«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мәңгілік ел» керуен- пойызы – Жамбыл жерінде

«Мәңгілік ел» керуен- пойызы – Жамбыл жерінде
ашық дереккөз
«Мәңгілік ел» керуен- пойызы – Жамбыл жерінде

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай үстіміздегі жылдың 15 ақпанында Елордамыз – Астанадан жалпы республикалық акция аясында «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы жолға шыққаны белгілі. мақсат – ел егемендігі жарияланғаннан бергі ширек ғасыр ішінде қол жеткізілген жетістіктерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттау арқылы қазақстандық патриотизмді асқақтатуға, ел бірлігін бекемдей түсуге атсалысу.

Еліміздің он екі облысын аралап, жұртшылықпен жүздесіп «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын түсіндірумен қатар, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуді діттеген «Мәңгілік Ел» пойызы сейсенбі күні Сарысу ауданы, Жаңатас қаласына аялдады. Құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының бір топ мүшелері мен түрлі министрліктер мен кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдері бар топты жаңатастықтар қазақы салт-дәстүрге сай шашу шашып, дәм ұсынып қарсы алды.

Аудан әкімі Бейбіт Жайлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда ұлт пен ұлыстардың біртектілігін қалыптастырып, ұлы істерге ұйытқы болып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне алғысын білдірді. Аудан жұртшылығымен кездесуде топ жетекшісі Әміржан Әлпейісов осыдан жиырма бес жыл бұрын экономикасы тұралаған, жұмыссыздық жайлаған, әлеуметтік әлеуеті шатқаяқтаған Қазақ елінің Елбасы саясатының арқасында аз ғана уақыттың ішінде әлем танып, мойындаған мемлекетке айналғанын нақты дәлелдермен атап көрсетіп, оның айқын айғағын Сарысу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіненде байқауға болатынын жеткізді. Аудандық орыс этномәдени орталығының мүшесі Галина Мороз барлық ұлт пен ұлыстың өкілдерін тіліне, діліне, дініне қарамай бір үйдің баласындай, бір шаңырақтың астына топтастырған Елбасына, тағаттылық пен бауырмалдықтың эталонына айналған қазақ халқына алғысын білдірді. Қонақтарды қарсы алуға арналған салтанатты жиында аудан өнерпаздары өнер көрсетті. Бұдан әрі іс-шара аудан мекеме, кәсіпорындарында жалғасын тапты. Қаладағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет орталығының үлкен залында үгіт-насихаттық топ мүшелерімен аудан жұртшылығының кездесуі өтті. ҚХА мүшесі Людмила Хочиева сөз алып, сонау бір қиын-қыстау кездерінде Кавказ жерінен күштеп жер аударылып келген азғантай ғана қарашай-балқар ұлты өкілдерін қазақ халқының жатсынбай, бауырына басқанын елжірей айтып, елімізде бірлік пен бейбіт тұрақтылықтың сақталуы – Елбасының салиқалы саясатының жемісі екендігін жеткізді. «Қазақ – «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деп тілеген мәрт, кеңпейіл де қонақжай халық. Ал Қазақстанды мекендеген бар халықты топтастырған бір арман, бір мақсат – Мәңгілік Ел құру. Ал ол ұлттардың ауыз бірлігі арқасында ғана жүзеге аспақ», – деді ол. Сол күні аудан әкімдігінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері ауданның шаруа қожалықтары және кәсіпкерлермен кездесіп, ақыл-кеңестерін берді. Аудандық орталық ауруханада Астанадан келген білікті дәрігерлер ондаған науқасты қабылдап ем-домдарын жасады. Бизнес өкілдері Қаратау тау-кен кешенінде болып, ондағы өндіріс жұмыстарымен танысты. №2 Жаңатас колледжінде Білім және ғылым министрлігінің өкілдері білімгерлермен кездесіп, «Серпін» бағдарламасы жайлы әңгімеледі. Кездесуде білім алып жатқан жастарды болашақта солтүстік өңірлерде жұмыс істеуге болатыны жөнінде түсініктер берілді. Астаналық қонақтар арнайы автобуспен тарихи ескерткіш орындарына саяхат жасады, кешкілік Мәдениет үйінде халық театры өнерпаздарының күшімен қойылған «Алмас қылыш» спектаклін тамашалады.

* * *

Кеше «Мәңгілік Ел» пойызы Тараз қаласына келіп жетті. Таңсәріден темір жол вокзалы ән-мен жырға бөленді. Темір жол бекетінде өткен митингіге жоғары оқу орнының студенттері, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. – Көне тарихтан сыр шертетін, Қазақ хандығының туы тігілген өлке – бірнеше мыңжылдық тарихы бар Тараз қаласына қош келдіңіздер! – деді Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, топ жетекшісі Әміржан Әлпейісов қала тұрғындарына алғыс білдіріп, делегация мүшелерімен таныстырды. – Бейбітшілік пен келісімді ту еткен пойыз жолаушыларының құрамында барлық министрліктің 100-ден аса білікті маманы бар, солардың 30 шақтысы әлеуметтік саланың қызметкерлері. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл шараның басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін қарапайым халық арасында кеңінен насихаттап, жұртшылыққа мерейлі мерекенің лебін сезіндіру. Ширек ғасырлық азаттық тойы келгенін әрбір тұрғынға жеткізу арқылы халқымыздың әлеуметтік мәселелерімен танысу және оның шешілуіне мейлінше ықпал ету. Біз былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап, тәуелсіздіктің тұрақтылығын көрсетіп, «Мәңгілік Ел» болуға деген ниетімізді таныттық. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Бұл – ұлы той, – деді топ жетекшісі Ә.Әлпейісов. Таразға ат басын бұрған акция қатысушыларының құрамында 56 адам бар. Олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы, Инвестициялар және даму министрлігі, Қаржы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ медицина қызметкерлері бар. Жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, бизнес және әлеуметтік маңызы бар ақпараттармен бөлісті. Министрліктердің мамандары құқықтық кеңестер, дәрігерлер өз кәсібі бойынша көмек көрсетті. Пойыз құрамындағы білікті мамандар әлеуметтік топтардың барлық деңгейін қамтитындай бағдарлама жасағанын айта кету керек. Темір жол вокзалындағы жылы жүздесуден кейін, әлеуметтік пойыз мүшелері Достық үйі ғимаратын аралап, түрлі этностың құнды жәдігерлері қойылған мұражаймен танысты. Достық үйінің мәжіліс залында өткен «Ел бірлігі – ынтымақта» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиын барысында «Мәңгілік Ел» идеясын, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаhандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттер мен мақсаттарына тоқталды. Мұнда әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, пікір алмасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы және Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қазбек Қазкенов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптама қызметінің басшысы, профессор Н. Шаяхметов «Мәңгілік Ел» идеясының мазмұн-мақсатын айқындап, әрбір қазақстандықтарды Ұлт көшбасшысының идеясын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Жиынға қатысушылар өз тараптарынан акция ұйымдастырушыларына сауалдар қойып, ақпарат алмасты. Шара барысында пойыз мүшелері этносаралық қарым-қатынасқа арналған «Теңдессіз сыйлық» кітаптар жинағын Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапханасына сыйға тартты. Одан соң қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауда өзге ұлт өкілдері этносаралық қатынастар мәселелерімен қатар, «Достық үйі» базасында қандай үйірмелерді дамытуға болатынын сөз етті. Этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанатының жаңа бағытын дамыту, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге арналған жобалар талқыланды. «Мәңгілік Ел» пойызының мүшелері Тараз қаласында бірнеше мекемеде кездесулер өткізді. Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Жастар сарайындағы үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел». Онда скауттық қозғалысты дамыту мәселелері қозғалды. Жергілікті шаруа қожалықтардың төрағалары мен кәсіпкерлерге арнайы жасақталған топтағы мамандар кеңесін алуға мүмкіндік туды. Кәсіпкерлермен кездесу «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында ұйымдастырылды. Әлеуметтік пойыздың құрамында жасақталған топтың басым көпшілігі – медицина қызметкерлері. Өңірімізге білікті дәрігерлер келе жатыр дегенді естіген тұрғындар мамандар қабылдауына жазылды. Тараз қалалық №2 емханада 25 медицина қызметкері 323 тұрғынды қабылдап, тегін кеңес берді. Әлеуметтік пойыз жасағының бір тобы Жамбыл политехникалық колледжінде оқытушылар және студенттермен, екінші тобы «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-ның жұмысшыларымен кездесті. Жиында республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы Әбдімомын Әсілов және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Астана» опера театр музейінің меңгерушісі Априза Құсаинова сөз сөйлеп, осы сапарларының мәнін түсіндірді. Өз кезегінде электр стансасы бас директорының орынбасары Владимир Мележик, қызметкерлері Татьяна Пархоменко, Анвар Исмаилов, Ергеш Нұрбаев келушілерге ризашылығын білдіріп, ой-пікірлерімен бөлісті.

* * * Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл! Бұл жай ғана атаулы мереке емес. Елдігімізді айшықтап, өткенімізді саралап, бірлігімізді бекемдей түсетін айрықша кезең. Бұны әрбір қазақстандық жақсы түсінеді. Ынтымақ ырысты арттыратынын, ауызбіршілік кез-келген қиындықтан шығуға күш беретінін білетін халқымыз тәуелсіздігіміздің баянды боларына, Мәңгілік Елге айналарымызға сенеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірін аралап, әрбір азаматтың жасампаздық рухын оятуды көздеген республикалық акцияның қатысушылары әр облыстың тұрғындарының жүзінен осындай сенімділікті көріп, ой-пайымдары мен өтініш-тілектерінен Мәңгілік Ел болсақ деген арманын ұғып, күш алып қайтқанын айтады. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын дәріптеуді көздеген «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы мүшелерінің Жамбыл жеріндегі екі күндік сапары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорытындыланды. Брифингте пойыздың штаб бастығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов республикалық акцияның мақсатын түсіндіріп, осы сапарларынан қандай ой түйіп қайтқанын сөз етті. – Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған шара. Республикалық акция ұйымдастыруға Қазақстан Азаматтық Альянсы мұрындық болса, оны өткізуге «Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қолдау көрсетіп отыр. Былтыр да біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай осындай ауқымды экспедиция жасағанбыз. Биылғы шараның ерекшелігі – өткен жылы тоқтаған стансалардан басқа 33 елді мекенді қамтып, оларға әлеуметтік қолдау көрсеткенімізде. Бүгін сапарымыздың отыз бірінші күні 31 мекенге – көне қала Таразға табан тіреп отырмыз. Бұған дейін Сарысу ауданына бардық. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде аудан орталығының қалай жаңғырып, жаңарғанын көрдік. Тұрғындардың ертеңге деген сенімі бізге күш берді, – деді Әміржан Қайырұлы. Брифингте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Людмила Хочиева әлеуметтік пойыз мүшелері Тараз қаласында этномәдени бірлестік төрағалары және мүшелерімен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізгенін тілге тиек етті. Этномәдени бірлестіктер мүшелері бірқатар маңызды мәселелерді қозғап, ұсыныс айтқанын, олардың өтініштерін тиісті органдарға жеткізіп, бақылауға алынатынын қозғады. Өңірде түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілікпен көптеген игі істерге бастамашы болып жүргеніне қуанатынын айтып, еліміздің қымбат қазынасы татулық екенін тебірене жеткізді. Жиында әлеуметтік пойыз мүшелері журналистер қойған сұрақтарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Мәңгілік Ел» пойызының сапары 18 наурыз күні Алматы қаласында аяқталатынын айтты.

IMG_1539 IMG_5714 IMG_5799 IMG_5876

Ұқсас жаңалықтар