Малшылар «маршалы»
Қыр төсінде қой өргізген, шопан таяғына адал болған, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына бұл күнде 120 жыл толып отыр.
Жазылбек ата 1896 жылы төменгі Шу бойындағы қазіргі Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуанышбай мен анасы Айткүлден жастай жетім қалған қаршадай бала Жамбыл, Хантауы жерінде тер төкті. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдасқан «Кеңес» ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кіреді.
1936 жылға дейін осы колхозда шопан болып еңбек етеді. Жазатаның әсіресе Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы еңбегі баршаға үлгі болды. Ол мал басын аман сақтау, ет пен жүнді мол өндіру жорығының үнемі алғы шебінде жүрді. Майданға азық-түлік, киім-кешек жіберу ісінде де белсенділік көрсетті.
Төл алудағы үздік жетістіктері үшін шопанға 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сосын жаңа биіктерге құлаш сермеді. Табыс еселене, ұласа түсті. 1957 жылы отардағы әр жүз саулықтан 144-тен қозы алынып, әр қойдан екі келіден жүн қырқылды, қаракөл елтірісінің сапасы артты. Мұндай көрсеткіш ол кезде биік белес еді. Ол кісі келер жылы да жаңа биікке шықты. Мал басын толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 145-тен қозы алды, әр қойдан 3,3 келі жүн қырықты, қаракөл елтірісінің бірінші сорттылығын 86,5 пайызға жеткізді. Мұндай үздік жетістіктері үшін Жазатамыздың омырауына 1958 жылы Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызы тағылды. Екі рет Еңбек Ері атағын алуына байланысты СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Бірлік селосында Жазылбек Қуанышбаевтың бюсті биік тұғырға орнатылды.
Мал шаруашылығында ерен еңбегі жоғары бағаланған, жаңашыл шопан атамыздың даңқы туған өлкеміз – Қазақстан ғана емес, бұрынғы бүкіл Одақ көлеміне мәлім болды. Бұл жоғары атақ Жазатамызды жаңа жетістіктерге жетеледі. Сол жылдары әр жүз саулықтан 140-тан 155-ке дейін төл өргізді, әр қойдан 4 келіден жүн қырықты. Сөйтіп ол өзі қой баққан отыз жыл ішінде бір ғана өз отарында 17,5 мың төл алды, мемлекетке 9046 елтірі мен 546 центнер жүн өткізді.
Отар бойынша 5317 центнер қосымша ет өндірді. Отардан 8548 қозы өргізді, мал басын 98,3 пайыз аман сақтады. Осы жылдары мемлекетке 704 мың сом табыс келтірді. Бұл бір ғана еңбеккердің қажырлы еңбегімен келген ұшан-теңіз байлық еді.
1963 жылы Жазатаны аудан жұршылығы құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Әйтсе де, еңбекпен етене жақын болып кеткен ол үйінде қарап отыра алмады, ата кәсіп мал шаруашылығында қала беруге ниет білдірді.
1968 жылы қайтадан демалысқа шықты. Жазатамыз еңбек майталманы ғана емес, тәлімгер бола отырып, өзінің мол тәжірибесін жастарға жалықпай үйретті. Жазатамыздың жолын қуып, ісін жалғастырған шәкірттері жүздеп саналады. Социалистік Еңбек Ерлері Ділдаш Итбасова, Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев, сол сияқты Мешітбай Қойшыбеков, Тыныштыбай Ахметжанов, Күләш Елубаева, Роман Байжиенов, Манаткүл Мұсатаева, Дүйсенбай Айранбаев, Бихан Оспанов, Әлтай Төлепбергенов, Күлзада Тілеубаева, Нұржамал Туғанбаева, Дәулет Шыныбаев, Айтжан Көпбергенов сынды шопандар, Иген Аяпов, Майкөт Қарсақов, Сарыбай Әжтүрлиев, Махмуд Махаури, Жолдыбай Шуылдақов сияқты ондаған бақташы, түйе өсірушілер Жазатамызды үлгі етіп, еңбек етті.
Жазата малшылық еңбегімен бірге қоғамдық істерге де белсене араласты. Ол кісі кезінде екі дүркін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. КПСС-тің ХХІІ съезіне және Қазақстан Компартиясының ХІ съезіне делегат болып қатысты. Колхозшылардың Бүкілодақтық ІІІ съезіне де барды. Жазатаны Шымкент қаласында дендросаябақты ашу салтанатына сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров арнайы шақырып, облыстың еңбеккерлерімен кездестіру өткізгені есімізде. Сол сапарында ол замандасы, күріш өсіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткізген екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа барып сәлем беріп қайтты, Қызылорда облысының еңбек адамдарымен кездесті.
Жазата мен Ыбырай Жақаевтың 1972 жылы Алматыда кездесуі жөніндегі Асқар Тоқмағанбетовтің:
«Міне осылай бас қосты екі батыр,
Боп қалды кездескендей екі ғасыр.
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр», – деген өлең шумағы еске түседі. Жазатаның Одаққа белгілі Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновпен кездескені де жұртшылыққа мәлім.
Жазатамыздың есімі Үлкен Совет энциклопедиясына, Қазақ Совет энциклопедиясына енді. Ол кісі туралы деректі мәліметтер сол кездегі «Правда» газетінен бастап, барлық газет-журналдарда басылып тұрды. Жазата туралы көптеген материалдар музейлерде жинақталған. Ауданда Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейі жұмыс істейді. Аудан орталығында Жазатаның шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі биік тұғырда тұр.
Жазата атында шаруа қожалығы, аудан елді мекендерінде Жазылбек атындағы көшелер бар. Алматыда бір көше Жазылбек есімімен аталады. Артында қалған ұрпағы өсіп-өніп жатыр.
Иә, шопандар атасы Жазата сияқты еңбектің ерен ерінің халық санасында сақталып жасай беретіні сөзсіз, Жазата өзінің бейнеткештігімен шопан кәсібінің абыройы мен даңқын асырды, мал шаруашылығы тарихында із қалдырды.
Ләйлә Қожагелдиева,
Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдің директоры.
Мойынқұм ауылы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді