Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толды. Айтыс әлемінің ақтаңгері атанған абыз ақынның мерейтойы ел көлемінде кеңінен тойлануда.
Ұлы ақынның туған күніне орай Төле би көшесінің бойындағы ақын ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Бұл күні күн көкжиектен көтерілісімен қала жұртшылығы орталық алаңға таяу маңдағы жыр алыбының еңселі ескерткішіне қарай ағылды.
Олар алдымен мерейтой барысында ұйымдастырылған облыстық, қалалық «Жамбыл оқулары» байқаулары мен ақынға арналған мүшәйралар жеңімпаздарының өнерін тамашалады. Талантты ұл-қыздардың бір парасы жүз жасаған алып бәйтеректің өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа оқыса, жас ақындар Жамбылға деген балаң жүректерін жарып шыққан жауқазын жырларын арнады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған облыс, қала әкімдіктерінің барлық басқарма, департамент, бөлім және мекеме ұжымдары гүл шоқтарын салтанатты түрде ескеркішке қойып, тағзым етті. Өңіріміздегі жоғары оқу орындарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің мүшелері де өз ықыластарын жеткізіп, ақын тұғырын гүлмен көмкерді. Облыстың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен әдебиет жанашырлары да осы игі шара барысынан табылды.
* * *
Осы күні тараздықтар «Баласағұн» орталық концерт залында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Аңызға айналған, заманы қайраған Жамбыл» деп аталатын бір жарым сағаттық толық метражды фильмді тамашалады. Ғасыр жасаған замана жыршысының өмір жолы мен шығармашылығы туралы баяндалған картина алдағы уақытта отандық телеарналардан ел көрермендеріне жол тартпақ.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласы серпінді дамуда
- 14 қаңтар, 2025
Метапневмовирус қаншалықты қауіпті, облыстағы жағдай қандай?
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді