ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ
ашық дереккөз
ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ

Мектепке дейінгі мекемелердегі этнопедагогика

Изображение-091Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына енгізу туралы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 89-қадамында білім беру саласының  мақсатын айқындап берді.   Яғни,  оқу бағдарламаларына  Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу, өз отанын сүйетін,   патриот,   ұлттық  дүниетанымы қалыптасқан  тұлға  тәрбиелеу міндетін жүктеді.

Осындай игі бастаманы жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің тапсырмасымен №18 «Еркежан» балабақшасын «Балабақшада жобалау іс-әрекетін этнопедагогика әдістері арқылы жүзеге асыруда балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру» тақырыбында шығармашылық жұмыс жүргізетін мекеме ретінде таңдалып алынды. Ондағы негізгі мақсат – балабақшаға инновацияны ендіру, педагог-кадрлардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету, жаңа бағдарламалар әзірлеу, әдістемелік нұсқаулар жасау. Бүгінгі таңда балабақшадан бастап, бала тәрбиесіне ұлттық педагогика құндылықтарын сіңіру заман талабының сұранысы. Қазіргі жастардың бойында батыстық үлгіге еліктеушілік, тең дәрежелі құқық, еркін тәрбие сияқты қазақ халқы үшін тосындау қылықтар көрініс тауып отыр. Ғасырлар бойы қалыптасқан бабалар мұрасындағы «құрсақ тәрбиесі», «қыз бала тәрбиесі», «ұл бала тәрбиесі», «аталар сөзі, ақылдың көзі», «әжелер мектебі» сияқты асыл құндылықтар кенжелеп қала бастады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзінде қаншалықты ұлттық тәрбие, болашақты болжаған көрегенділік жатыр. Біздің мақсатымыз балаларға балабақшадан бастап, ұлттық тәрбиені заманауи үлгіде сіңіру. Бала кезінен бүлдіршіндерге ұлттық тәлім-тәрбие беріп, баулып, қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиелеу. Президентіміз: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген болатын. Біздің балабақшаның инновациялық бағыттағы жұмысы «Асыл мұра» бағдарламасы арқылы жүргізіледі. «Асыл мұра» бағдарламасы мынандай бөлімдерден тұрады: «Қазақ халқының тұрмысы», «Ұлттық киімдер», «Музыкалық аспаптар», «Ұлттық тағамдар», «Ұлттық ойындар», «Қазақ халқының қолөнері», «Ұлттық мерекелер», «Төрт түлік», «Халық ертегілері»,«Ұлттық ою-өрнектер» және «Салт-дәстүрлер» сияқты тағы басқа жобалар бар. Ұлттық жобалар жасауда балада байқампаздық, зеректік, танымдық қасиеттер қалыптасады, ұлттық дүниетанымы кеңейеді. Балабақшаның шығармашылық тақырыбы бойынша «Ұлттық дүниетаным орталығы» кабинеті балалардың жас ерекшеліктеріне сай, заманауи үлгіде, ұлттық нақышта жабдықталды, балаларының бос уақытын ұйымдастыруға арналған «Мирас» үйірмесінің жұмыс жоспары жасалады. Арнайы сөрелерде ұлттық ойыншықтар, дидактикалық материалдар, қол моторикасын дамытуға арналған ұлттық заттар мен бұйымдар қойылып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін кіші макеттермен безендірілді. Жұмсақ ойыншықтар, ұлттық-дидактикалық ойын атрибуттары, түрлі геометриялық пішінде қиылған қазақ ертегілерінің сюжетті пазлдары, көркем әдебиеттер балаларға қолжетімді орналастырылған. Тәрбиешілердің оқу іс-әрекетінде қолдануына арналған демонстрациялық құралдар, көрнекі материалдар кешені де жасалған. Орыстың ұлы ғалымы С.Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Қазақ халқы – өте дана халық. Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім» деген екен. Бүгінде дамыған Еуропа елдерінен келген Монтессори, Арт-терапия, дамыту ойындары сияқты озық технологиялар мазмұнын қазақ халқы бірнеше ғасыр бұрын-ақ күнделікті тұрмыс-салт жағдайында қолданған. Халқымыз, ерте жастан бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Мысалы, «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Санамақ», «Асық шерту», «Шертпе», «Шекем тас», «Бес тас» тағы басқа ойындарды ойнатуда баланың ұсақ қол моторикасын жаттықтыру, есте сақтау қабілетін, байланыстырып сөйлеу тілін дамыту мақсатын көздеген. Сонау кездерде халқымыздың ғылыми білімі, сауаты болмаса да бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұрпақтың дамуына көрегенділікпен қараған. Бала қабілетінің қайнар көзі, оның саусақтарының ұшында екенін білуінің өзі көрегендік емес пе?! Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды. Яғни, бала саусақтарымен неғұрлым көп жұмыс істесе, ақыл-ой мен есте сақтау қабілеті де соншалықты тез дамиды. Осы тұста данышпан халқымыздың ұсақ қол моториканы дамытуға арналған ойындары бүгінде ұмытылып барады. Әлемді қыл қаламның құдіретімен таңғалдырған атақты суретші Әбілхан Қастеев: «Сурет салуды әжемнің киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім» дегені осыған дәлел емес пе?! Сол себепті біз ұлттық педагогика материалдарын балалардың ұсақ қол моторикасын дамытуға пайдаланамыз. Олар: асық ойнау, қамшы өру, жүн түту, шаш өру, шашбау тағу, пазл құрастыру, арқан есу, моншақ тізу, ою, құрт, ірімшік жасау және тағы басқалары. Мұндай жұмыстарды орындауда балалардың жас және жеке дара ерекшеліктері ескеріледі. Мысалы, «Ұлттық киімдер» жобасында балалар өз қолдарымен қағаздан, матадан ұл балаларға және қыздарға арналған ұлттық киімдердің суреттерін салып, қиып, макеттерін жасайды. Атап айтқанда, зерттеу-іздену жобасында балалар халық даналықтарымен танысады, тәжірибелер жасайды, зерттейді, таниды. «Ұлттық тағамдар» жобасында сүттің айранға айналуы, айранды іріту, айраннан майдың шығуы, сүзбеден құрт жасау, қаймақтан май былғау, бидайдан ұн тарту, келіге арпа, бидай түю сияқты тәжірибелер жасау арқылы балалар дастарқанға келген дайын тағамның қалай жасалатыны туралы мағлұматтар алады. Ата-бабаларымыздың ұлттық тағамдарды қалай әзірлегені туралы дүниетанымдық білімді меңгереді. Жоба барысында балаларға ою ойдырып, текемет, сырмақ, түс кілемге қажетті геометриялық фигураларды жасату, қазақ ертегі сюжеттерінің пазлдарын құрастыру, ұлттық киімдер қию, киіз үй жабдықтарын даярлау арқылы сенсорлық дамуды жүзеге асырамыз. Халқымыздың «Орамал тастамақ», «Теңге алу», «Неше асық», «Алтын сандық», «Кебеже», «Тазы мен түлкі», «Ыдыс-аяқ», «Сақина салмақ» ұлттық-дидактикалық ойындарын оқу іс-әрекеттерінде жиі пайдаланамыз. Мектеп жасына дейінгі балаларды қоршаған ортаның тылсым дүниесі әрқашан қызықтырған, олар «Неге?» «Не үшін?» «Қалай?» деген сұрақтарды жиі қояды, оған өздерінше жауап іздейді. Біз осылайша ұлттық жобалар арқылы балалардың бойына бабалар дәстүрінің асыл тәрбиелерін сіңіреміз. Жобалау іс-әрекетін ата-аналармен тығыз байланыста ұйымдастырып, түрлі іс-шараларға қатыстырамыз. Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Елбасымыз «Елiмiздiң, ертеңі - бүгiнгi жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп айтқандай, бүлдіршіндердің ұлттық сана-сезiмiн оятып, бойына халықтық педагогиканың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиесін, салт-дәстүрі мен үлгi-өнегесін сiңiру басты міндетіміз.

Шарапат ЖҰМАТАЕВА, №18 «Еркежан» балабақшасының меңгерушісі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар