Байзақ ауданының Бурыл ауылында орын алған жағдайға байланысты тарап жатқан түрлі қауесеттердің ақ-қарасын ажыратып, халыққа шынайы ақпарат жеткізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов баспасөз мәслихатын өткізді.
Бурыл ауылында өткен баспасөз мәслихатына сондай-ақ Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев, тиісті органдардың, жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында алдымен сөз алған Ерқанат Нұрбапаұлы:
– Жалпы, бұл елді мекенде 8 ұлттың өкілі тұрады. Оның ішінде негізгісі – қазақтар мен түріктер. Бүгінде ауылдағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қайғылы оқиға орын алған күннен бастап біз тиісті құзырлы орындармен бірге барлық қажетті шараларды қолға алдық. Мәслихат депутаттарынан, ақсақалдардан құралған арнайы топ құрылып, бүгінге дейін осындағы үйлердің 91 пайызына кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Халыққа тек қана шынайы ақпараттар жетуі тиіс. Сондықтан сіздер осындағы тиісті басшылармен, ауыл тұрғындарымен, өзге ұлт өкілдерімен оқиғаның анық-қанығын анықтауларыңызға болады, – деді.
Сонымен, тиісті құзырлы орын өкілдерінің, ауыл тұрғындарының сөздеріне сүйене отырып, анықталғаны, айып тағылып отырған күдіктінің отбасы 2008 жылы Қырғызстаннан көшіп келген. Күдікті Д. К.-ны отбасы асырап алған. Қылмыстық оқиға орын алған күні Д. К. көршісінің үйінде ешкім жоқ болатынын білгендіктен, ұрлыққа түседі. Алайда оны 27 мың теңге ұрлап жатқан жерінен үйдің 6 жасар баласы көріп қойып, әкесіне айтатынын жеткізген. Ұрлығы әшкереленген Д. К. баланы алдымен тұншықтырып, сосын асхана пышағымен өлтірген. Қазіргі таңда ол кінәсін мойындаған. Әлеуметтік желілерде тарағандай, ауруханада емес, оқшаулау орнында отыр. Психикалық ауытқушылығы жоқ, дені сау.
Әлеуметтік желілерде сондай-ақ, күдіктінің жарақаттанған суреті салынып, оның ағасының өлтірілгені туралы ақпарат тараған болатын. Құқық қорғау орындары мұндай ақпараттың жалған екенін айтты. Күдіктінің жарақаттанып, қолын байлап алған суреті осыдан бір жыл бұрын, қолын сындырып алған кезде түсірілген болып шықты. Күдікті азамат тұрған үйдің екі терезесі сындырылғаны рас, ал көліктің, үйдің өртенгені, ұлт өкілдері арасында бей-берекет бұзақылықтың орын алғаны туралы деректер негізсіз.
Қазіргі таңда күдіктінің отбасы Қырғызстанға көшіп кеткен. Қалған өзге ұлт өкілдері сол елді мекенде, ынтымақта өмір сүруде.
Оқиғаға байланысты пікір білдірген ауыл тұрғыны Жолдас Мұқанов:
– Бізде «сен түріксің, сен күрдсің» деген ұғым жоқ. Тек достықта өмір сүріп келгенбіз. Алдағы уақытта да бірлігіміз ажырамай, біз де, өзге ұлт өкілдері де осында тұра береді, – деді.
Ал Қостөбе ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мамед Сулейманов:
– Қазір менің жасым 74-те. Өмірімнің 72 жылын Қазақстанда өткізіп келемін.
Осы уақытқа дейін мұнда ешқандай да ұлтаралық дүрдараз орын алғанын көрген емеспін. Қиын-қыстау замандардан бері қара нанды теңдей бөлісіп жеп жүрген қазақтармен біз бауыр болып кеткенбіз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, іштен шыққан «шұбар жыланның» кесірі, екі халықтың ынтымағына нұқсан келтірмейді деп ойлаймын. Оның жазасын тиісті заң орындары береді, – деді.
Басқосуда сөз алған Бурыл орта мектебінің мұғалімі Любовь Зуба, облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев береке-бірлікте өмір сүріп отырған ауыл тұрғындарының арасына сызат түспей, ынтымақтарының арта түсуіне ниеттес екендіктерін білдірді.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді