бойжеткеннің бойында өзге де қасиеттер бар
Тұла бойына ерекше қасиет дарыған азаматтар өз ортамызда да жүр. Ол бала кезінде өзіне беймәлім әлемге кіріп кетемін деп ойламаған. Жұрт қатарлы Тегістік ауылында білім нәрімен сусындап жүрген Назерке Исанқызы отандық арналардың бірінен 16 келілік гір тасын тісімен көтеріп жатқан адамды көреді де, көгілдір экраннан көргенін қайталап көрмекке бел буады. Алғашқы қадамы сәтті шыққан соң Назерке өзге де жаңалықтарға еліте бастайды.
Уақыт өте келе Назерке мұрнынан 30 сантиметрлік жіпті еркін өткізіп, аузынан шығарғанын көргенде туыстары таңғалыпты. Мұнан соң өзіне жаңа әлем ашуға жаны құмар қыз бірнеше шишаны сындырып, үстімен де жүріп көреді. Ол аз десеңіз, біздей өткір шегелердің де үстімен еркін жүре береді. Жойқын жұдырығымен тастай қатты бірнеше шөлмекті бір мезетте ұрып сындырғанын көргенімізде жағамызды ұстадық. Сонымен қатар, кейіпкеріміз балтырына бір мезетте елу инені кіргізіп, түк болмағандай еркін отыра бергені де бізді таңдандырды. Бұл енді кейіпкеріміздің бойына Алланың ерекше дарытқан сыйы деп білдік. Әдетте мұндай ерекше өнер иелері сол «трюктерін» жасаудың техникасын әбден меңгеріп алатынын еститініміз бар. Нәтижесінде денеге ешқандай зақым келмейді, жарақат алу қаупі аз. Осы мәселені білгіміз келіп Назеркеден мұндай беймәлім өнерді меңгеру үшін арнайы техника керек пе деп сұрағанымызда ол: «Мен ешқандай техниканы білмеймін. Қаласаңыз қазір шөлмекті қажетінше өзіңіз сындырып, үстімен жүр десеңіз жүре беремін. Дегенмен, менің естуімше, шиша үстінде еркін «ойнайтын» цирк әртістері оны ұсақтап алған соң қазанға салып қайнатады екен. Нәтижесінде шишаның қырындағы өткірлік азаятын көрінеді. Мен олай етпеймін. Көрдім, қызықтым, қайталадым. Қолымнан келген соң іліп әкеттім», – дейді кейіпкеріміз ойымен бөлісіп. Бүгінде таңда ТарМУ-дың үшінші курсында оқып жатқан Назерке Исанқызы жұрт алдында алғаш рет өз өнерін 2012 жылы мектепаралық байқауда көрсетіпті. Сол байқауда да, кейіннен облыстық деңгейде өткізілген «Жас талант» конкурсында да өнерін «Цирк» номинациясы бойынша тамашалаушыларды таңғалдырып, бірінші орынға иелік еткен. Одан бөлек, «Жыл студенті – 2015» фестивалінде «Жас Дарын» номинациясын қанжығасына байлаған. Редакциямызға алқынып келген шынашақтай қыздан «Қайдан келдіңіз» деп сұрағанымызда: «Жаттығу залынан келе жатырмын. Соңғы кездері армрестлингке қатысып жүрмін. Білек күшімді арттырсам деген ойым бар», – деді. Бір бойына бірнеше өнер қонған Назерке Исанқызына «Неге психология мамандығын таңдадың? Алматыдағы цирк және өнер колледжіне, болмаса басқа оқу ордаларына құжат тапсырып көрмедің бе, болашақта циркте өнер көрсеткің келмей ме?» деген сауалымызды қойғанымызда ол еш ойланбастан: «Пешенеге жазылғанды көреміз ғой. Қандай мамандық иесі болсаң да, білімді адам болғанға не жетсін?! Циркте өнер көрсету туралы әзірге ойламаппын. Ол үшін көп нәрсені үйрену керек қой. Өзім іс жүзінде жүзеге асырсам деп жүрген тағы да біраз өнерім бар. Соларды ойдағыдай орындап жатсам, кім біледі, бәрі де мүмкін ғой. Әзірге ештеңе дей алмаймын», – деді. Ерекше өнердің иесі реті келген кезде тойға да шығып тұрады екен. Еңбегінің өтемі ретінде қай мөлшерде ақша алатынын сұрап едік: «Оны айтудың не керегі бар? Той иелерімен келісуімізге байланысты. Қатып қалған баға жоқ. Бәрін ойласып шешуге болады», – деді ойын нығырлап. Иә, шынашақтай күнінен талантын ұштап жүрген Назерке бұл күндері бойына дарыған ерекшеліктерді сіңлісі Ақеркеге де үйретіп жүрген жайы бар. Біз қайсар қызға іске сәт дейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді