Қоғамда интернет қолданушылардың белсенді шоғыры қалыптасты. Оларды блогерлер деп атайды. Блогерлер – олар кімдер? Блогер – тәуелсіз ғаламтор журналисі, өзінің өмірін, көзқарасын, ойын ғаламтордағы миллиондаған оқырман назарына ұсынатын «жанкешті». «Өзі қожа, өзі би», ешкімге бағынышты емес, ақпарат кеңістігінде еркін ой ақтаратын белсенді сыншы, болған немесе болатын жайттарға өзінің жеке пікірін білдіре алатын көзқарасы бөлектеу тұлға.
Қазіргі ақпарат ғасырында әлеуметтік желілер мен интернетті тиімді пайдалануда блогшылардың қоғамдық пікірді қалыптастыруда қосар үлестері мол. Елімізде бүгінгі күні 300-ге жуық қазақ тілінде блог бар. Ал бір блогердің кем дегенде мыңнан басталып, миллионға дейінгі оқырманы бар. Сондықтан, кез-келген мемлекет үшін блогерлер «әлеуетін» тиімді пайдаланудың маңызы зор. Соңғы жылдары еліміздің интернет кеңістігінің даму барысын таразыға тартатын жиындар республикамыздың әр аймағында жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі – жыл сайын әр аймақта дәстүрлі түрде өткізілетін «Блогқұрылтай». Биыл қазақ блогерлерінің өзара тәжірибе алмасуы мен жаңа медианың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді көздеген шара Тараз қаласында өтті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен бірге, яғни 22-24 наурыз күндері облыс әкімдігінің қолдауымен Тараз шаһарында өткен жиынның мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Осыдан 6 жыл бұрын Алматыда бастау алған шараның бұл жолғы ерекшелігі неде?
Қауышулар мен танысулар күні
«BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» іс-шарасы жаңа медиа мамандарының, сайт жасаушылардың өзара тәжірибе алмасу алаңы болды. Блогқұрылтай осымен алтыншы рет өткізілуде. Біздің ғана емес, блогерлердің де пікірі осы. Жалпы, осыған дейін аталмыш шара Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған қалаларында ұйымдастырылған еді. Енді, міне блог кеңесінің «жалауы» Тараз қаласында желбіреп отыр. Шараға Қазақстанның өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан және жақын шетелдерден 150 блогер келіп, жалпы 300-ден астам белсенді интернет қолданушылары қатысты. Басты мақсат – қазақ блогшыларының өзара танысуы мен тәжірибе алмасуы арқылы сапалық деңгейін көтеру. Азаматтық қоғамды қалыптастырудағы әлеуеттерін арттыруға себепші болу. Қазақ тіліндегі блогтарға қатысты заңнамалық мәселелерді талдау. Блогқұрылтайдың алғашқы күнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев келген қонақтарды қабылдап, блогерлерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. – «BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» шарасының киелі Тараз қаласында өтуі тегін емес. Бүгінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Көне Тараз шаһарының салтанаты асып, түрленіп, көркейе түсті, – дей келе, өңір басшысы өңірдің саяси, экономикалық, рухани дамуы деңгейін қозғап, жастар арасында жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстарды сөз етті. Өз кезегінде блогерлер өз ойлары мен ұсыныстарын айтып, осындай үлкен шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс әкіміне алғыс айтты. Әсіресе, Алматы қаласынан келген Федор Яков пен Елордамыздан келген өңіріміздің тумасы Қанат Әуесбай сынды белді блогшылардың ұсынысы көпшілік көкейінен шықты. Облыс әкімінің қонақтарды қабылдауынан соң «Тараз-Арена» спорт кешенінде спорттық жарыстың бірнеше түрінен жолдастық кездесулер өткізілді. Атап айтар болсақ, кіші футбол, волейбол, арқан тарту, кір тасын көтеру, үстел теннисі, шахмат, жүзу сынды спорт түрлерінен блогшылар сайысқа түсіп, ғаламторда ғана емес, жалпы өмірде де саламатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдеді. Жарыс барысында Ұлттық интернет ассоциациясының вице-президенті, «BlogCamp: Блог Құрылтай – 2016» іс-шарасының үйлестірушісі Данияр Аланнан блогқұрылтайдың қайдан бастау алғанын және шараның алдағы жоспарларын сұрадық. – Блогшылардың алғашқы құрылтайы 2011 жылы белгілі саясаттанушы Ерлан Қаринның бастамасымен қолға алынды. Ол кісі «Twitter» әлеуметтік желісінде отырып, блогшылардың басқосуын ұйымдастыру туралы ой тастады. Көп ұзамай, Ерлан мырзаның идеясын елімізге танымал блогер Асхат Еркімбай іліп алып, өз студенттері және әлеуметтік желілердегі достарымен бірігіп, блогқұрылтай өткізуге дайындық жұмыстарын бастап кеткен еді. Осылайша блогшылар 2011 жылы Алматыдағы КИМЭП университетінде бас қосты. Алғашқы жиынға еліміздің барлық өңірлерімен бірге, Қытай, Жапония, Германия, Моңғолия елдерінен 150-ге жуық блогшы қатысқан болатын. Блогшылардың басқосуына Ерлан Қарин, Бекболат Тілеуханов, Мұрат Әбенов сынды елімізге танымал тұлғалар арнайы шақыртылды. Келесі жылы бұл құрылтай Астана қаласында ұйымдастырылды. Ал 2013 жылы көшпелі құрылтай Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласына табан тіреді. Сол шараның басы-қасында ұйымдастырушы ретінде өзім жүрдім. Құрылтайдың ресми бөлігі М.Әуезов атындағы мемлекеттік университет базасында өтсе, негізгі бөлігі «Бәйшешек» сауықтыру лагерінде жалғасын тапты. Басқосуға қатысуға бас-аяғы 380 адамнан өтініш түсіп, оның 220-сы қатысты. Құрылтай жұмысына Берік Уәли, Мұрат Әбенов белсене атсалысты. Қытай, Түркия мемлекеттеріндегі қандастарымыз да құрылтай жұмысының бел ортасында жүрді. Айта кету керек, дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы құрылтайдан бастап ұйымдастыру жұмыстарын облыс, қала әкімдіктері қолға алды. Шымкенттен кейінгі блогшылардың басқосуы Қарағанды, Талдықорған қалаларында болды. Биыл Тараз қаласына жиналдық. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев үлкен қолдау көрсетті, – дейді жобаның үйлестірушісі Данияр Алан.
Алқалы кездесулер мен дәйекті дәрістер
Блогерлер кеңесінің екінші күні таңертең «Назарбаев зияткерлік мектебінде» жалғасын тапты. Келушілер назарына «Біздің өлке» атты көрме ұсынылды. Мектеп ауласында арнайы киіз үй тігіліп, дастарқан жайылды. Блогшылар «Домбыра-пати» ұйымдастырды. Онда шараға қатысушы, термеші Күнсұлу Түрікпен дәстүрлі әндерді шырқап көңіл сергітті. Жамбыл облысы туралы танымдық видеофильм көрсетіліп, қонақтар өңірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуы жайлы мәліметтерге қанықты. «Блогқұрылтай-2016: ТАРАЗ» шарасының ресми ашылуында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйледі. – «Астана – саяси астана, Алматы – қаржылық астана, Түркістан – рухани астана, Атырау – мұнай астанасы болса, Тараз – қазақтың тарихи астанасы» деуге болады. Қала тұрғындары мен қонақтары баратын «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің шолу мұнарасына қарама-қарсы салынып жатқан ерекше ғимарат көпшіліктің назарын бірден өзіне аударады. Бұл – Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйінің» ғимараты. Ежелгі сәулет дәстүрі негізінде бой көтерген сәулеті өзгеше нысан биыл жазда пайдалануға беріледі, – деді өңір басшысы. Шарада «Асыл арна» телеарнасының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек ғаламтордың пайдасы мен зияны жайында айтып, блогшыларға тәрбиелік мәні зор жазбалардың қазіргі қоғамда айрықша орын алатынын жеткізді. Сондай-ақ, журналист, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Қанат Әуесбай өз пікірін ортаға салды. – Социология ғылымында «Вертер синдромы» (Sindromul werther) деген бар. