«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір атаның баласындаймыз

Бір  атаның  баласындаймыз
ашық дереккөз
Бір атаның баласындаймыз

Сулхаддин Мустафаев, Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі.

Қазақта «алғыспенен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген мақал бар. Соны дәл бүгін айтудың реті келіп тұр. Бағзы бір кездері сонау әзірбайжан республикасындағы Нахичеван ауданынан біздің аталарымыз күштеумен қазақ жеріне жер аударылып келген еді. Жолай қаншама адам аштан қырылды деп айтып отыратын үлкендеріміз. Ең алғашқы табан тіреген жеріміз – Талас ауданындағы Ойық ауылы екен. Бұл жаққа келгенде де «жерсінбей», талай адам опат болған деседі. Сонда ауылдың ақсақалдары республика басшыларына шығып, күрдтерді таулы аймаққа қоныстандыруды өтініпті. Олардың тілегін қабыл алған Үкімет 1939-1940 жылдары Қаратаудағы ең құйқалы өңір – Қасқабұлақтан жер беріпті. Сол жылы-ақ жер атауымен колхоз құрылып, аз жыл ішінде ақ бұл ұжымшар «миллионер» шаруашылыққа айналған екен. Міне, содан бері 78 жыл өтті. Колхозымыз кейінгі тың игеру жылдары құрылған «Қаратау» совхозының құрамына ферма болып енгізілді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 2005 жылы Қаратау ауылдық округінен ауылымыз өз еншісін алып шықты. Қасқабұлақ ауылы бүгіндері аудандағы ең бай-қуатты елді мекендердің бірі. Ауылымызда мыңнан аса халық тұрады. Өз орта мектебіміз, балабақшамыз, дәрігерлік пунктіміз, кітапханамыз, Мәдениет үйіміз бар. Жан басына шаққанда мал саны жөнінен де алдыңғы орындамыз. Көсегенің көк жонына егін егеміз. Қысқасы, ауылда әлеуметтік мәселенің барлығы шешімін тапқан. Осының барлығы Елбасының сара саясатының арқасында болып жатқан жақсылықтар. Әсіресе, оны қиын-қыстау кезеңдерде біздің ата-бабаларымызды жатсынбай қарсы алып, туғанындай бауырына басып, ауызындағысын жырып берген қазақ халқының мәрттігі мен асылдығы деп білеміз. Сол жарасты туыстығымыз алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенеміз. Өйткені біздер бауырдай араласып, туыстай болып кеттік. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, пейілі кең, қазақ халқына мың алғыс!

Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар