«Әулиеата әуежайы» алып ұшақты қабылдады
Театрдың киім ілгіштен басталатыны секілді, өңірдің әлеуеті алдымен әуежайынан байқалады десек, артық айтқандық емес. Бірер жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өтіп, ұзындығы 3500 метрді, ені 60 метрді құрайтын, жаңадан төселген ұшыру-қондыру жолағы бар «Әулиеата халықаралық әуежайы» АҚ-ның жұмысы күн санап жандана түсуде. Мұндағы түрлі жаңа техника мен басқа да жабдықтар бір уақытта ұшып-қонуға мүмкіндік беретін 3 рейске қызмет көрсетуге қол жеткізді. Бүгінде әуежай «SCAT», «Аіr-Astana» әуе компанияларының ұшақтарымен жұмыс істеуде. Ал жақында «Әулиеата» әуежайы ең үлкен ұшақтың бірі – «АН-124-100» Волга-Днепр ұшағын қабылдады. Максималды ұшу салмағы 392 тоннаны құрайтын жүк таситын ұшақ 10 наурызда Қытайдан Таразға табан тіреген болатын. Мұндай алып ұшақты қабылдау арқылы әуежайымыздың әлеуеті өте жоғары деңгейде, бәсекеге қабілетті екендігін байқауға болады. – Біздің әуежай осы айда өзінің тарихында ең алып ұшақтың бірін қабылдап, оған қызмет көрсетті. Бұл ұшақты қабылдау үшін біз қосымша бірқатар дайындық жұмыстарын жүргіздік. Атап айтқанда, өрт сөндіру көліктерін, жанармай құюшы құрылғыларды сатып алдық. Енді аталмыш ұшақ бізге айына бір рет тауар тасымалдап келетін болады. Ал бұған дейін салмағы 200 тоннадан асатын «Вoing» әуе компаниясының ұшағын қабылдаған болатынбыз.
Техникалық мүмкіндіктері, қызмет көрсетуі бойынша бүгінде Тараз әуежайының заманауи жүк және жолаушылар ұшағының барлық түрін қабылдауға әлеуеті жетеді. Өйткені мұнда 2014 жылы 4,7 миллиард теңгеге толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті техника сатып алынған болатын.
Ал осы жылдың 6 маусымынан бастап «S7» әуе компаниясының ұшағымен «Мәскеу-Тараз» бағыты ашылмақ. Жолаушылар үшін билет құны Ресей валютасының бағамымен 7 мың рубльден басталады. Сондай-ақ, әуежай Ақтау, Атырау секілді еліміздің бірнеше қалаларына бағыт ашуды жоспарлауда, – дейді «Әулиеата халықаралық әуежайы» АҚ-ның баспасөз хатшысы Юлия Егорова.
Қытайдан келген алып ұшақ 24 наурыз күні Байқоңырға аттанбақ.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді