Қарағанды қаласында «Бірлік» саяси партиясының мүшелері кен-шахта жабдықтарын жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысатын «Құрылыс Мет» компаниясының ұжымымен кездесті. Партия өкілдері өндірістік цехтарды аралап, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында партия төрағасының орынбасарлары Болат Байқадамов пен Бауыржан Бөрібек «Бірлік» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы баяндап берді. Жалпы, аталған партияның басты мақсаттарының бірі – шағын және орта бизнестің дамуы мен кең өріс алуына жағдай жасап, елімізде әлеуметтік мұқтаждықтардан ада орта таптың қалыптасуына игі ықпал ету. Партия өкілдері өз сөздерінде көбіне осы міндеттерді әңгіме арқауына айналдырып, мұндай игі істерді қалайша және қандай жолдармен жүзеге асыруға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. «Бірлік» саяси партиясы «Таза Қазақстан үшін» болашақ экологиялық қозғалыстың бастамашысы ретінде өзінің табиғатты қорғау қызметін Қарағанды сияқты ірі өнеркәсіпті өңірден бастап отыр. Заманауи, экологиялық таза технологияларды енгізу ресурстарды сақтап қана қоймай, өнеркәсіпшілердің жұмысын қауіпсіз етеді, бүкіл тұрғындардың өмірі үшін бұдан да қолайлы жағдайлар жасайды», – деді партия төрағасының орынбасары Бауыржан Бөрібек. Рас, Қарағанды облысы – еліміздің индустриялық тірегі. Бұл өңірде «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» корпорациясы» сынды аса ірі өндіріс ошақтары, шағын және орта бизнестің өндіруші кәсіпорындары шоғырланған. Сол себепті де, «Бірлік» партиясы өзінің өңірлердегі сайлауалды кездесулерінің бірін кеншілер астанасында өткізіп отыр. «Бірлік» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серікбол Әбжанов КСРО кезінде салынған көптеген өнеркәсіп орындарының халықаралық экологиялық нормалар талаптарына сай келмейтінін тілге тиек етті. «Мемлекет басшысының экономика саласын кең көлемде индустриялық-инновациялық реформалау бойынша берген тапсырмалары аясында еліміздің барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы табиғатты қорғау жүйесіне ауыстырылады. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Бірлік» партиясы экономиканы жүйелі және жан-жақты экологияландыру, кәсіпорындарда қалдық қалдырмау және басқа да «жасыл» технологияларды енгізу мақсатын қойып отыр», – деп атап өтті ол. Кездесу барысында «Бірлік» партиясы өкілдері мен компания қызметкерлері арасында сұрақ-жауап негізінде өзара түсіністік тұрғысындағы әңгіме өрбіді.
«Бірлік» партиясының Маңғыстаудағы филиалы алдағы өтетін сайлауға қызу дайындалып жатыр. Партияның сайлауалды бағдарламасы түзіліп, жарнамалық үн-парақшалар мен баннерлер жасалды. Насихат жұмыстары 19 наурызға дейін жүргізіледі. Партияның өңірлік штаб өкілдерінің белсенді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. «Бірлік» партиясындағылар «үгіт-насихат шараларын заң шеңберінде, кең ауқымда өткізіп жатырмыз» деседі. – Біздің саяси партия осы додаға атсалысып жатыр. Съезде депутаттыққа 6 кандидат ұсынылғанынан көпшілік хабардар. Негізгі мақсат – адам санын көбейту емес, адал қызмет үшін тірлік ету. Біз осы бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді «Бірлік» саяси партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұнайбек Әбділов. Сайлау кезінде Маңғыстау облысы бойынша 199 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Жалпы «Бірлік» партиясы екі жыл бұрын құрылған. Оған «Руханият» және «Әділет» партиясы қосылып біріккен. Еліміз бойынша 16 филиалы жұмыс істейді. Ал партия құрамында 53 мың мүшесі бар. «Бірлік» партиясындағылар дамыған отыз елдің қатарына ену үшін мемлекет қуатты елге айналуға тиіс деп санайды. Сондықтан партияның әрбір мүшесі туған еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында белсенді еңбек етеді. Өзгелерді де мемлекеттің нығаюына үлес қосуға шақырады. Алдағы сайлау – еліміз үшін сынақ. Онда сайлаушылар қалауын білдірген партия, депутат халыққа қалтқысыз қызмет етуге тиіс. Олар сайлаушылармен кездесу барысында сайлаудың әділ де жемісті өтуін қалайтынын білдірді. Даму жолына түскен жас мемлекетіміздің абыройы, беделі баршаға ортақ екенін атап өтті.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді