«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек жәрмеңкесіне ел риза

Еңбек  жәрмеңкесіне  ел  риза
ашық дереккөз
Еңбек жәрмеңкесіне ел риза

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейтін халқымыз бақыттың мәні еңбекте екенін жақсы түсінеді. Сондықтан да болар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткізген «Баласағұн» орталық концерт залында бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың болды. 

Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат аталған шараның Елбасымыздың Жолдауда берген тапсырмаларын орындау мақсатында өткізіліп отырғанын айтты. «Бүгінгі жәрмеңке жұмыс берушіге де, жұмыс іздеушілерге де тиімді. Жұмыс іздеушілерге осында келіп, өзіне лайықты жұмыс табуына мүмкіндік туады. Біздің жәрмеңке өткізудегі басты мақсатымыз – жұмыс берушілер мен жұмыссыз азаматтардың арасында тікелей байланыс орнату», – деді Шәбден Тоқтасынұлы. Былтыр облыста барлығы 28 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліпті. Оған 561 жұмыс беруші қатысып, олар 1603 бос жұмыс орнын ұсынған. Жалпы, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған 1239 азаматтың ішінде 825 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал биылғы жәрмеңкеге 66 жұмыс беруші қатысып, 380 бос жұмыс орнына лайықты маман іздестірілді. 384 азаматқа еңбек және әлеуметтік заңнамалар бойынша кеңес беріліп, 783 адам жұмыс берушілермен әңгімелесуден өтсе, 91 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алды. Соның 22-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Әртүрлі мекемелер мен кәсіпорындар тарапынан жұмысқа шақырту алғандар – Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл аудандарының тұрғындары. Бұл тұрғыда Жамбыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әзиз Мәнтеев: «Негізі ауданда еңбек жәрмеңкесі наурыз айының басында өтеді. Ал осы жәрмеңкеде алты бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. 2 азаматты қоғамдық жұмысқа, 5 адамды жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналастырмақпыз. Жыл бойы жоспар бойынша 1597 адам жұмыспен қамтылатын болса, жаңа нысандардың пайдаланылуға берілуіне орай 1710 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», – дейді. Жәрмеңкенің жұмыс берушіге де, іздестірушіге де берер пайдасы көп. «Бұл жәрмеңке жұмыссыз жүрген азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Сонымен қатар, еңбекте тәжірибесі жоқ жастардың да жұмыспен қамтылуына септігін тигізбек. Біз де жұмыс беруші ретінде бос орындар ұсынып, өзімізге қажетті мамандарды табуға мүмкіндік алдық», – дейді №2 қалалық аурухананың қызметкерлерді басқару бөлімшесінің басшысы Аида Төлен. Еңбек нарығында жұмыспен қамтылатындардың қуанышында шек жоқ. «Тараз мемлекеттік университетінің осыдан бір жыл бұрынғы түлегімін. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Өйткені, бүгін осы еңбек жәрмеңкесі арқасында «Нұрбала» қоғамдық бірлестігіне ұйымдастырушы-педагог мамандығы бойынша жұмысқа орналастым», – дейді Жанерке Жаңабаева.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар