«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мейірбан қазағымыздың арқасында тірі қалдық

Мейірбан қазағымыздың арқасында тірі қалдық
ашық дереккөз
Мейірбан қазағымыздың арқасында тірі қалдық

Алғыс айту күнін белгілеу туралы ойды алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында өткен ХХІІ сессиясының ашылуында ортаға салған еді. «Сталин режімінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлерде қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді» деген Президенттің сөзін тыңдағанда, менің көз алдыма бала кезімнен еміс-еміс есімде қалған жүдеу көріністер келіп еді. 1943 жылы қоңыр күзде кавказдықтар Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Олардың қатарында біздің қарашай мен балқарлар да бір түнде пойызға тиелдік те, жол тарттық. Қолға іліккендерді ғана алып, туған үйіңді, дүние-мүлкіңді қалдырып, беймәлім жаққа қоныс аудару қайдан оңай болсын?! Баратын жағымыздағы тілі де, дәстүрі де бөлек халық қалай қарсы алады деген дүдәмал ой үлкендерді мазалайды. Оның үстіне, алда қаһарлы қыс келе жатты. Ол кезде мен тоғыз жасар баламын. Бала да болсам ұлтымыздың басына төнген ауыртпалықты сезінемін. Біздің отбасында үлкен әжем, әкем, шешем және үлкеніміз он бес, кішіміз екі жастағы алты баламыз. Әлі есімде, бір эшелон қоныс аударылғандарды Фрунзеден жан-жаққа бөлді. Көбі Қырғызстанда қалды. Біразы ат арбалармен Қордай өңірінің Георгиевка, Успеновка, Благовещенка, Красногор, Қасық ауылдарына жеткізілді. Алғашқыда өте қиын болды.

Айналадағының бәрі бөтен: табиғаты да, адамдары да жат. Бірақ, мейірбан қазақтардың арқасында біртіндеп жаңа ортаға бой үйрете бастадық. Бүгінде жасым сексен екіге қарады. Өткеннің бәрін ой елегінен өткізе келіп айтарым – сол қиын кездері қазақтай меймандос халықтың кең құшағы болмағанда аман қалуымыз неғайбыл еді-ау. Қазақтар алыстан арып-ашып келген бізді үйлеріне паналатты, өз балаларының аузынан жырып ас-ауқатымен бөлісті. Соғыстан кейінгі жылдары олардың өздеріне де оңай емес еді. Ер-азаматтарының көбі майданнан оралмай жатты, шаруаның бәрі қарттар мен әйелдердің, белі қайысқан жасөспірім балалардың иығына артылды. Біз де оларға қосылып өгіз соқа айдадық, аңыздан масақ тердік. Балалық шағымызға тұспа-тұс келген аштық пен тапшылық бізді ерте есейтті. Қазақтар өздері қиналып жүріп те бір қиырдан тағдыр тауқыметімен жер ауып келгендерді қамқорлығына ала білді. Сол үшін қазақ халқына басымды иіп, алғысымды айтамын. Шүкір, қазақ жеріне тамыр жайып, өркендеп келеміз. Балаларым мен немерелеріме қиын күндерде көрген жақсылығымызды ұмытпауды аманаттап айтудан жалыққан емеспін. Кейіннен Кавказға қайтқан туыстарымыз ара-тұра қонаққа келгенде Қазақстанның бүгінгі өзгерген келбетіне таңдай қағып тамсанады. Оларға мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екенін айтамын. Шынында да солай, еліміздің бүгінгі жетістіктерінің барлығы көп ұлтты халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасында болып жатыр. Президенттің пәрменімен құрылған Қазақстан халқының Ассамблеясы барлық игіліктердің ұйытқысы деуге болады. Тек қарашайлар емес, тағдырдың жазуымен әр кезеңде қазақ жерінен қоныс тапқан басқа ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқына зор құрметпен қарайды. Президенттің былтырғы айтқан ұсынысы қолдау тауып, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл еліміздегі барлық ұлттың бір-біріне және депортацияланған халықты қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп түсінуіміз керек. Бұл – ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін мереке. Елімізде өмір сүріп жатқан ұлыстар достығына, түрлі ұлт өкілдерінің тарихына қызығушылықты арттырып, азаматтық-патриоттық көзқарасты нығайтуға қызмет ететін саясат. Сол үшін де осындай мереке сыйлаған Президентке алғысымыз шексіз.

Иосиф Коркмазов, зейнеткер.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар