Ерік КӨШЕРБАЕВ, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.
Еліміз егемендік алған күннен бастап Елбасымыз өңірлерді өркендету, қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыруға үлкен мән беріп, жүйелі жұмыстың барысын қатаң бақылауда ұстап келеді. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Тараз қаласы мен аудандардағы осындай маңызы зор жұмыстардың үйлестірушісі және ұйымдастырушы міндеті жүктелген. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес елді мекендер аумағын абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту аудандық мәндегі қала және ауыл әкімдерінің тікелей функционалдық міндеттері болып табылады. Сондықтан, қала, аудан және ауыл әкімдері облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 27 маусымдағы №14-14 шешімімен бекітілген қағиданы басшылыққа ала отырып, елді мекендер аумақтарын жинастыруды және күзгі-қысқы, көктемгі-жазғы кезеңде тазалауды ұйымдастыру, ғимараттың қасбеттері мен құрылыстарын күтіп ұстау, тұрғынжай аумақтарын абаттандыру, жарықтандыру, ортақ пайдаланудағы, демалу мақсатындағы аумақты көріктендіру, шағын сәулет нысандарын көркем безендіру, жолдарды қысқы-жазғы тазалау және күтіп ұстау талаптарын сақтаулары қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жыл-он екі ай бойы тұрақты түрде жүргізуге тура келеді. Сондықтан, мекемелер мен ұжымдар атқаратын жұмыс ауқымын нақты белгілеп, тиісті аумақтарды бекітіп беру керек. Ал тұрғындарды өз үйінің аумағын таза ұстау мәдениетіне үйретуге ұмтылған жөн. Өкінішке қарай, талдаулар көрсеткендей, елді мекендер аумақтары мен белгіленбеген жерлерде әлі де болса қоқыс пен қалдықтардың шашылып жатуы деректері орын алуда. Ең басты кемшіліктің бірі – тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, тазалықты сақтау жұмыстары әлі де өз деңгейінде жүрмеуі деп білеміз. Осыған байланысты көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, тұрғындарға Заң талаптарына сәйкес ескертулер жасап, тиісінше шаралар қолдану қажет екендігін есте сақтаған жөн. Бұл – жергілікті әкімдердің міндеті. Халқымыз «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Алайда, қоғам өзгеріп, талап күшейіп, жауапкершілік жүгінің салмағы артып отырған мынадай шақта абаттандыру, көгалдандыру мен санитарлық тазалық мәселесі кейде науқандық сипат алып кететіндігі жасырын емес. Әлі де уақыт бар. Алдағы уақытта елді мекендер мен көшелердің санитарлық тазалығын сақтауға, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына сергек қарауға тиіспіз. Осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық елді мекендерінде көктемгі санитарлық тазалық айлығын жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаулы қабылданып, іс-шаралар әзірленіп, атқаратын жұмыстардың жоспары жасалды. Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін нысандарға және көшелерге жауапты кәсіпорындар мен мекемелер бекітілді. Тазалық айлығын өткізу туралы қабылданған қаулылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындардың назарына жеткізілді. Аудандардың бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 119363 түп тал-терек отырғызу, 15525 шаршы метр гүлзар, 14184 шаршы метр көгал алаңдарын орналастыру, 1088 шақырымдық арық пен каналды, 2405 шақырым көшені, 753068 шаршы метр саябақ пен сквер аумағын тазалау және көріктендіру, 5508 тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жоспарланып отыр. Биылғы жылы осы жұмыстарға 1 миллиард 272 миллион теңге (оның ішінде абаттандыруға 788 миллион теңге, санитарлық тазалыққа 484 миллион теңге) қаржы қаралды. Облыс елді мекендерінің мәдени келбетін жақсарту мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, бұл іске қоғамдық жұмысшылар да атсалысуда. Биылғы жылдың жоспары бойынша 3542 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылмақ, оған бюджеттен 915,6 миллион теңге бөлініп отыр. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап өткізілген сенбіліктерде 22 010 дана тал-терек көшеті отырғызылды, 473 шаршы метр гүлзар мен 311 шаршы метр көгал алаңы орналастырылды, 291 километр арық және канал арналары, 445 километр болатын көшелер бойы тазартылды, аумағы 192 660 шаршы метр саябақтар мен скверлер алаңы көріктендіріліп, 1 096 тонна кездейсоқ күл-қоқыс орындары жойылды. Бүгінгі таңда басқармаларға, мекеме, ұйымдарға, коммерциялық мекемелерге бекітіліп берілген көшелер мен жер телімдеріндегі тазалық жүргізу жұмыстары деңгейінің едәуір жақсарғаны байқалады. Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық-тазалық айлығы басталғалы бері облыс бойынша екі мәрте сенбілік өткізілді. Сенбілік барысында басқарма тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижесінде жалпыхалықтық іске тек бюджеттік мекемелердің ғана белсенді атсалысып жатқаны анықталды. Ал ірі кәсіпорындар мен кейбір банктер қызметкерлері және кәсіпкерлік құрылымдары сенбілік өткізуге немқұрайдылық танытуда. Осыған байланысты, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, алдағы уақытта өткізілетін сенбіліктерге барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындар еңбек ұжымдарын бір кісідей атсалысуға шақырамыз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді