Бүлдіршіндер сүйікті қаһармандарымен кездесті

Бүлдіршіндер сүйікті қаһармандарымен кездесті
ашық дереккөз
Бүлдіршіндер сүйікті қаһармандарымен кездесті
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында және балабақшалар мен мектеп сахналарында өтіп жатқан «Әли мен Айя әз Наурызға шақырады» атты балаларға арналған мерекелік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Тараздық бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын рухани қуанышқа кенелткен шараны мереке қарсаңындағы тамаша тарту деп білеміз.  Кішкентай көрер­мен­дерге Наурыз мейрамы жөнінде тағылымды түсінік беріп және халқы­мыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттай отырып бүлдіршін­дерді шынайылыққа, адамгер­шілікке, ұлтжан­дылыққа тәрбиелеу мақсатына негізделген мерекелік думан өз кейіпкер­лерімен де есте қалары сөзсіз. Кішкентай көрермендерге Наурыз мейрамы жөнінде түсінік беріп, халқымыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттай отырып шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатына негізделген бұл мерекелік думан тартымды өрбуде. Бағдарлама барысында «Балапан» арнасындағы танымал балалар мультфильмінің басты кейіпкерлері Әли мен Айя берекесі мен бірлігі жарасқан қазақы ауылға тап болып, ондағы ертегі образдарымен кездесіп, жақын танысады. Алдар көсе, Тазша бала, Айқұлақ, Қызыр ата, Қожанасыр секілді кейіпкерлер сахналық қойылымның маңызын арттырып, ұлттық бояуын қанықтырады. Тараздық бүлдіршіндер теледидардан тамашалап жүрген кейіпкерлерін жақын сахнадан көріп, тәнті болғанын олардың қойылымды зор ықыласпен тамашалағандарынан байқалады. – Балалар арасында «Балапан» арнасындағы мультфильмнің басты қаһармандары Әли мен Айя өте танымал. Сондықтан біз кішкентай көрермендерді сүйікті кейіпкерлерімен жүздестіруді мақсат тұттық. Жаңа жыл мерекесі Аяз ата, Ақшақар, Қарша қыз секілді кейіпкерлермен нақышталса, Наурыз мерекесін де қазақтың ертегі образдарымен астастырып тойлауды балалардың санасына сіңіріп, ұлттық болмыстағы кейіпкерлеріміздің танымалдығын арттыруға талпындық. Бұл думанды бағдарламамыз сәуір айында да жалғасын табады, – дейді облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Жандос Омаров. Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама барысында «Ақкербез» би ансамблі мен «Балауса» циркі өздерінің өнерлерін ортаға салса, Гүлшат Тінәсілова, Балжан Ділдәбекова, Жанна Асанқұлова, Қайсар Көкішев секілді әншілер наурыз, көктем жайлы әндер шырқап, көңілді әуенге бөледі.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар