150 жыл бұрын

150 жыл бұрын
ашық дереккөз
150 жыл бұрын

Ақ патша әскері Алатау мен Қаратауға қол салды. Қол салғанда мол салды

Кім келіп, кім кетпеген өңір бұл. Әулиеата даласынан қоқаңдаған қоқандықтарды ығыстырып, мылтығын шошаңдатып, дүңкілдеген зеңбірегін сүйретіп, темір құрсаулы ақ патшаның әскері де келді. Бұл – отарлау саясаты 1864 жылдың 4 маусымында жүзеге асырылған еді. Жат табаны қазақ даласының жусанын осылай тағы бір жапырды. Қаруын сүйрете келген отаршыл офицерлерден қорқып, Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерін мекен еткен қазақ та, басқа да ауды. Тіпті, шығысы Балқаш көліні14

ң жағасы мен батысы Ақмешіттің ар жақ-бер жағын, солтүстігі Бетпақдалаға дейінгі аралықтағы қазақтарды елу бес жыл алым-салығымен тыпыр еткізбей ұстаған қоқандықтар да ақ патша әскеріне қауқар көрсете алмай пысып кетті. Бұған дейін Алматыда (Верныйда-авт.) бекініс орнатып, әбден нығайып, күшейіп, қатарына патшалық Ресейді қолдаған казактардан жасақталған әпербақандарды қосып алған патша әскері 1864 жылдың алғашқы айларынан бастап-ақ қазақ даласының оңтүстігін және қырғыздардың солтүстігін отарлап алу ниеттерін жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен. Патша әскері алдымен, Әулиеата өлкесі туралы жан-жақты зерттеді, мәліметтер жинастырды. Жинаған деректерді тиісті мекемелерге, яғни, орталыққа тұрақты түрде хабарлап отырды. Өзбекстанның орталық мұрағатында Түркістан өлкесін орыстардың жаулап алғаны жөнінде толық мағлұмат беретін «Полковник Н. Г. Серебренниковтің қоры» деп аталатын аса құнды тарихи құжаттар мен Ташкенттен шыққан «Туркестанский край. Сборник материалов для история завоевания Туркестанского края» деп аталатын жинақ бар. Аталмыш жинақты парақтап отырып, патша офицерлерінің қазақ даласынан көргені мен білгенін жоғарыға хабарлауды бір сәтке де тоқтатпағанына көзіңіз жете түседі. Мәселен, Сібір корпусының командирі А. Дюгамельдің әскери министрге 12 ақпанда жолдаған ақпарында Шу аңғарындағы көшпелілерді Қоқан хандығы жағына тарту үшін Әулиеатаға жаңадан Ташкент билеушісі болып тағайындалған парваншы Қойшының келгенін, оның патшалы Россияға қарсы үгіт-насихат жүргізіп, үндеулер таратқанын, сонымен қатар, ол Шу аңғарында көшіп жүрген қырғыздарды Қоқан қыпшақтарымен бірлесіп, орыстарға қарсы күресуге үгіттеп жүргенін хабарлайды. Сондай-ақ, осы жылдың 24 ақпанында 12Алатау округі бастығы генерал Колпаковский Сібір әскери корпусының командиріне хат жолдап, Шу аңғарында көшіп жүрген қырғыздар мен қара қырғыздардың (қазақтардың-авт.) арасындағы өшпенділік жайлы, жақында ғана дулаттардың малын қырғыздардың барымталап айдап кеткенін жазады. Хатта ол өзінің талап етуімен тұтқыннан прапорщик Сұраншы Хакімбеков (Сұраншы Ақымбекұлын хатта осылай жазған –авт.) пен оның бауыры Андас биді босатып алғанын, олардың көктем шығысымен туған жерін тастап, Таласқа көшетіндері жайлы баяндаған. Алатаудың шығыс бөктерін, Іленің сол жағалауы мен Қаскелең, Шарын өзендерінің жағалауын мекендеген қазақтардың 1850 жылдары біртіндеп қазақ даласына дендеп енген отаршылдардан қорқып, қоқандықтарға қарай көшкені мәлім. Сол кезде қырғыз манаптары орыс патшасы Николай І-ге Кенесары ханның әскерін қиратып, ханның басын алғандарын алға тартып, сол жерлерге өздерінің түкпілікті ие болғысы келетіндерін, қазір бос қалған өңірге қоныстанып алғанын баяндап, хат жолдаған. Сол кезде Сұраншы батырдың қырғыздардың арам ниеттерін жүзеге асыруына қарсы тұрғаны тарихтан белгілі. Сөйтіп, Жетісудың бір бөлігін иеленіп алмақ болған қырғыздардың ойы орындалмай қалған еді. Мұрағаттағы деректерге қарап, оңтүстіктегі қоқандықтардың әрбір іс-әрекеті назарда болғанын байқайсыз. 4 мамырда генерал А. Дюгамельдің жоғарыға жолдаған ақпарында қоқандықтардың Әулиеатадағы әскери күші туралы, 13Ташкенттен қалаға қосымша күш ретінде 400 ләшкер жіберілгенін, бекіністе 4 зеңбірек, 5 ірі шойын оқ атқыш барын, ешқандай қорғаныс жұмысы жүргізілмей жатқанын, олардың азық-түлігі тапшы екенін, киімдерінің ала-құлалығын, қоқандықтар қанша тәртіп орнатамын дегенімен бекіністе анархияның орын алғаны жөнінде де мәліметтер берген. Осындай ақпараттар арқылы орыс әскері қоқандықтардың сыртқы саясатынан да жақсы хабардар болып отырған. Қоқандар патша әскерінің Әулиеатаға бет алғаны жайлы хабар алысымен бұрын өштесіп жүрген Бұқар әмірінен көмек сұрауға мәжбүр болады. Бұқарлықтар «бізді паналап отырған Қоқанның бұрынғы ханы Құдиярды қайта таққа отырғызсаңдар, көмек қолын созамыз» деген шарт қояды. (Орайы келгенде айта кетейік, Құдияр билік басына бес рет келіп, бес рет кеткен. Соңында Ресей отаршыларын паналап, бодан болған-авт.). Алайда, Қоқан хандығының құрамындағы аса ықпалды қыпшақтар олардың бұл шартымен келіспейді. Осыны пайдаланып, Бұқар әмірі Қоқан хандығына шабуылға шығады. Қоқандықтардың арасында алауыздық өршіп, Түркістан бегі жаңа ханды мойындамай сарттардың жағына шығады.(Сарт-ХҮ-ХХ-ғасырдың алқашқы ширегінде Орта Азияны мекендеген халықтың атауы. Сарттар тәжіктерге ұқсас. Бірақ, «сарт тілі» аталатын түркі тілінің ерекше диалектісінде сөйлейді. Ф. А. Брогауз бен И. А. Ефронның энциклопедиялық сөздігі). Оқырмандарға түсінікті болуы үшін мына жағдайды да айта кетейік. Қоқан хандығында қазақ тайпалары басым болған. Оның басым көпшілігі қыпшақтар болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан да патшалық Ресейдің қазақ жеріндегі әскери корпустарының басшылары қоқандықтарды «қыпшақтар» деген. Ол орынды да. Қазақ тайпалары биліктің барлық саласында қызмет еткен. Қоқан хандығының бас қолбасшысы және бірінші министрі Мұсылманқұл қыпшақ еді. Оны Құдияр хан таққа қайта келгеннен кейін дарға асқан. Сөйтіп, қасына қазақ тайпаларының арасынан құдалары – сиқымдарды көбірек тартып, солардан датқа қойған. Мұсылманқұлдың баласы Әбдірахман – Құдияр ханға қарсы көтеріліс ұйымдастырушылардың бірі. Қыпшақ Әлімқұлдың да Шымкентті қорғауда ерекше белсенділік көрсеткені туралы дерек бар. Жазушы Момбек Әбдікәкімұлы оның Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдыру ниеті болғанын жазады. Кейбір деректерде «қыпшақ» деп жалпылама аталғанымен ол дулаттың бір баласы екені, Құдиярға жақын болғандығы жазылады. Жалпы, Құдияр беделді қазақтармен құдандалы болған. Патша әскері қазақтың оңтүстігін басып алар алдында Қоқан хандығындағы қыпшақтар мен сарттар арасында бақталастық, күндестік, қызғаныш өршіп тұрған екен. Патша тыңшылары осы жағдайды тиімді пайдалана білді. Бір жылда, нақтырақ айтқанда маусым мен қыркүйек айларында Түркістан, Әулиеата мен Шымкентті жаулап алды. Сонымен, 1864 жылдың бірінші мамырында полковник Черняев басқарған орыс әскерінің корпусы Верныйдан шығып, Әулиеатаға беттегенін жоғарыда айтып өттік. Алдымен, Тоқмаққа аялдап, Меркіні алды. Ешқандай қарсылық, қақтығыс болған жоқ. Оның өзіндік себебі де бар еді. Бұған дейін ақ патша барлаушылары Қазақстанның оңтүстік өңірін бір емес, бірнеше рет сүзіп өткен. Шағын әскери топпен елді аралап, өздеріне жақтастарды да іздестірді. Қырғыз манаптарымен, қазақ батырлары мен билерімен пікірлесіп, сый-сияпат үлестірді. Мұндай жұмыстарды өзге орыс офицерлері де жүргізген. Осы жорықтың алдында, нақтырақ айтсақ, екі жыл бұрын полковник М. Герасимов бастаған шағын топ Меркіге дейінгі қазақ жерін аралап, барлау жүргізгені жайлы деректер бар. Сол сияқты старшина Бутаковтың Әулиеатаға барар жолдағы қырғыз манаптарымен тілдесіп, Ресейге бодан болу үшін берген анттарын қабылдап қайтқаны, бұл аз десеңіз, тыңшылар қырғыз бен қазақ арасындағы дау-дамайды, барымтаны да өз пайдаларына шешіп отырғаны туралы жазбалар да кездеседі. Генерал-майор Кройепус Черняевтің мәліметін толықтыра отырып, осы жайттарды хабарлаған. Ол тұрғылықты халықты орыс жағына шығаруда штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов пен Алатау округі бастығының көмекшісі, поручик Мединскийдің көп еңбек еткенін айтуды да ұмытпапты. Патша әскері Әулиеатаны жаулап аларда оның сыртқы қарым-қатынасы, қаланың ішкі қорғанысы, тұрғылықты халықтың құрамы жайында жақсы білген. Сібір корпусының командирі, генерал-майор А. Кройепустың Ресей үкіметінің вице-канцлеріне 1864 жылдың 7 наурызында жолдаған ақпары – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл мәлімет сол кезде отарлаушыларға аса пайдалы болған сыңайлы. Ал, бүгінде тарихшылар мен өлкетанушылар үшін дерек көзі ғана. Генерал-майор ақпарында Әулиеата қаласының ішкі қорғаны (цитаделі-авт.) 170х50,70х275 көлемінде тік төрт бұрышты екенін, қорғанда ұзын бес көше мен оны қиып жатқан тар бес көшедегі 517 үйде жайма дүкен барын, 66 үйде дүкеннің жоқтығын хабарлайды. Қорғанның ішінде бір шойын құятын зауыт, 8 ұстахана, керуен сарай және үш мешіт барын айғақтайды. Сонымен бірге ол қорғанға іргелес орналасқан қаланың құрылысы жайлы айтуды да ұмытпапты. Онда төрт түзу көшеде 250 үй, 5 мешіт, 22 жайма дүкен, шойын құятын зауыт, 15 тері илейтін, 2 сабын қайнататын, 2 шам жасайтын кәсіпорын болған екен. Сондай-ақ, 3 керуен сарайы мен 2 монша күні-түні ашық тұратынын да жеткізген. Бір қызығы, қорғанда үш шымырдың үйі бар екенін қадап айтыпты. Шымырлардың қалада тұратындығына неге ерекше мән бергені бізге түсініксіз. Тағы бір ақпар беруші Әулиеатада қоқандықтардың тереңдігі 9 сажын болатын шөлмек іспеттес зынданы бар екенін де жеткізген. Орайы келгенде айта кетейік, Қоқан хандығы тұсында қамалдарда негізінен сарттар тұрған. Ал, жергілікті халық қала сыртын мекен еткен. Міне, осындай барлау жұмыстарының арқасында Черняевтің әскері еш қиындықсыз Әулиеатаны басып алған еді. Патша офицерлерінің жазбаларына сүйенсек, Тоқмақтан шыққан әскер 8 күннен кейін 22 мамырда Меркіге жеткен көрінеді. Қоқандықтар алды артына қарамай тырағайлап қашып, Меркі бекінісі қирап, онда аурулар мен өліктер ғана қалыпты. 24 мамырда бекіністі жөндеу және малға керек жемшөпті жинау жұмысы басталған. Бұл жұмысты 3-4 күнде бітірген отаршылдар 28 мамыр күні Әулиеатаны бетке алыпты. Черняев көне қалаға 3 маусым күні жететіндігін де болжап қойған екен. Ол маусымның 6-сы күні Сібір корпусы командирінің Шу отрядының бастығына жолдаған ақпарында Әулиеата бекінісіне қалай шабуыл жасағаны жөнінде тәптіштеп айтады. «Жоғары мәртебелім, сізге 28 мамырдағы жолдамада айтқандай, Меркіден шығысымен Ұзынбұлақ шатқалында жауды кездестірдік. Осы жерде бізді қоқандықтар Әулиеатаға жақындағанда қарсы алатындығы жөнінде хабар алдық» – дей келіп, артық деген ауыр жүкті екі рота мен елу шақты казактары, екі батарея зеңбірегін қалдырып, өзге күшпен Әулиеатаға қарай жорыққа шыққанын хабарлаған. Көп ұзамай олар тағы да қоқандықтарды кездестірген. Алайда, екі жақ та бір-біріне оқ атпастан бейбіт тарқасады. «Әулиеатаға 7 верст қалғанда әскерді аялдатып, олардың қиын да қауіпті 25 верст жерді жүріп келгенін еске алып, демалуға рұқсат бердім. Біз аялдаған жерден 5 версттей жерден тағы да қоқандықтарды байқадық. Үш сағат демалғаннан кейін отряд жоғарыда айтылған биікке қарай қозғалды. Алдымызда екі ракетті станокпен күшейтілген казактардың жүздігі мен қырғыздардың (қазақтардың-авт.) милициясы, тау взводы мен атқыштар ротасы жүрді» – делінген хатта. Әскер биік жоталардан асып, Тектұрмасқа жақындағанда қоқандықтар тағы да теріс айналып, қақтығыспай, оқ атпай, қалаға қарай шегініп кетіпті. Патша офицерінің жазуынша, олардың қарасы 1500 сарбаз бен 300-дей атты әскер. Дәлдеп зеңбіректерден атылған снарядтар олардың зәре-құтын қашырыпты. Қырға батереялық және атты дивизионды, 2 ротаны қалдырып, өзге әскерді бір версттей жерге орналастырған Черняев бөктерге түсіп, бекер қан төгіспеу үшін Әулиеата бекінісінің комендантына хат жолдаған. Хатта былай делінген:

«Әулиеата бекінісінің құрметті бегі Ниязалы датқаға! Біздің айтпағымыз мынандай: Ұлы патшаның еркі бойынша мен Әулиеатаны басып алуға келдім. Алдын ала айтатыным, босқа қан төкпей сіздердің ақ патша әскеріне берілулеріңізді ұсынамын. Сіздер бәрібір бекіністі қорғай алмайсыздар. Қосқорған, Қамысқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Дінқорған және хандықтың үлкен қорғаны Пішпек қанша ерлікпен шайқасса да, басынан өткізген тағдыры, Қоқан әскерінің Құмсауыт, Ақмешіт және Ұзынағашта жасаған әрекетінен ешнәрсе шықпағанын естеріңізге алсаңыздар, орыс қаруына бас иетіндеріңіз анық. Менің ұлы қуатты патшамның атынан сіздерге егер, атыссыз бекіністі босатсаңыздар өмірлеріңізді, бостандықтарыңызды, дүние-мүліктеріңізді сақтауға уәде беремін. Өткен жылы менің басқаруыммен орыс әскерлері Созақ пен Шолаққорғанды басып алған болатын. Сол кезде де мен сөзімде тұратындығымды дәлелдегенмін. Менің ұсынысымды қабылдамасаңыз, Сіз, Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыз, гарнизонның және тұрғындардың қырылуына мұрындық боласыз, егер сіз ақылға қонымды шешім қабылдап, бекіністі берсеңіз ханыңызға алдағы уақытта ішкі және сыртқы жаулармен шайқасатын батыр сарбаздарды сақтап қаласыз. Қорғанғыларыңыз келе ме, ол өздеріңіздің шаруаларыңыз, ал оның салдарын өздеріңіз тартасыздар. Жауапты 3 сағат күтемін.

Полковник Черняев».

Бұдан кейін хабарламада орыс әскерінің қолбасшысы белгіленген уақытта жауап келмегендіктен, бекіністі 4 жеңіл және 4 батарея зеңбіректерінен атқылауға бұйрық бергенін де жеткізген. Хабарламада келесі күні таңғы сағат алтыда Ниязалы датқаға арнайы хатпен жіберілген штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов пен датқаның бір адамы ілесе келгені, олар датқаның ойлануға 14 күн сұрағанын жеткізгені жазылған. Бірақ, Черняев бұған дейін бекіністі атқылаған зеңбіректердің қатарына тағы да 8 зеңбірек қосып және 2 пұттық қарудан атқылауға бұйрық берген. Бұл күнгі орыстардың бекініске шабуылы осымен тоқтаған. Келесі күні арттан жеткен арнайы көліктің көмегімен бір ротаның жартысы және станокты қарумен қаруланған казактар жүздігі Таластың сол жағалауына өткен. Черняевтің жазбаларынан аңғарғанымыз, бұл жасақ негізгі күшке жол ашқан. Артиллериялық атқылаудан кейін бекіністің дуалдары сөгілген. 4 маусым күні полковник Черняев таңғы алтыда қосынына әскер қалдырып, бес ротаны, казактардың жүздігін басқарып, 8 зеңбіректі сүйретіп, себелеп тұрған ақ жауынды жамылып, Талас өзенінен өтіп, бекіністің батыс жағына жақындайды. Черняев әскері бүкіл артиллерияны бекініске алдымен 400, одан кейін 300 аршындай жерге жақындатып, қаланы тағы атқылай бастайды. Қоқандықтар басқыншыларға қарсы әскерінің басым күшін және 4 шағын зеңбіректі қояды. Алайда, отаршылардың қуатты артиллериясына, атты әскеріне, сегізінші батальонның 1-ші, 2-ші атқыштар ротасына, саперларға және олардың соңынан жеткен артиллериясы бар екі ротаға айтарлықтай қарсылық көрсете алмаған. Черняевтің мәліметтері бойынша, қала билеушісі Ташкенттен көмекке келген 400 атты ләшкерімен (немесе сыпайымен) цитадельді тастап, ұзын қабырғаларды қалқаланып қашып кеткен. «Біз атқылағаннан кейін екі сағаттың ішінде қала бекінісі, цитаделі толық біздің қолымызға көшті. Мұндай жеңіл жеңіске жетуіміздің басты себебі – артиллерия мен жаяу әскердің бірлесе шабуыл жасауының нәтижесі» – деп жазған Черняев. Бұл шайқаста отряд бойынша сегіз жауынгер жеңіл жарақаттанып, бір офицері мен солдат контузия алыпты. Черняевтің Әулиеата бекінісін алу тактикасы ол кезде шын мәнінде, назар аударарлықтай. Өзінің хатында ол бекіністі үш күн бойы зеңбірекпен атқылағанын, себелеп тұрған жаңбырға қарамай екі сағатта бекіністі басып алғанын жазады (қисынсыздау – автор). Оның хатында бір күнде қаланың 307 тұрғыны жерленгені, 390 адамға дәрігерлік көмек көрсетілгені, 341 сарбаз тұтқынға түскені, көптеген қару-жарақ олжалағандары көрсетілген. Ол өз жазбасында бекіністі алуда ерлік көрсеткен офицерлердің есімдерін атауды да ұмытпаған. Әрине, қаланы қанға бөктіргені үшін жаулап алушы орыс әскерінің құрамынан бір топ жолдастарымен бірге кетіп қалған Шоқан Уәлихановтың есімі ол тізімге ілінбей қалған. Ақ патша әскерінің жауыздығы туралы, әсіресе, Шымкент пен Түркістанды жаулап алудағы қатыгездіктері жайлы өзбек тарихшысы Ж. Рахимов мектеп мұғалімдеріне арнап жазған қосымша оқу құралында көп деректер мен дәйектер келтірген. Оған ғалым В. В. Герасимова қарсы дау айтып, отаршылардың әрекетін ақтағысы келген де жазбалар бар. Ақыры елшілікті араластырып, Ресей бұл оқулықты мектептің бағдарламасынан алғызып тастапты. Иә, қаланы қанға бөктірген полковниктің қара-мағында сол кезде қанша әскер болды екен? Бұл сұраққа жауапты А. Серебренниковтің жазбаларынан табасыз. Қазақ жерінің оңтүстік аймағын жаулап алушы орыс әскеріне 150 мың күміс ақша бөлінген. Жаулап алушы әскерде 60 офицер, 2500-ден аса солдат, 835 атарба болыпты. Мұның сыртында 351 казак, сапта тұрмайтын 150 қазақтан жасақталған милиция тобы және қосымша шаруашылық қызметімен айналысатындар болған. 60 офицері бар әскери жасақтың әлеуеті қандай болғаны айтпаса да, түсінікті. Оқ-дәрі жеткілікті еді. Әулиеатаны атқылауға 2200-дей снаряд жеткізді. Россияның соғыс министрі, генерал-адъютант Милютин осы әскери жасақтың құрамына айына 300 күміс ақша төлеп, белгілі зоология магистрі, ғалым Н. Северцовты қосты. Сонымен бірге, Сібір әскери корпусының қолбасшысы, Омбы генерал-губернаторы, генерал А. Дюгамель өзінің адъютанты штабс-ротмистр шеніндегі Шоқан Уәлихановты, суретші М. Знаменскийді қосты. Әрине, олардың сыртында көптеген жансыздардың болғаны да анық. Патша әскері үшін Әулиеатаны басып алудың маңызы зор еді. Әулиеата – Шымкент пен Ташкентке, бүкіл Орталық Азияға апаратын жол екенін олар жақсы түсінген. Сондықтан да бұл жорыққа тыңғылықты дайындалған. 1864 жылға дейін Әулиеатаның жан-жағын қусырып, Созақты да, Шолаққорғанды да, Меркі мен қырғыздың Пішпегі мен Тоқмағын да басып алуының астарында осындай үлкен әскери мақсат жатыр. Патша әскерінің Әулиеатаны айтарлықтай қарсылықсыз басып алуы қоқандықтар үшін сабақ болғаны анық. Олар жергілікті халықты соғысқа жаппай тарта алмады. Ал, басқыншылар болса, қатарларына өздеріне бодан болған қазақтардан арнайы жасақ құрып, алға салды. Барлық шаруашылық жұмыстарын қазақтардың мойынына ілді. Мәселен, полковник Черняевтің 1864 жылы 12 мамырда Омбыдағы әскери губернаторға жолдаған ақпарында Әулиеатаға бет алған орыс әскерінің құрамында 1 поп, қару-жарақ жөндейтін 4 шебер, 215 қазақ-қырғыздан құрылған милиция тобында 5 сұлтан, 22 би және бұлардан бөлек 54 арбакеш, 57 лаушы болғандығын хабарлаған. Олардың қарамағында 279 түйе, 829 өгіз, 410 жылқы болған. Әулиеатадан айырылғаннан кейін Қоқанның Шымкенттегі билеушісі Әлімқұл жергілікті қазақтарды жан-жағына топтастыруға ұмтылыс жасады. Ол патшалық Ресейдің бодандығын қабылдаған өңірдің қазақтарын Шымкент пен Ташкенттің айналасына топтастыруға ұмтылды. Патша әскерінде жолбасшы болып жүрген Байзақтың ұлы Ақмолдаға астыртын адам жіберіп, бүкіл қарауындағы қауымымен көшіп келуді сұрады. Алайда, Ақмолда ақ патша боданы болғанын алға тартып, Әлімқұлға бармайтынын кесіп айтып, оның хатын Әулиеата бекінісінің коменданты Богацевичке әкеп береді. Шымкент билеушісі мұндай хатты өзгелерге де жолдаған еді. Олардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі ұсынысын қабыл алмай ақ патшаға түпкілікті ауды. Тап осы тұста қазақтың оңтүстік даласына Байзақ датқа мен өзге де билерді, ел ағаларын атып, асқандығы туралы хабар тарап кетеді. Мұны естіген Ақмолда Черняевке келіп, қоқандықтарға қарсы 10 мың әскер шығаратындығын, қандай көмек қажет болса да тартынбайтындығын жеткізеді. Ақ патша офицерлері қазақтарды бұрынғыдан да өзіне жақындата түсу үшін шен-шекпен беруден тартынбады. Құдайберген датқа майор атағын, батырбасы Ақмолда капитан шенін алды. Мұндай шеннен сол жылы 28 қыркүйекте Сайрамды патша әскерлерінің жаулап алу соғысында қаза табатын Сұраншы батыр да шет қалмады. Оған хорунжий деген шен берді. Ал, Черняевке Әулиеатаны ешқандай шығынсыз алғаны үшін генерал-майор атағы берілді. Кейінірек оның Ташкенттің әскери генерал-губернаторы болуына да осы жорықтағы жеңісі ықпал еткені анық. Атақ-даңққа бөленген ол жедел түрде Шымкентті басып алуға аттанды... Патша әскері Әулиеатаны басып алған күннен бастап, халықты Россия тұрмысына бейімдеуге ұмтылды.1867 жылдың 23 тамызында Ресей императоры ІІ Александр Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы ерекше комитеттің жобасын бекіткен жарлыққа қол қойды. Бірақ, жаңа билік 1868 жылы ғана жасақталды. Төрт жылдай барлық билік әскери гарнизонның қолында болды. 1868 жылдың 11 маусымында Түркістан, Сырдария, Жетісу облыстары негізінде Түркістан генерал-губернаторлығы құрылады. Оның орталығы Ташкент қаласы болды. Алғаш таңдау Әулиеата қаласына түскен екен. Шығыс Түркістандағы дүрбелеңге байланысты орталықты Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентте орналастыруға шешім қабылданған. Осы жылы Сырдария облысына бағынышты Әулиеата уездік басқармасы құрылады. (Дәйектер Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 146, 65 ,147, 184, 7, 10, 6 қорларынан алынды). Уездік басқарманы уезд бастығы басқарды. Оған әскери және әкімшілік саласындағы барлық уезд басқармалары бағынышты болды. Уезд бастығы жер қатынасына тікелей басшылық жасады. Полиция басқармасы да оған бағынышты еді. Оның қолында шексіз билік, үлкен мансап болды. Бұл басқарма 1918 жылы совет өкіметі орнағаннан кейін таратылды. Әулиеата уездік басқармасына бағынышты бірнеше басқармалар болған. Олар: Жетісу жандарм бөлімшесінің полициясы, Әулиеата қалалық, Әулиеата уезінің жер аударылғандар ісі жөніндегі, Әулиеата уезінің жер қатынастары басқармаларымен бірге Сырдария облысының Әулиеата уезінің жер аударылып келгендер ісінің меңгерушісі, Әулиеата уезінің бітімгершілік судьясы, Әулиеата уезінің шешімдерді орындаушы инспекторы, Әулиеата уезінің жер қатынастары жөніндегі шешімдерді орындау комиссиясы. Жерге байланысты басқармалар мен комиссиялар жер аударылғандарға жер учаскелерін беру, көшпенді қазақ тұрғындарын отырықшылыққа көшірумен, жер қатынастары мәселелерін реттеумен, қазақ тұрғындарының бір ауылдан екінші ауылға көшуін және жергілікті қазақ тұрғындарынан жер аударылып келгендерге жер учаскелерін бөліп беруді заңдастырумен айналысты. Бір сөзбен айтқанда, отаршылар жер қатынастарына ерекше мән берген. Ішкі Ресей мен Украинадан көшіп келгендерге жер беруді өздерінің қалауынша заңдастырған. Жерді келімсектерге беруде билік жергілікті халықтың пікірін де, келісімін де сұрамағаны айтпаса да түсінікті. Жедел түрде келімсектерді қазақтың оңтүстігіне қоныстандыру жұмысы жүргізілді. Сол жылдары Ташкентте шығып тұрған «Туркестанские ведомости» газетінің мәліметі бойынша, 1894 жылы Әулиеата уезіндегі 17 деревняда 6379 адам мекендеген екен. Бұл аз десеңіз, «Далалық ереже» заңына сәйкес жер, орман, тау-тас, өзен-көл мемлекет меншігі, яғни, Ресей империясының меншігі болып жарияланды. Бұл қағидалардың бұлжымай орындалуын бітімгершілік судьялары қадағалады. Олар тікелей Ташкент округтік судьяларының бағынысында болды. Әулиеата уезінде 6 өңірлік бітімгершілік судьясы жұмыс істеді. Судьялар қылмыстық, азаматтық және заңсыз қаржы жинаушылар мен пара алғандар туралы істерді қарады. Шіркеулер бой көтеріп, поптар жергілікті халықты шоқындыру жұмысын жүргізсе, салықтан, әскерден босатылған, арнайы дайындықтан өткен татар молдалары ауылдарда еркін жүрді. Мектептерге қазақ балаларын өзге ұлттың балаларына қарағанда көп қабылдап, оларды шоқындыруға әрекеттенді. Онда қазақ тіліне аударылған інжіл (библия) оқытылды. Осылайша, Әулиеата қазақтары Қоқанның тұсауынан құтылғанымен, патшалы Ресейдің ноқтасын киді.

15Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, журналист-мұрағатшы.

Ұқсас жаңалықтар