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарында кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл қаныпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, өзіне-өзі қол салу әрекеті. Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидті жұртшылықтың есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой» деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды. Мұны айтып отырған себебім, соңғы кездері ақпарат құралдарында тастанды балалар туралы ақпарат ел ішін кеулеп кетті. Мұндай оқиғаның жиілеуіне ақпарат құралдарының шектен тыс әсіре сенсацияшыл өрекпіген ниеттерінің де кінәсі бар деп айтар ем. Өйткені, журналистер көп айта берген сайын құлақ та, көз де, ауыз да үйренеді, бойымыз да үйреніп кеткенін байқамай қаламыз. Сондықтан лажы болса, мұндай қайғылы тақырыптарды жиі қозғап, соған екпін қойып, маздата беру орнына барынша шектеп, тіпті, тыйым салса да артық емес деп санаймын. Үндеуіме ақпарат құралдарының құлақ асқанын қалаймын. 80-жылдары Аустрияда метрода өзін-өзі өлтірген әрекеттер көбейіп кеткен. Сонда бұл келеңсіздік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналады. Жергілікті билік ақпарат құралдарына бұл тақырыпқа шектеу қоюға үндеу тастағаны сол екен, көбісі құп алады. Нәтижесінде көп ұзамай-ақ Аустриядағы метрода суицид статистикасы едәуір азайған, – деді Әуесбайдың Қанаты. Сонымен қатар, «Жігер. Абырой. Сана» қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен мен Қытайдағы қандас бауырларымызға арналған «Сен – Қазақ» сайтының редакторы Ақытбек Шеризатұлы да өз ойларын ортаға салып, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан соң 3 бағытта секциялық жұмыстар мен шеберлік сыныптары өткізілді. Маралбек Сағынғанов «Журналистің негізгі міндеті – ақпаратты дұрыс жеткізу», Мұхаммеджан Тазабек «Жағымды және жағымсыз ақпараттарды қабылдау», Нұрлан Жанай «Салалық блогерлер», Жалғас Ертай «Дырду News», Ақытбек Шеризат «Қытайдағы интернеттің даму жүйесі», Ұлықбек Алиакбарұлы «Ютуб арқылы қалай қаржы табуға болады», Әйгерім Әлімжан «Медиасауаттылық», Өркен Кенжебек «Инстаграм для чайников» тақырыптарында және өзге де блогшылардың сан түрлі тақырыптарымен, өз тәжірибелерімен бөлісті. Онда түрлі пікірлер мен әртүрлі көзқарастар да ортаға салынды. Биылғы блогқұрылтайдың басты ерекшелігі – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің блогшылармен кездесуі болды. Онда министр интернеттің белсенді қолданушыларымен «TED» форматында әңгіме өрбітті. Алдымен Ерлан Кенжеғалиұлы тілді дамыту методикалары жөнінде өз ойын ортаға салды. Мәселен, үш тұғырлы тілден бөлек, көп тұғырлы тіл жайында әңгіме өрбіткен министр Бельгияда 4 тілде еркін сөйлейтінін мысал етті. Жас блогерлерге Ерлан Сағадиев: «Қазақша сөйлегендерге күліп қарауды тоқтату керек», «Креативті жастар, бізге келіңіздер, бірге жұмыс жасайық!» – деп ұсыныс айтты. Одан соң шараға қатысушылар министрге сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Аятжан Ахметжан есімді блогер өзінің мұғалім болып қызмет ететінін айта келе, ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарыңызшы деген ұсынысын жеткізді. Бұл кездесуде де маңызды мәселелер талқыланды. Кездесуден соң ең үздік презентациялар мен стартаптар таныстырылды. Соңынан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова өңірдегі кәсіпкерлерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде сөз