«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттік қызметшінің жаңа келбеті

Мемлекеттік қызметшінің жаңа келбеті
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызметшінің жаңа келбеті

ол қандай болуы керек?

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі және мемлекеттік қызметшінің жаңаша келбеті» тақырыбында семинар өтті. Оны департамент басшысы- Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов ашып, Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасын жүзеге асыру үшін 80-ге жуық заңдар мен заңнамалар қабылданғанын айтып өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылғанын еске салды.

Семинарда облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қабылданған құжаттар туралы баяндай келе, мұндай семинарлар барлық мемлекеттік мекемелерде өтуі тиіс екеніне тоқталды. Одан кейін облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев «Мемлекеттік қызметшілерді бағалау» тақырыбында баяндама жасады. – Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметтерін бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалауды өткізу қағидалары мен мерзімдерге» сондай-ақ, министрліктің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесіне және «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мемлекеттік орган «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 33-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар үлгілік әдістеменің негізінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлеп, бекітуі тиіс, – деді департамент басшысының орынбасары. Баяндамашы слайд арқылы заңға сәйкес бағалаудың мақсаты қызметшілердің жұмысының сапасы мен тиімділігін айқындау болып табылатынын жеткізді. Осының нәтижесінде мемлекеттік қызметшіні көтермелеуге, бонустар төлеуге, қызметшіні ротациялауға немесе оқытуға, сондай-ақ лауазымын төмендетуге немесе қызметінен босатуға негіз болатынын атап көрсетті. «А» және «Б» корпустарын бағалау қалай жүзеге асатынын егжей-тегжейлі баяндап берді. Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлназ Смағұлова «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс туралы», Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Қуаныш Қарашолақов «Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттары және тәлімгерлерді белгілеудің тәртібі туралы», Департамент басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дәурен Каипов «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары туралы» және Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ержан Жұмабеков «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы» хабарламалар жасады. Семинар жұмысына қатысып отырған мемлекеттік қызметшілер тарапынан сұрақтар аз болмады. Мәселен, декреттік демалыстан оралған қызметкердің конкурстан өту-өтпеуі, тоқсандық бағалаудың қалай жүзеге асатындығы, мемлекеттік қызметшінің жеке жоспары қашан жасалатындығы, мемлекеттік қызметтен босатылған қызметкер бір ай ішінде басқа мемлекеттік қызметке қалай тұратындығы, тағы басқа сұрақтар қойылды. Департамент басшысы мен орынбасарлары барлық сұрақтарға нақты жауаптар қайтарды. Семинар жұмысын қорытындылаған Б.Исақов Елбасы межелеген әлемдегі үздік 30 елдің қатарына ену және Мәңгілік Ел болу үшін мемлекеттік қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктелетінін еске салып, әріптестерін адал да, жемісті еңбек етуге шақырды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар