Шығанақ – аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен. Мұнда үш мыңнан астам халық тұрады. «Астана-Тараз» тасжолының бойына орналасқан ауыл тұрғындарының басым көпшілігі темір жолда жұмыс істейді. Кейінгі жылдары ауылда ауыз су жүйесі іске қосылды, дәрігерлік амбулатория ғимараты салынды. Орталық көшесі асфальтталып, ажарлана түсті. Қазіргідей әлемдік дағдарыс кезінде доллардың шарықтап өсуі, бағалардың еселеп артуы ауыл халқына оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар үшін қиын-ақ. Осыны жете сезінген ауыл кәсіпкері, «Бақыт» дүкенінің иесі Әмина Әубәкірова жақсы бір істі қолға алды. Ол әр аптаның қасиетті жұма күні 70 бөлке нанды дүкенге келушілердің әрқайсысына бір-екіден тегін таратып отыр. Дүкен маңында ойнап жүретін балаларға, мектепке бара жатқан, келе жатқан төменгі сынып оқушыларына кәмпит, пішіни және басқа да ұсақ-түйек заттарды тегін беретінін де естігеніміз бар. «Қолы ашықтың – жолы ашық» демекші, осылайша елге қайырымдылық жасап, имандылық танытып отырған шығанақтық кәсіпкер Әминаның бұл сауапты ісіне ауыл тұрғындары дән риза. Ал мұндай жақсы бастама ауданның басқа да ауылдарында қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Бол риза анашым, қолдағы осы бар...
- 28 сәуір, 2026
Жарылыс салған жара әлі жазылғанжоқ
- 28 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




