«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үгіт жүргізудің тәртібі қандай?

Үгіт  жүргізудің тәртібі қандай?
ашық дереккөз
Үгіт жүргізудің тәртібі қандай?

Орталық сайлау комиссиясында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлауға қатысушы саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібі мен шарттары жөнінде брифинг өткізді. 20 ақпан күні партиялық ті­зімдер бойынша сайланатын Пар­ламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау­да сайлауалды үгіт жұ­мыстары басталды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен атап өткендей, партиялық тізімдер ұсынған саяси партиялардың мақ­саттары мен міндеттерін насихаттайтын, жаңалықтар және талдау бағ­дарламаларынан өзге бар ақпарат партиялардың сайлау қорынан төленуі тиіс. Жаңалықтар және талдау бағдарламаларын дайындауда партия­лар мен кандидаттардың қызметін тең үлесте жариялау жөніндегі талап сақталуы қажет. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қар­жыландыруды қажет етпейтін сайлауал­ды үгіт жүргізуге құқылы, – деді ОСК мүшесі әрі қарай. – Сайлауға қаты­сушы саяси партияларға шарттық негiзде баспасөз бетiнен орын немесе эфир уақытын беруге Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркегені туралы шешімінің көшірмесі және өкілетті адам қол қойған БАҚ басшысының атына жазбаша өтініш негіз болады.

Шарттың талаптары белгiлi бiр партияға артықшылық туғызбауға тиiс, ал саяси партияның бірiне эфир уақытын және баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады».

Оның хабардар етуінше, кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басы­лымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады. Мемлекеттiк ор­гандардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, олардың лауазымды адамдарының, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшiлерiнің, ұлттық қауiпсiздiк ор­гандарының, құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлерi мен судьялардың, сайлау комис­сиялары мүшелерiнің, діни бiр­лестiктердің сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге құқығы жоқ. Шетел­діктердің, азаматтығы жоқ адам­дардың, шетелдердiң заңды тұл­ғалары мен халықаралық ұйым­дардың үгіт қызметін жүзеге асы­руға құқығы жоқ. «Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәти­желерін жариялаған кезде интернет-ресурстар, барлық бұқаралық ақпарат құралдары сияқты, сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау са­луды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төле­ген адамдарды, сұрау салу жүр­гiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжы­рымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қате­лiк коэффициентiн көрсетуге мiн­деттi, – деп жалғастырды сөзін ол. – Бұқаралық ақпарат құрал­дарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нә­тижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi. Сонымен қатар, сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады». Бұдан кейін ОСК мүшесі үгіт материалдарын қай кезде жа­риялауға болмайтынына тоқтал­ды. «Сайлау күні және оның ал­дындағы күнi БАҚ-та үгіт материал­дарын жариялауға болмайды, – деді ол осы жөнінде. – Сай­лау комиссияларының үй-жай­ларынан және дауыс беруге ар­налған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Үгіттік, оның ішінде интернет желісінде таратылатын материалдардың ав­торлығын айқындау мүмкіндігі жоқ жағдайда, олар анонимді болып саналады. Анонимдік материалдарды тарату үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген». Брифинг барысында Л.Сү­леймен БАҚ өкілдерін бұқаралық ақпарат құралдарының үгіт жүр­гізу кезеңіндегі қызметіне қатыс­ты неғұрлым жиі қойылатын сұрақ­тарына жауаптарды ҚР ОСК өзінің ресми интернет-ресурсында «Сұрақ-жауап» бөлігінде орна­ластырғаны туралы да ақпа­раттандырды. «Сайлау туралы заң­нама қазір интернет мәселелерін толығымен реттемейтінін бәрі біледі. Мұндай жағдайда сайлау үдерісіне тартылғандардың бар­лығының бірыңғай түсінігі мен сындарлы тәсілдемесі болуы маңызды. Сондықтан Ортсай­лауком электораттық үдерістің бар­лық субъектілерімен (партия­лармен, бұқаралық ақпарат құрал­дарымен, Бас прокуратурамен, ақ­парат саласындағы өкілетті органмен) үгіт науқаны заңнаманы бұзушылықтарсыз өтуі үшін, икем­ді және жедел жауап қату мүм­кіндіктерін қарастырады», – деп атап өтті Л.Сүлеймен.

Ұқсас жаңалықтар