сөйлеп, блогқұрылтайды қорытындылады. Блогқұрылтайдың соңғы күнінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында блогшылар 25 түп ағаш отырғызып, «Біздің өлке» атты экскурсия өткізілді. Қонақтар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Төрткүл» керуен-сарайы, Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелерін аралады. Өркен КЕНЖЕБЕК, «Хабар» Агенттігінің Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі. – Негізінен, «BlogCamp» Америкада, Еуропа елдерінде көптеп ұйымдастырылып тұрады. Оларда «Camp» өткізуге қызығатын адамдар белгілі бір қаланы таңдап, осы тектес жиындарды өткізеді. Ал біз бұл форматқа өзгеріс енгіздік. Яғни, біздегі құрылтайлар көшпелі. Неге десеңіз, біз жұмысты бір қалада ғана жүргізе берсек, географиялық ауқымымыз тарылып қалар еді. Құрылтайды өткізуде көшпелі форматты қолға алу арқылы біз өңірлерде блогқа қызығушылардың ортасын қалыптастыра алдық. Бұған дейін құрылтай өткізілген 5 қаланың барлығында блогшылардың ортасы қалыптасып үлгерді. Осы дәстүрмен Тараз қаласында да блогшыларға арналған орта қалыптастыра алатын шығармыз деп ойлаймын. Тараздағы «Блогқұрылтай» – бұл қазақша жазатын барша интернет белсенділерінің, блогерлерінің, трендсеттерлерінің басын бір қосып, қордаланған мәселесін қарап, ұсыныстарын айтып, бастамасын көтеріп қалуға таптырмайтын алаң. Әрі республикалық шараның Тараз төрінде өтуі міндетті түрде мультипликативті әсерін беріп, жергілікті жастардың блог пен әлеуметтік желілерде белсенділігін арттырады. Әсіресе, жастар мұнда әлеуметтік желілердегі селфбрендинг негіздерін білу, Клоут рейтингіне ілігу, сайттың қаралымын арттыру, мобильді фотография негіздерін үйрену, SEO мен SMM мүмкіндіктерін зерттеу секілді тақырыптарда толық мағлұмат алып, білімін толықтырады, кәсіби блогшылармен таныстығы артып, нетуокингтік қасиеттері күшейеді. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал блогшылар Тараз қаласы туралы пост жазып, фотобайқауға қатысуы арқылы Қазнетті біздің өңір жайлы танымдық, талғамды материалдарға байытып кетеді. Тоқетері – Жамбыл өңірінің жақсы істерін жарнамалаудың бірден-бір жолы осы. Сондықтан, бұл шараның қай тарапқа болсын, берері мол!
Еркебұлан Құралбаев, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы: – Ұлыстың ұлы күнімен бірге өңірімізде өткізілген құрылтай өңірдегі ақпараттық сауаттылықты арттырып, блогерлердің қатарын көбейтетіндігі сөзсіз. Ең бастысы, жан-жақтан жиналған блогерлер өңіріміздегі тарихи, мәдени нысандарды аралап, әлеуметтік желі арқылы оларды жарнамалады. Тек тараздықтар ғана емес, еліміздің басқа аймақтарындағы тұрғындар облысымыздың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Құрылтай аясында тəжірибелі мамандардың дəрісін тыңдап, пайдалы тренингтерге қатысуға мүмкіндік туды. Құрылтайдың тағы бір өзіндік ерекшелігі – Қазнетке сапалы контент қосу, қазақ блогосферасын жандандыру, оқырмандарды Жамбыл облысының тарихымен, ондағы халықтың әл-ауқатымен, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру мақсатында 24 наурыз бен 24 сәуір аралығында «Мен тамашалаған Тараз» тақырыбына блогшылар арасында конкурс өткізілуінде. Осы байқауға қатысушылар «Тарих», «Даму», «Тараздықтар» атты тақырыптық бағыттары бойынша пост жазып жариялады. Ал үздіктер конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, І, ІІ және ІІІ орындар бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ілім жолында із қалдырып, білім бесігін тербеткен
- 26 қараша, 2024
Еңбекшілерге қамқор азамат
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді