Жат ағымның Жетегінде кетпейік
Өз заманының ұлы ойшылы Ф.Гастенкердің «Дүниедегі тепе-теңдікті ұстап тұрған – ислам діні. Дін шайқалса, әлем шайқалады» дегені бар. Біз бүгін соның куәсі болып отырмыз. Мәселен, бүгінгі таңда мұсылман әлеміндегі Иран, Ирак, Сирия, Палестина сияқты мемлекеттердегі бейбіт тұрғындардың үрейін туғызып, тыныштығын қашырып отырған дүрбелең жағдай шынайы діннің әрекеті емес, ол сол жерлердің байлығына көз сүзген, дінді жамылып алған сырттан келген саяси күштердің ықпалы екендігі жасырын емес.
Бұрнағы жылы еліміздің батыс өңірлерінде орын алған лаңкестік әрекеттерді де ел ішіне іріткі салу арқылы тұрақтылықты шайқалтқысы келген дінді жамылғы етуші бұзақы пиғылдылардың әрекеті деп білген жөн. Мұның ең қауіптісі – дін жолында жүрміз деген жастарымыздың жасаған амалдарының соңы неге әкеп соғарына жете мән берместен әлдекімдердің қарапайым қулығына түсіп қалғандығында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзінің бір сұхбатында: «Діннің діттегені – бүлік емес, бірлік», – деп, «діни экстремизм» деп ат қойып, айдар тағып жүрген лаңкестік әрекеттердің қай-қайсысы болмасын діннен емес екендігін көпшілікке қарата айта отырып, одан әрі қарай «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деген.
«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп хәкім Абай айтпақшы, шын мәнінде, бес Франция сыйып кететін осынау ұлан-ғайыр жерді мекен еткен ат төбеліндей аз ғана қазаққа ғасырлар бойына ата-бабасы «Алла бір, пайғамбар хақ» деп ұстанып келген дәстүрлі дінінен қол үзіп, жат ағымдардың шылауында кетіп, алтыбақан алауыз болудың қажеті бар ма?
«Бірлік – береке бастауы» деп ұққан бабаларымыздың жолымен жүрсек, ауызбіршілігімізді жоғалтпайық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, еліміздің баянды болашағы жолында жұдырық болып жұмыла білуіміз керек. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Германияның Алматыдағы бас консулы Михаэль Грауды қабылдағанда, оның «Діни басқарма діни ағымдармен қалай күреспек?» деген сауалына: «Діни басқарманың дін саласындағы рөлі – бөлшектеу емес, біріктіру. Мұсылмандарды мүфтият төңірегіне топтастыру. Ауызбіршілікті арттыру. «Ірімейік, бірігейік» деген ұран тастап, ынтымаққа үндейміз…» – деп айтқан салиқалы жауабы әрбір қазақ баласына ой салса керек-ті.
Ринат Әбішев, облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді