Көктем вальсі
батыр БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЕБЕР БИШІ ДЕ БОЛҒАН Зәмза Қоңырова. 1976 жылы 29 желтоқсанда біздің Жазушылар одағы тұңғыш және соңғы рет жаңа жыл кешіне ақын-жазушыларды жұбайларымен шақырып, той жасады. Оған арнап бір түнде өзім пішіп, өзім тіккен етегі төгілген ұзын, ашық жасыл түсті көйлекті киіп бардым (Баукеңнің қолы тиген сол көйлекті тәбәрік ретінде әспеттеп сақтап жүрмін).
Жұрттың бәрі көңілді. Әннен, биден, айтыстан жарыс ұйымдастырылды. Би жарысы басталғанда «Лезгинка» биіне мені Кәдірбек Уәлиев аға шақырды. Тағы бірер жұп шығып еді. Шамалыдан соң, олар шетке ығысып, бізге қарап тұрып қалды. Енді екеуміздің біреуіміз жеңуіміз керек. Біз ұзақ биледік. Асаба кім шаршап, сыр береді дегендей, «Лезгинканы» қайта-қайта ойната берді. Бір кезде Кәдірбек аға сүрініп кетті. Мен жеңімпаз атандым. Той мінезі белгілі ғой. Әріптестерім құттықтап, у-ду боп жатқанбыз. Кенет:
– Всем молчать! – деген күн күркіріндей дауыс естілді.
Бауыржан Момышұлы ағаның даусы. Жұрттың бәрі сілтідей тына қалды (Ол кісінің тойға келгенін білгем жоқ, білсем, қорыққанымнан «Лезгинка» биіне шықпай қалуым да мүмкін бе еді, қайтер еді? Өйткені, Бауыржан ағаның бір тойда: «Билесеңдер – дұрыс билеңдер. Болмаса мына тапырақты қойыңдар» деп алқын-жұлқын, бей-берекет билеушілерді тоқтатып тастағанын естігенбіз).
– Оркестр, сыграй «Полоньез». Я буду танцевать с ней, – деді мені иегімен нұсқай көрсетіп. Мұны мүлде күтпегем. Аяқ-қолым дірілдеп, зәрем ұшты. Әйтсе де, тез ес жиып, өзімді-өзім қайрап, іштей дайындала бастадым.
* * *
Оркестр «Полоньезді» ойнай бастады. Бауыржан аға ортаға шығып, мені биге шақырды.
Бұдан бұрын Баукеңді ауырып жүр деп естігем. «Полоньез» – ұзақ вальс. Бір жағынан, оның ұзақтығын ойлап, екінші жағынан, сырқат Баукеңді қалай жетелеймін деп қатты абыржулымын.
Екеуміз билей бастадық. Жұрттың бәрі қызыға қарап тұр. Әдетте вальсті билегенде екі қолымен әріптесін демеп ұстайды ғой. Баукең олай еткен жоқ. Бір қолын өзінің беліне көлденең қойып, бір қолымен жауырынымнан сәл төменірек тұстан ұстады. Мұны офицерлік ерекшелік деп атайтынын білетінмін.
* * *
«Полоньез» вальсінде бір орында тұрып та айналуға болады. Бұл тәсілді де Бауыржан аға тамаша орындады. Ерекше мән беріп, бөліп айтарым, осы уақытқа дейін Баукеңдей шебер билейтін кісіні бірінші рет ұшырастырдым әрі әріптесін жеңіл алып жүретін Баукеңдей адамды күні бүгінге дейін кездестірген емеспін. Тағы бір таңғалғаным, Баукең қартайған, сырқат кезінің өзінде тамаша биледі.
Ал жас кезінде қалай билегенін бір Құдай білсін.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді