«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған
ашық дереккөз
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған

аналар мен арулар мерекесіне орай салтанатты жиын өтті

Көктем, наурыз десе, көз алдымызға ең алдымен ана­лардың жарқын жүзі, ару­лардың айдай бейнесі келетіні сөзсіз. Өйткені, көктемнің алғашқы айы 8 наурыз – барша нәзік жандылардың мерейін тасы­татын Халықаралық әйелдер күні. Мерекеге орай өткен «Баласағұн» орталық концерт залындағы салта­натты жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аналар мен қыз-келін­шектерді төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Ардақты аналар, құрметті әріптестер! Табиғат ананың жаңаруын, мейірім жылулығын ала келетін Халықаралық әйелдер күні – біз үшін ерекше мереке. Өйткені, ана – тіршіліктің бастауы, қайнары. Ананың жүрегі нәзік болғанмен, рухы мықты. Сондықтан да, адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бас имейтін адам жоқ. Баршаңызды осынау мейірімі мен шапағаты мол 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Адамзат тарихында, қазақ халқының арғы-бергі өмірінде ананың бақытын бәрінен де биік қойған. Ананы шаңырақтың ұйытқысына балап, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп таныған. Ондай ақ жаулықты аналарымыз болса, еріне – тірек, ел бірлігіне тұтқа бола білген. Ғасырдан-ғасырға жеткен, аты аңызға айналған Ұмайдан бастап, ежелгі Тұмар, Домалақ, Бопай аналарымыз, Айғаным ханша, Дина күйші секілді бұтағына жемісі сыймаған қазақ қыздары, қазақ әйелдері қалың жұрттың жүрегінде жатталған. Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу секілді арулар адал махаббаттың мәңгі үлгісіне айналған. Әлия мен Мәншүк сынды батыр қыздардың да ерліктері ел есінде. Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі – алтын жүрек аналарымыз біздің халқымыздың ең құнды қазынасы болып қала бермек. Ұлттың ұлын тәрбиелеп, отбасының ынтымағын сақтап, әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету – қай ұрпақтың да перзенттік парызы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз еліміздің керегесін нығайтып, шаңырағын биікке көтеруші – аналар» дегеніндей, бүгінгі жеткен жетістіктеріміз, алған асуларымыз – сіздердің арқаларыңызда, құрметті аналар. Ұлағатты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп өсіруде де ананың қажыр-қуатын ештеңе алмастыра алмайды. Сол үшін де сіздерге қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес. Облысымыздың бүгінгі жемісі мен жетістігі әйелдердің күнделікті тірлігіне, қайсар еңбегіне, тәрбиесі мен тәліміне толы, – дей келе, Кәрім Көкірекбаев барша аналар мен аруларға ізгі лебізін арнады. Сондай-ақ, өңір басшысы облыс халқының 50 пайызын әйелдер мен қыз балалары құрайтынын айтып өтті. Оның 20600-ге жуығы көп балалы аналар екеніне тоқталған Кәрім Көкірекбаев облысымызда 8200 «Алтын алқа», 12400 «Күміс алқа» иегері атанған батыр аналар бар екенін мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, өңір басшысы өз құттықтау сөзінде он екі баланы өмірге әкелген байзақтық Тұрсынкүл Дәулетбаева, үш рет егіз босанған Райкүл Рәпішева секілді көп балалы аналардың, өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдер мен өнер, спорт саласында толағай табыстарға жетіп, облыс абыройын асқақтатып жүрген нәзік жанды таланттардың есімін ел алдында ерекше атап өтіп, оларға деген шексіз алғысын ақтарды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Концертте танымал өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Кештегі барлық шығармалар аналар мен арулардың құрметіне арналды. Әсіресе, «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әнші Жанатбек Кәдіровтің орындауындағы «Даланың ару қызы», Құрмаш Маханов пен «Астана» тобының шырқауындағы «Ана», «Қыздар» квинтетінің орындауындағы «Бақытты әйел» әндері тыңдаған құлақтардың құрышын қандырды. «Тараз» триосы, Мадина Сағынбекова, Нұргелді Жолдасовтың анаға арналған тамаша туындыларды әуелетіп шырқағаны да жүректердің қылын шертті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар