«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Барысхан» алқабына газ жетті

«Барысхан» алқабына газ жетті
ашық дереккөз
«Барысхан» алқабына газ жетті

Шаһардың шығыс жақ шетінен орын тепкен «Барысхан» аумағына жер телімі алғаш 2007 жылдары беріле бастаған болатын. Бір айта кетерлігі, ол кезде кезекте тұрғандарға жер берілгенімен, мұнда ешқандай инфрақұрылым болған жоқ. Бүгінгі таңда қаланың бұл бөлігінде 500 түтін бар. Кейінгі жылдары 820 жер телімі кезекте тұрған кісілерге берілген. Егер ол жер телімдеріне тұрғын үйлер тұрғызылса, халық саны едәуір молаятыны хақ. Қазірдің өзінде бұл аймақта 3500 адам тұрады. 

Бір қуанышты жағдай өткен жылы бұл аумаққа «көгілдір отын» жетті. «Барысханға» газ жеткені тұрғындардың жүрегіне қуаныш сыйлады. 2014 жылдың сәуірінде басталған газ құбырын тарту жұмысы былтырғы қыркүйекте аяқталыпты. Бас мердігер – «Акпарстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда мұндағы 230 тұрғын үй «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Газ құбыры «Барысхандағы» әр үйдің алдына дейін әкелініпті. Сондықтан, болар әр түтіннен газ орнатуға шығатын шығын қолжетімді күйде екен. Мәселен, аумақ тұрғыны Алтын Омарова үйінің ішкі бөлмелеріне газ құбырын тартқанға 70 мың теңге, сапалы газ пешке 200 мың теңге қаражат кеткенін айтады. Ал «Барысхан» алқабының кварталдық комитетінің төрайымы Құралай Самиева үйіне жаңадан кірген «көгілдір отынға» кеткен жұмсалған қаржы 120 мың теңгеден аспағанын сөз етті. «Көгілдір отынға» жұмсалған шығынның әртүрлі болуы пәтердің көлеміне, үлкен-кішілігіне байланысты екен. Қалай дегенде де «көгілдір отынның» пайдасы мол. Мәселен, әр үйге алты ай қыс көмір жағу үшін кемінде 100 мың теңге кетеді. Оған тамызыққа қажетті отынды қосыңыз. Ал «көгілдір отынға» алты ай төлейтін шығыныңыз 50 мың теңгеден аспайды. – Әр үй қыс мезгілінде айына 9-10 мың теңгеден «көгілдір отынға» шығын жұмсайды. Ал жылдың өзге мезгілдерінде кететін қаржы 500 теңгеден аспайды. Мұндай тиімділікті естіп, өзге тұрғындар да газ орнатуды көздеп отыр. «Барысханның» болашағы үлкен. Биыл бұл аумаққа Ғалым Таңатар деген кәсіпкер азамат мешіт салуды жоспарлап отыр. Имандылық үйінің құрылысына өзге азаматтар да көмек қолын созады деген ойдамыз. Бұл аумақтың жолын жөндеуге биыл 140 миллион теңге қарастырылған. Сәтіменен ауыз суы, жарығы да жөнге келеді. Әзірге «Барысханға» газдың жеткені – үлкен қуаныш, – дейді Тараз қаласы №4 аумақтық округінің бас инспекторы Марат Мейірбеков.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар