Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған есімдер

Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған есімдер
ашық дереккөз
Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған есімдер

Қазақта Наурыз есімді тұлғалар аз емес. Мысалы, бұхар жыраудың жырына арқау болған шапырашты наурызбай, қазақтың соңғы ханы кенесары қасымовтың інісі атақты наурызбай батырлар болған. Сонымен қатар, Алтын Орданы билеген хандардың бірі — Наурыз екені тарихтан мәлім. Өткен ғасырдағы «жылымық» кезеңде елімізде Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат беріліп, Ұлыстың ұлы күні өмірге келгендерге мерекеге орай есімдер қойыла бастаған. Солардың бірқатары өз аты-жөндері туралы әңгімелейді.

Наурызбек Сарша: – Ұлыстың ұлы күнінде Самарқанның көк тасы жібіп, қасат қар еріп, тіршілік тіні түрленіп сала береді. Шығыс халықтарында сол шақта ұланғайыр даланы Қызыр аралайды деген ұғым қалыптасқан. Осынау ғажап шақта халқымыз жаңа күн туды, Наурыз келді деп қуанып, ұлан-асыр тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін ең ұлық мерекеге балаған жұртымыз осы күні дүниеге келген нәрестеге Наурыз есімін берген. Менің атым, мысалы, Наурызбек. Өйткені мен 1992 жылы 21 наурыз күні өмірге келіппін. Атымды әкемнің сол кездегі бастығы Бескен Омаров марқұм қойыпты.

* * *

Наурызгүл Беркінбай: – Мен Тұрар Рысқұлов ауданында Көшкінбай ауылында дүниеге келдім. Бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің биология мамандығы бойынша 4-курс студентімін. Есімімді атам қойыпты. Бірақ, мен 14 наурызда дүниеге келгенмін. Елімізде бұл күн – Көрісу күні! Көрісу – Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі екен. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс.

* * *

Наурызжан Рысбек: – Мен Сарысу ауданының Саудакент ауылында өмірге келдім. Есімімді әкемнің қарындасы қойған екен. Мен наурыз айының дәл 22-сі күні дүние есігін ашыппын, туған күнім Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс тойланады. Нағыз ақ түйенің қарны жарылған күн. Сондықтан ойлана келе, осы есімге тоқталыпты. Есімім өзіме ұнайды. Себебі, көп кездесе бермейді.

* * *

Наурызгүл Жанқараева: – Әдетте, баланың есімін ата-анасы, туыс-туғандары, тіпті жақындары қойып жатады. Менің есімімді көршіміз қойыпты. Ол кісі жастық шағында Наурызгүл есімді қызға ғашық болыпты. Ол қыз наурыздың 20-сы күні дүние есігін ашқан екен. Менің де туған күнім – осы наурыз айының 20-сы. Өкініштісі, ұнатқан қызы басқа жанға ұзатылып кеткен екен. Мен дүниеге келгенімде ата-анамнан жалынып жүріп, есімімді Наурызгүл қоюды сұрауы да, сондықтан. Осылайша, менің есімім Наурызгүл болды. Оның өзіндік тарихы осындай, жігіттің сүйгеніне деген адал махаббаты жатыр астарында.

Ұқсас жаңалықтар