауқымет тартқан балалардың тағдыры алаңдатады. Ал оларға бір сәтке қуаныш сыйлап, аз уақытқа болса да жүрегіне жылу, жүзіне күлкі үйіру – сіз бен бізге ортақ іс. Тараздық Әділет Жарықбасов пен жұбайы Диляра өздерінің үйлену тойында жас жұбайлар серуеніне шыққаннан гөрі тағдырдың сынын көріп, жүрегі мұңнан арылмаған мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына жылу сыйлауды құп көріп, қаладағы ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйіне барып, игі бастама көтергенін естігенімізде ойланып қалдық. Жаста болса пайдасыз думаннан бас тартып, жақсылық жасауға ұмтылғаны қуантты бізді. Олар балаларға арналған дастарқан жайып, сыйлықтар үлестірді.
Іргесі 1964 жылы қаланған интернат үйінде тәрбиеленіп жатқан 102 баланың 29-ы – ата-ана қамқорлығынан тыс қалғандар. Онда физио, емдік дене шынықтыру, тіс емдеу, психолог, дефектолог, логопед секілді балаларға арналған арнайы қызмет көрсету бөлмелері бар екен. – Менің анам осы мекемеде мәдени ұйымдастырушы болып қызмет етеді. Мұндағы балалардың тағдырына бала күнімнен қанықпын. Сол үшін оларға үйлену тойымда сыйлық жасауды құп көрдім. Бұл ойымды анам мен жарыма айтқанымда олар бірден қолдау білдірді. Акцияны «Балаларға қуаныш сыйла» деп атадық. Олардың жүздерінен бір сәтке болсын қуаныш нұрын көргім келді, – дейді Әділет Жарықбасов. Үйлену тойы екі жастың өміріндегі ең маңызды сәт болған соң, олардың серуен құрғандары дұрыс-ақ. Бірақ, үрдіс солай екен деп шектен шықпау керек. Дұрысы, той алдындағы серуенді ақшаны желге шашу деп есептейтін Жарықбасовтардың отбасы секілді оған кететін қаражатты қайырлы іске жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді