«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қытайда ережесіз жекпе-жекте ұлты қазақ қарсыласына жұдырық жұмсамаған А.Нұрсейіт өз әрекетін түсіндіріп берді

Қытайда ережесіз жекпе-жекте ұлты қазақ қарсыласына жұдырық жұмсамаған А.Нұрсейіт өз әрекетін түсіндіріп берді
ашық дереккөз
Қытайда ережесіз жекпе-жекте ұлты қазақ қарсыласына жұдырық жұмсамаған А.Нұрсейіт өз әрекетін түсіндіріп берді

Мен бауырмалдықты спорттағы жеңістен, спорттық принциптерден жоғары қойдым. Ережесіз жекпе-жектен қазақстандық спортшы, «Алем файтерс» спорт клубының мүшесі Айбек Нұрсейіт бүгін журналистерге берген сұхбатында осылай деді.

Естеріңізге сала кетелік, таяуда - 5 наурыз күні ережесіз жекпе-жектен WBK тұжырымы бойынша Қытайдың Шанхай қаласы маңында халықаралық турнир өткен болатын. 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық сайыпқыран Айбек Нұрсейіт пен Қытайдағы қандасымыз Ғабит Тұрғанбек финалға дейін барлық қарсыластарын жеңіп, ақтық айқаста кездескен еді. Бірақ, екеуі де жұдырықтасудан бас тартып, тек бір-біріне әр түрлі күрес тәсілдерін қолданумен болды. Алғашында төреші екеуіне де ескерту жасаған. Бірақ, бұл әсер етпеген соң, екінші раундта төреші екеуіне де қызыл карточка көрсетіп, сайысты тоқтатты. Осылайша, бұл «болмаған жекпе-жек» деп есептелінді.

«Әрине, мен бұл турнирден еліме көк Туды желбіретіп, жеңіспен оралғым келді. Оның үстіне бұл мен үшін алғашқы халықаралық жарыс болатын. Бұл турнирде көрермендер арасындағы азын-аулақ қазақ қандастарымыздың маған қызу қолдау көрсеткені маған ерекше әсер етті. Ал ақтық сында бауырмалдықты, спорттағы жеңістен, спорттық принциптерден жоғары қойдым. Сол финалда қазақ әуенін әуелетіп, сегіз бұрышқа бірінші болып мен шықтым. Ал Ғабит қандасым Бекболат Тілеуханов ағамыздың «Алаш ұраны» әнін асқақтап шықты. Бұған дейін салмақ өлшеу рәсімінде ғана кездесіп қол алысқанымыз болмаса, сөйлескен емеспіз. Сонда, ақтық сында екеуміз қол алысқан сәтте оның күлімдеген көзінен бауырмалдықтың, елге деген сағыныштың лебін сездім. Сол үшін де бауырымды ұру мен үшін ерсі болып көрінді. Мен бұл әрекетіме еш өкінбеймін. Бұл менің ата-анамның, бапкерлерімнің тәрбиесі деп білем», - деді Айбек Нұрсейіт.

Дегенмен, ол турнирден шеттетілмегендігін жеткізді.

«Бізге төреші қызыл карточка көрсетті. «Барлығы бітті» деп ойлап едім. Бірақ, кейін банкет кезінде WBK президенті жаныма келіп, менің жартылай финалда мықты француз спортшысы Майкл Дубойсты айқын басымдықпен жеңгеніме тәнті екендігін айтып, келесі турнирге қатысуға рұқсат берді. Ал Ғабиттің жағдайынан хабарсызбын. Енді құдай қаласа, бір аптадан кейін, алдағы мамыр айында болатын кезекті турнирге дайындаламын. Онда 70 келі салмақ дәрежесінде 16 мықты сайыпқыран қатысады», - деді А. Нұрсейіт.

Ұқсас жаңалықтар