«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘУЛИЕАТА АРУЛАРЫ ЖАҢА ТЕЛЕАРНА АШТЫ

ӘУЛИЕАТА АРУЛАРЫ  ЖАҢА ТЕЛЕАРНА АШТЫ
ашық дереккөз
ӘУЛИЕАТА АРУЛАРЫ ЖАҢА ТЕЛЕАРНА АШТЫ

Жақында облыс тұрғындары «77 TV» деп аталатын коммерциялық телеарнаның хабарларын тамашалайтын болады.

Облысымыздағы мәдениет пен өнерді, рухани құнды­лықтарды, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, туризм кластерін, кіші және орта кәсіпкерлікті, тілдік ортаны дамыту бағытындағы бағдарламаларын көрермендер назарына ұсынатын телеарнаның тәуліктік көрсетілімі – 16 сағатқа жоспарланып отыр. Телеарна хабарларының 70 пайызын қазақ тілінде, 30 пайызын орыс тілінде тарататын болады. Қазіргі таңда мұнда материалдық-техникалық база мен шығармашылық құрам толық жасақталған.

Телеарна құрылтайшысы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, белгілі қаржыгер Қарлығаш Аралбекова болса, директоры Дана Жұматаева да банк саласынан келген. Телеарнаның бас редакторы Зарина Қуатова да алғыр ару қыздарымыздың бірі. Өңіріміздегі рухани өмір саласындағы игі бастаманың басы-қасында жүрген осы аруларымызды әйелдер мерекесі қарсаңында сөзге тартқанбыз. – Биыл «Қазтелерадио» АҚ телерадиоарналар арасында хабар таратудың еркін қолжетімділігіне байқау ұйымдастырған болатын. Елімізден 70-тен астам электронды бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан байқауда тек 30-ы ғана үш жарым жыл бойы тегін хабар тарату құқығына ие болды. Солардың ішінде біздің «77 TV» да бар. Біз алдағы уақытта Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмалар мен Ұлт жоспарының орындалу барысын насихаттаумен қатар, өңіріміздің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік ахуалынан хабар беретін бағдарламалар мен әр саладағы мәселелерді 16,9 сандық форматта көрермен назарына ұсынбақпыз. Қазір әртүрлі тақырыптар мен жанрдағы жобалар әзірлеу үстіндеміз. Арнаның шығармашылық құрамы 38 адамнан құралған. Бұрын «Хабар», «КТК» сынды телеарналардан тәжірибе жинақтаған 3 маман Астанадан келіп отыр. Білікті мамандардың іріктеуінен өткен жергілікті кадрлар да жұмысқа қабылданды. Жаңашыл бастамаларымен, тың жобаларымен танылғысы келетін жастар да бар. Болашақта республикаға хабар тарататын үлкен телеарнаның біріне айналсақ деген асқақ арманымыз бар, – дейді телеарна директоры Дана Жұматаева. Арнаның атауына байланысты бас редактор Зарина Қуатова: – Жеті саны халқымыз үшін қашанда киелі болған. Сондықтан игі ісімізді қазақтың 7-сімен атауды жөн көрдік. Елімізде «7-арна» бұрыннан бар болғандықтан, біз екі жеті санымен атадық. Кейбіреулер арнамызды «Жетпіс жеті» деп шатасып жүр, біз – «Жеті-жеті TV» деп аталамыз, – деді. Талдар бүршік жарып, бәйшешектер гүл ашқан наурыз айында алғашқы хабарларын ұсынғалы отырған «77 TV» арнасы көрермендердің көзайымына айналады деп сенейік.

Эльвира  ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар