«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

МӘҢГІЛІК ЕЛ МӘДЕНИЕТІМЕН де МӘңгІ

МӘҢГІЛІК  ЕЛ  МӘДЕНИЕТІМЕН  де  МӘңгІ
ашық дереккөз
МӘҢГІЛІК ЕЛ МӘДЕНИЕТІМЕН де МӘңгІ

 Әбдімомын 

Желдібаев, күйші- композитор.

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын!» деген сөздері жан жүрегіме жетіп, тал бойымды тебірентті. Өйткені, біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік болғандықтан, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына құтты қадам бастық. Елбасының көреген әрі сындарлы саясатының арқасында талай биіктерді бағындыратынымызға сенімдімін. «Мәңгілік Ел» болу идеясының ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық торқалы тойын өткізу қарсаңында қызу қарқын алуы табиғи заңдылық. Азаттықтың арайлы ақ таңын сан ғасырлар бойы армандаған ата-бабаларымыздың Ұлы дала төсінде терімен де, қанымен де ерлік дастандарын қалдырғанын тарихтан жақсы білеміз. Адамға алдымен бостандық керек екендігін үлгі тұтқан олар мың өліп, мың тірілгендей күй кешті. Біз мұның бәрін енді біліп, оның орнын толтыруды басты мақсатқа айналдырдық. Осының нәтижесінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай бетбұрыс жасадық. Сондықтан Ел Тәуелсіздігі – басты құндылық.

Ұлттық өнеріміздің уығын қадасқан, шаңырағын көтеріскен, топты жарған тарландарымыз Әулиеата елінде, Жамбыл жерінде қай кезде де аз болмаған. Осы сара жолды өрелі өнерімен жалғастырып келе жатқан бүгінгі саңлақтарымыз да ел құрметіне бөлене білуде. Бұған дәлел де, дәйек те көп. Соның бір жарқын көрінісі жамбылдықтардың өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын айрықша атап өтуі дер едім. Сондай-ақ, жамбылдықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтуде айтарлықтай асуларды алып, халықтар достығы мен ұлттар жарасымдығын дәріптеуде аянып қалған жоқ. Жыл бойы бірлік пен достық мерекесі көңілді көтерді, жүректерді жігерлендірді. Сонымен қатар, аға ұрпақ өкілдерін ардақтау мен құрметтеу үрдісі облысымызда кеңінен қанат жаюда. Мәселен, 1941-45 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту мақсатында маңызы аса зор мәдени шаралар көптеп өткізіліп, соғыс ардагерлері мен тыл тарландарына үлкен қамқорлық жасалынды. Соның жарқын бір дәлелі, біздің Шу ауданының орталығы Төле би ауылының «Даңқ» аллеясында Шу өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқан мыңнан аса жауынгердің аты-жөні жазылған қос қабырға тақта бой көтерді. Шу қаласындағы С.Шәкіров көшесінің бойына Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің еңселі ескерткіші тұрғызылды. Тағылымы мол, танымы көп осындай мәдени шаралардың облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың баянды басшылығымен, ұтымды ұйымдастырушылығымен дайындалып, өткізілгендігін үлгі-өнеге тұтамыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын басшылыққа алған облыстық мәдениет басқармасы да өткен жылы шығармашылық шеберліктерін шыңдай отырып, ілкімді іскерліктерін жетілдіре түскенін атап айтқанымыз жөн. Елбасымыздың тиянақты тапсырмасы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы Астанада бастау алып, Таразда жалғасатыны жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өмірге келді. Бұған дейін хандықтың мерекесін мерекелеп көрген емеспіз. Үлкен жауапкершіліктің ауыр салмағының бір ұшы жамбылдық мәдениет және өнер қайраткерлеріне түсетіндігін терең сезіндік. Сын сағатта сыр бермеу үшін дайындық шараларына жұдырықтай жұмылып, бір кісідей кірісіп кеттік. Әркім өзіне тиісті шаруаны күйттеп, намысты қолдан бермеуге күш салдық. Атап айтқанда, Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша тарихи-танымдық бауырластықты дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасы ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолы» мәдениет керуенін Жамбыл жерінде құшақ жая қарсы алдық. Алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібектің еңселі ескерткіштері бой түзеді. Ұлы той қарсаңында Тараз қаласы қайтадан тотыдай таранып, өзіндік сәнімен ерекшелене түсті. Осының бәрі жамбылдықтардың қандай сынақтан болмасын сүрінбей өтетіндігінің жарқын дәлелі ретінде есте қалды. Таразда өткен Қазақ хандығының 550 жылдық тойына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, ел алдында, жұрт ортасында ұлт тарихы жайлы терең тебіреніп, салиқалы сөз сөйледі. Сондай-ақ, Елбасы хандықтың тойы – халықтың тойы екендігін кеңінен насихаттай білген жамбылдықтарға алғысын білдірді. Мұндай жоғары баға алу үшін облыстағы мәдениет және өнер қызметкерлерінің айтарлықтай үлес қосқандығын мақтан тұтамыз. Мәселен, біздің Шу аудандық Мәдениет үйінің өнерпаз ұжымы облыс орталығында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында ұйымдастырылған Мәдениет күндерін бағалау нәтижесі бойынша 12 орындық жолаушылар тасымалдайтын «Газель» автокөлігін иеленді. Тәуелсіздікті тәу еткен ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманына біз қол жеткіздік. Ал Тәуелсіздікті тұғырлы ету – бізге сын. Оны көзіміздің қарашығындай қорғау мен сақтау – күн тәртібінен түспейтін ұлы міндет. Сондықтан мәдениет саласының қызметкерлері мен саңлақтары ата-баба аманатына, Ұлт Көшбасшысының өсиетіне адалдық танытады. Сахнаға шыққаныма, көрермендер алдында өнер көрсеткеніме алпыс жылдан асты. Тоқырау жылдарының тұсында ауыл клубтарының жабылып қалғандығын, ауыл өнерпаздарының жұмыссыз жүргендігін, сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінің жылытылмағандығын көзбен көрдік. Ел еңсесін көтерген сайын оның бәрі ұмытылды. Мемлекетіміз мәдениетке жаңаша, жанашырлықпен қарай бастады. Меніңше, Мәңгілік Ел болу үшін ел мәдениеті де жоғары сатыда болуға тиіс. Тәуелсіздіктің арқасында ел алдындағы еңбегім жоғары бағаланып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына да, «Құрмет», «Парасат» ордендеріне де Тәуелсіздігіміздің арайлы ақ таңы атқаннан кейін ие болдым. Мәдениет майталмандарына Тәуелсіздігіміздің шапағаты молынан түсіп тұрғандығын айқын сезіндім.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар