Ұлыстың ұлы күнгі мерекелік шаралар орталық «Достық» алаңын думанды дүбірге бөледі
Табиғатты түлетіп,түрлендіріп, алты ай бойы ұйқыда жатқан Жер-ананы бусантып жеткен Ұлыстың ұлы күні облыс орталығы думанға толып, барша жұрт шат-шадыман күй кешті. Әз Наурыз мерекесіне орай өткен орталық «Достық» алаңындағы мерекелік шара тараздықтар мен қонақтарға тамаша әсер қалдырды. Алдымен театрландырылған көрініс қойылып, көпшілікті тәнті еткен концерттік бағдарламаны тараздықтар ынта қойып тамашалады. Театрландырған қойылым барысында көрермендер қазақтың ұлан-ғайыр даласының мамыражай, жайма-шуақ тіршілігіне көз жүгірте отырып, бүгінгі еліміздің берекелі өмірінен де хабардар болды. Бір топ бүлдіршіннің көктемнің жылы лебін қанатының қағысымен ілестіре жеткен жыл құстары қарлығашты көкте қалықтатқаны маусым жарасымын елестетті. Сондай-ақ, көріністе бейбіт елдің ұланы – жасөспірім баланың қарлығаштың қанатына отырып алып, қазақ даласының әр қиырын саяхаттаған сәті тамаша үйлесім тапты. Жыл құсының қанатында қазақ сахарасын саяхаттап жүріп жас ұлан күн мен түннің теңелуінің, жүздеген ұлттар мен ұлыстардың тату тіршілігінің куәсі болады. Тарихи Тараз шаһарының көне болмысы мен бүгінгі құлпырған бейнесіне де, еңселі Елордамыз – Астананың керім келбетіне де көз тастауға мүмкіндік алады. Осының барлығы ынтымақ орнаған алып даланың дарқандығы мен кең пейіл қасиетін бедерлей түседі. Бұдан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сахнаға көтеріліп, жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. – Құрметті жамбылдықтар, қадірменді қонақтар! Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – ақтың молаятын, тіршіліктің жаңаратын, түн мен күннің теңесетін кезеңі. Әз Наурыз ғасырлар қойнауынан бастау алған, салт-дәстүрімізді танытатын ұлы мұра. Бұл күні ата-бабаларымыз бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызып, бір-бірімен көрісіп, қауышып, ізгілікке толы тілектер жолдап, араздасқандар кешірісіп, түсінісетін болған. Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің тәлімі мен тағылымы астасқан мерейлі мерекесі. Бүгінде татулық нышанына айналған Ұлыстың ұлы күні баршаның асыға күтетін мерекесіне айналған. Бұл жай ғана мереке емес, өткенімізді саралап, болашағымызды болжайтын шақ. Былтырғы жыл ұлттық тарихымызды ұлықтар жыл болды. Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Жеңістің 70 жылдықтарын зор салтанатпен атап өттік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының өңірімізде тойланған мерейтойында «Жамбыл облысы алдағы уақытта талай биік белестерге қол жеткізетініне сенімім мол. Тараз – менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, осы көне шаһарды айтпай кету мүмкін емес» деді. Бұл – біз үшін үлкен баға. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Яғни, өткен ширек ғасырдағы өлшеусіз еңбек пен қол жеткізген жетістіктерімізді қорытындылайтын кез. Бұл жылдың да табысты болатынына бәріміздің сеніміміз кәміл. Өйткені, Көшбасшысымыздың алдыға қойып берген уақыт талабына бейімделген «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бар. Ең бастысы, қоғамымызда тұрақтылық пен келісім сақталып отыр. Бірлігіміз жарасқан ел екенімізді кеше ғана өткен Парламент мәжілісі және әр деңгейдегі мәслихат сайлауында тағы да дәлелдедік. «Нұр Отан» партиясы үлкен айырмашылықпен жарқын жеңіске жетіп, сексен пайыздан астам дауысқа ие болды. Мұның барлығы да Елбасымыздың жүргізіп отырған дара саясатының жемісі, халық бірлігінің нәтижесі. Осы татулық пен ынтымағымызды еселей түсетін Ұлыстың ұлы күні тағы да құтты болсын, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Осыдан кейін сахнаға облыстық филармонияның әртістері дайындаған композициялық бағдарламасы қонақтардың көңілін көтерді. Өңірімізге белгілі өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, мың бұралып би биледі. Жергілікті өнерпаздардың концертінен соң елімізге белгілі өнер иесі ҚР еңбек сіңірген әртісі Марат Ілиясовтың өз орындауындағы авторлық әндері тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді