Басылымның өткен санында жазғанымыздай, Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко бастаған жерлестер өздері өсіп-өнген Әулиеата өңірін кеңінен аралады. Меймандарды жексенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, кездесу өткізді. Жылы жүзді жүздесуден соң қонақтар Жуалыға жол тартты. Делегация мүшелері облысқа бөтен емес, кезінде Тараз қаласында облыстың түрлі аудандарында тұрған, еңбек еткен өзіміздің жерлестеріміз. Міне, аудан жұртшылығымен болған кездесуінде олар өткенді еске түсіріп, өз еліндегі, өңірлеріндегі жаңалықтарды айтысып, емен-жарқын әңгімелесті. Ортақ тақырып, ортақ таныстар да табыла кетті. Қысқасы, ленинградтықтар өз жеріне, Отанына келгендей әсер алды.
Олар, сондай-ақ, дәл осы күні Билікөл өңірінде өткен көкпар, қазақша күрес сайыстарын және боксшылардың өнерін тамашалады. Дастарқан жайылып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Губернатор қазақтың қонақжайлығын бұрыннан білетінін, ұлттық салт-дәстүрінен де хабардар екенін, бүгін соған тағы көз жеткізіп отырғанын айта келіп, өздеріне осындай сый-құрмет көрсетіп отырған облыс, аудан басшыларына алғысын жеткізіп, игі тілегін білдірді. Оған қазақы дәстүрмен шапан жапты. – Біз сіздермен кездескенімізге өте қуаныштымыз,- деді кездесуге қатысқан Жамбыл облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, – Біздің еліміз Ресеймен барлық салада тығыз қатынаста екені белгілі. Ендеше екі облыс арасында неге өзіндік байланыс орнатпасқа. Ауылшаруашылығы, өндіріс, сауда-саттық, мәдени байланыстарды кеңейтуіміз керек деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді білетін, түсінетін адамдармыз, мұндай өзара байланыс екі жаққа да тиімді болады. Мұны Ленинград облысының басшылары да құп алып, облыс әкіміне өздеріне көрсеткен зор құрметі үшін алғыс айтты. Осылайша ленинградтықтар Жуалы жерінен үлкен әсермен аттанды.
Мейірбек Мәтенов, журналист.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді