«Қазақ осы көкпар тартып, қыз қууға жаралған...»

«Қазақ осы көкпар тартып,  қыз қууға жаралған...»
ашық дереккөз
«Қазақ осы көкпар тартып, қыз қууға жаралған...»

Төлеген Жұматаев, «Әулие-Ата» ат спорты клубы» директорының орынбасары.

Осыдан бір мүшел уақыт бұрын ұлттық ат спорты түрлері мен көкпар ойынын өңірімізде дамыту мақсатында «Әулие-Ата» көкбөрі клубы» құрылды. Ашылған жылдан бастап қазыналық кәсіпорынды Нұрдәулет Момынов басқарып келеді. 2011 жылы облыс әкімінің қаулысымен «Әулие-Ата» көкбөрі клубының» атауы «Әулие-Ата» ат спорты клубы» болып өзгертіліп, ат спортының басқа да түрлерін облыс көлемінде дамыту ауқымы кеңейді. Атап айтсақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, бәйге (оның ішінде аламан, топ, құнан, жорға және ұшқыр бәйге) секілді ұлттық ойындар қамтылды. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай ересектер және жастар тобына бөлініп жаттығады. Барлығы 52 спортшы болса, оның ішінде ересектер тобы 26 спортшы, жастар тобы 26 спортшымен жасақталған. Осы күнге дейін 54 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 3 спортшы «Халықаралық деңгейдегі спорт шебері» атанды. Өңірдің ұлттық ат спорты ойындарынан құрама коман­даларын жоғары спорттық жетістіктерге жеткізгені үшін Нәби Момынов, Нұрланбек Тілебарыс, Үмбет Күшікбаев және Нұрдәулет Момынов Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын иеленген. «Әулие-Ата» командасы әр деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, көптеген жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, көкпардан Қазақстан Республикасы чемпионаттарының 8 дүркін жеңімпазы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы, Ұлттық спорт түрлерінен өткен республикалық фестивальдің 3дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен халықтар ойынының жеңімпазы (2006 жыл) және тағы да басқа республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарған. «Әулие-Ата» командасының көкпаршылары Манарбек Дүйсенбиев, Құлажан Тоғайбаев және Бағлан Шырынбаев ұлттық құрама команданың сапында 2013 жылы Астана қаласында өткен көкпардан І ашық Азия чемпионатына қатысып, І орынды жеңіп алды. Қыз қуудан Жансерік Жампоз және Салтанат Байқұлақова еліміздің 2 дүркін жеңімпазы атанды. Теңге ілуден Құрманбай Есжан ел чемпионаттарында 3 мәрте топ жарса, Ұлттық спорт түрлері республикалық фестивалінде қарсыластарынан басым түсіп, өңір мерейін асырды. Аударыспақтан Атамекен Рүстемов, Қайсар Махамбетов, Нұрболат Темірбеков, Азат Жұмәділов, Данияр Смаилов сынды шабандоздарымыз жеңістің биік тұғырынан көрініп, ел чемпионы атағын бірнеше мәрте қорғап. Облысымызда бәйге түрлері де жоғары дәрежеде дамуда. 2013 жылы Шымкент қаласында өткен «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында өңір сәйгүліктері аламан бәйге, топ бәйге және құнан бәйгеде шашсына шаң жұқтырмай жүлде алып жүр. Өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылған «Алтын тұлпар» республикалық додасында Қордай ауданының Шамал атты сәйгүлігі бас жүлдені жеңіп алды. Ұлттық ат спортына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімінің қолдауымен Тараз қаласының іргесінде орналасқан Атшабар кәсіпорынның теңгеріміне алынды. Қомақты қаражат бөлініп, Атшабарда қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи талаптарға сай қалыпқа келтірілді Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған ұлттық ат спорты ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті. Әсіресе, осы елдіктің тойында өткен ат спорты жарыстары көпшілікке үлкен қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Алмас тілді ақындарымыздың жырына арқау болған, құйрық-жалы таралған сәйгүліктеріміз де, аттың құлағында ойнайтын спортшыларымыз биыл да ел мерейін өсіретін ірі додаларға қатысуға әзір. Келіп жеткен көктеммен бірге дала төсінде көкпар тартылып, бәйге қызады. Ендеше, ата дәстүр ат спорты қызығын бірге тамашалайық, қадірлі қауым!

Ұқсас жаңалықтар