«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақерменнен шыққан азамат ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Марат Әбдіре туралы бір үзік сыр

Ақерменнен шыққан азамат  ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Марат Әбдіре туралы бір үзік сыр
ашық дереккөз
Ақерменнен шыққан азамат ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Марат Әбдіре туралы бір үзік сыр

Әр кезеңнің, әр өңірдің өзіне лайық, қарапайым қызметте жүріп-ақ өз ісімен көпке үлгі бола алатын бейнеткеш тұлғалары болады. Халқына қисапсыз қызмет көрсетуде ел мерейін өсірген ондай азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі – көпшілік құрметіне бөленген, еліміздің өркендеуіне өз еңбегімен сүбелі үлес қосып жүрген атпал азамат Марат Әбдіре. Ол ат жалын тартып мінген балиғат жасынан бүгінгі еңсесі биік, өр тұлғалы ғұмырына дейін талай белестерден өтіп, асулардан асып, қарапайым қызметшіден басшылық қызметке көтерілді.

Ол өзі туған Меркі ауданы, Ақермен ауылындағы орта мектепті жақсы деген бағаға аяқтап, білімін жалғастыру жолында сол кездегі астана – Алматыға аттанады. Мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ өз қатарларының алдында зердесі биік зеректігімен, «Әкеге қарап оқ жонған» білімпаздығымен танылған Марат Ауыл шаруашылық институтын өсімдік қорғау бойынша бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алады. Жоғары оқу орнын 1975 жылы аяқтай салысымен өзі туған ауданға бет бұрған ол алғашқы еңбек жолын «Аспара» қой совхозында техник-гидротехник, егіс бригадирі болып бастаған. Содан бері ол осы салада өзін жан-жақты қырынан танытып, біліктілігі мен талабын ұштастырып келеді. Әр жылдары Жамбыл ауданы ауыл шаруашылық бөлімінде агроном, Меркі ауданы өсімдіктерді қорғау стансасының аға агрономы, аталған мекеменің басшысы, облыстық өсімдіктерді қорғау стансасының бастығы, облыстық өсімдіктерді қорғау басқармасының басшысы қызметтерін атқарады. 

Ал 1999 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасы құрылған кезде, осы басқарма басшысының орынбасары, одан кейінгі жылдары сегіз жыл, атауы өзгеруіне байланысты, облыстық аумақтық инспекцияның басшысы лауазымдарын атқарып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосты. Марат Әбдіре соңғы төрт жыл көлемінде Ауыл шаруашылық министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясын басқарып келеді. Қашаннан жұмысына берілген Марат тындырымпаз болмысынан танған емес. Қаладағы өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині салалары бойынша жұмыстарды ұйымдастыруда белсенділік көрсетуі де соның айғағы. – Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алады. Ол – экономиканың ғана емес, саяси тұрақтылықтың айнасы. Елбасының көреген саясатының арқасында бұл сала жақсы өркендеді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артты. Елбасының тапсырмасын орындау – ел тұрмысын жақсарту деген сөз, – дейді ол. ...Иә, қырық жылдай өмірін ауыл шаруашылық саласына, мемлекеттік қызмет жолына арнаған, оның отыз жылдан астам уақытын үздіксіз басшылық қызметінде өткерген Марат Әбдіренің еңбек жолы үлгі мен өнегеге толы деуге болады. Оның көпжылғы тынымсыз еңбегі елеусіз қалған емес. Ол әр кездері ауыл шаруашылығы саласындағы абыройлы жұмыстары үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тың игерудің 50 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл», «Астана қаласына – 10 жыл» мерекелік медальдарының иегері, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және облыстық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталған. Жұмысқа деген аса жауапкершілігі мен шебер ұйымдастырушылығын және өзін білікті басшы ретінде көрсете алғаны үшін оны әріптестері «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне лайық деп бағалайды... Бүгінде пайғамбар жасты еңсеріп отырған Марат Әбдіре – тек қызметте ғана емес, қоғамдық ортада өзін жақсы жағынан танытқан азамат, сертке бекем адал дос, абзал аға, отбасында аяулы жар, үш ұл-қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар