Ақпандағы жәрмеңке

Ақпандағы жәрмеңке
ашық дереккөз
Ақпандағы жәрмеңке

Тараздағы «Достық» алаңында өткізілген жәрмеңке ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Қыстың көзі қырауға қарамастан, Талас, Сарысу, Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарының шаруа қожалықтары артынып-тартынып жетті. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының тауар өндірушілері де халыққа арзан өнім ұсынды. Тараз кәсіпорындарының өкілдері де аянып қалмады. 

Жәрмеңке сөресінде 15 тонна ет өнімдері, 4 тонна шұжық, 10 тонна сүт, 7 мың дана жұмыртқа, 79 тонна бақша, 4 тонна макарон, 1,7 тонна бал, 0,7 тонна кептірілген өнімдер, 0,5 тонна кондитерлік өнімдері бар. Ақкөлден жеткен балықтың, Шығанақтан жеткен тұздың саудасы қызды. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев жәрмеңкені аралап, азық-түлік сапасын және бағасына назар аударды. Жуалы ауданындағы «Береке-2» шаруа қожалығының төрағасы Досмұхан Дүйсебеков «Сыбаға» бағдарламасы бойынша екі жыл қатарынан несие алғанын, нәтижесінде 100 асыл тұқымды сиыр сатып алып, қазіргі таңда 180 басқа жеткізгенін, жәрмеңкеге сиыр етін әкелгенін айтып берді. Бұл ретте Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев ет, картопқа сұраныс жоғары екенін сөз етті. Абдалы Тоқбергенұлы жәрмеңкені аралау барысында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына бағаның тұрақтылығына баса көңіл бөлуді, көзді ала бере нарықты көтере қоятын саудагерлерді қадағалауды тапсырды. Негізі, мұндағы баға көңілден шығады. Жылқы етінің бір килосы – 1100, қой етінің килосы – 900 теңгеден. Сүт пен айранның литрі – 110 теңге. Қырыққабат килосы – 60, картоп – 50, сәбіз– 45, асқабақ – 80, пияз – 30, алма – 130, қант 200 теңгеден сатылды. Сарысу ауданындағы «Қасымхан» шаруа қожалығының өкілі Әмірхан Досмайлов әкелген өнімдерінің көңілдегідей бағаға өтіп жатқанын айтты. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындарын да сөзге тарттық. Төлеқыз Өтебаева жасының ұлғайғанына қарамастан, осы жәрмеңкеге үнемі келетінін, баға көңілінен шығатынын айтты. «Жас ұлғайған сайын қияр мен қызанақты банкіге жауып қысқа сақтауға шама келмей барады. Оларды да осы жәрмеңкеден сатып алуға мүмкіндік бар. Мәселен, екі литрлік бір банкі қиярды 400 теңгеден алдым, қолайлы баға», – дейді ол. – Бұл жәрмеңке орталықта өткізілуімен құнды. Қала тұрғындарына келуге қолайлы. Жалпы, нарықтан аз ғана арзандығы бар. Үнемі мұнда келіп тұрамын. Жиі-жиі өткенін мақұл көремін, – дейді тараздық тұрғын Нұрбибі Қуандықова. Ал Диларам Назармұхамедова болса, тіпті керемет ой қозғады. «Біз, тараздықтар, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін де ескеріп, өнімнің қандай бейнетпен дайындалғанын да ойлауымыз керек. Қазір малдың шөп-жемі қымбат. Сондықтан, мүлдем арзандатып сатыңдар деп айта алмаймыз. Жәрмеңкедегі бағаға көңіліміз толады. Сатып алуға болады. Әдемі киімсіз жүре алсақ та, тамақ ішпей жүре алмаймыз, – дейді ол. Ең бастысы, жәрмеңкеде тұтынушы тауар өндірушінің қолынан тікелей сауда жасайды. Арада бағаны өсіріп жіберетін делдал болмайды. Сондықтан жәрмеңке екі тарапқа да тиімді. Жәрмеңке келесі аптада да жалғасады.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар