Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев тұрғындар алдында есеп беру жиынында 2015 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Алдымен аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды баяндаған Батырбек Әбдірәсілұлы қой жылы аймақта барлығы 33141 гектардан масақты дәнді дақылдар орылып, жиналған өнім 57 334 тоннаны құрағанын жеткізді. Ал 23206 гектар майлы дақылдан жиналған өнім 15083 тоннаны құраса, 2150 гектар картоп алқабынан 48375 тонна түйнек жиналған.
Бұдан соң аудан әкімі мал шаруашылығына тоқталып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша аудандағы қой-ешкі саны – 169 844, мүйізді ірі қара – 38 455, жылқы – 8 273, шошқа – 767, құстар 72 746 басқа жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мал басы 2014 жылмен салыстырғанда қой мен ешкі – 100,1, ірі қара – 106, жылқы – 100,1, құс 100 пайызды құраса, шошқа басы 113,6 пайызға кеміген. Сондай-ақ, ауданда өткен жылы мал өнімдерінің де өсімі байқалады. Ауданда ауыл шаруашылық саласы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды игілігіне жаратып отырғандар да жоқ емес. Айталық, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 18 шаруа қожалық 171,3 миллион теңгеге қол жеткізіп, 1008 бас сиыр, 52 бас бұқа алса, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 7 шаруа қожалығы 45,7 миллион теңгеге 1849 саулық, 80 қошқар сатып алған. «Құлан» бағдарламасы бойынша 12 шаруа қожалық 123,3 миллион теңгеге 438 бас бие, 54 айғыр алып, үйірге қосқан. Батырбек Құлекеев өз баяндамасында аудан тұрғындарын аймақтағы кәсіпкерлік саласының жұмысынан да хабардар етті. – Өңірде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар былтыр 3317,3 миллион теңгенің өнімдерін өндірген. Ал жеке кәсіпкерлік саласы бойынша 5 462 598 мың теңгенің өнімдері өндіріліп, қызмет көрсетіліп, сауда айналымы арқылы бюджетке 198 миллион 294 теңге салық түсірілді. Бүгінгі таңда ауданда 3697 кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Бұлардың барлығында 8603 адам жұмыс атқарады. Жалпы, тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 3775-і немесе 98,5 пайызы жұмыс істейді. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бойынша ауданда 5 микрокредиттік ұйымдар жеке кәсіпкерлерге несие тарату қызметімен айналысады. Атап айтар болсақ, «KazMicroFinance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жуалы ауданындағы бөлімшесімен 2363 адамға 660 миллион 135 мың теңге, «Жуалы несие серіктестігі» ЖШС 5 адамға 43 миллион 675 мың теңге, «Азия несие қоры» ЖШС 849 адамға 154 миллион 478 мың теңге, «Арнур-кредит» 141 адамға 41 миллион 629 мың теңге несие берді. Ауданда халық тұтыну тауарларының және жанар-жағармай бағаларын реттеу туралы штаб құрылып, мүшелерімен тұрақты сауда нүктелері араланып, әлеуметтік маңызды тауарларға негізсіз бағаны көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 10 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы 15 кәсіпкермен меморандумдар жасалынған, – деді Б.Құлекеев. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 40 маманға 138,7 мың теңгеден, барлығы 5 549,0 мың теңге көтерме жәрдемақы төленсе, оның ішінде денсаулық сақтау саласына 5 маман, білім саласына 32 маман, қалғандары спорт, мәдениет, агроөнеркәсіптік кешен салаларына тиесілі болып отыр. Аймақта білім беру саласының қалыпты деңгейде екенін жеткізген аймақ басшысы 2015-2016 оқу жылдарында аудан бойынша жалпы білім беретін 40 мектептің барлығы компьютерлендірілгенін тіліне тиек етті. Өңірде 26 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасаса, оларда 2075 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуда. 2014-2015 оқу жылында аудан бойынша 28 орта мектептің 664 білім алушысы мектептің толық курсын аяқтап, 590 оқушы ҰБТ-ға қатысқан. Олардың арасында 41 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 4 оқушы үздік аттестатқа үміткер ретінде тіркеліп, «Алтын белгі» төсбелгісін 23 оқушы, Үздік аттестатқа үміткерлікті 1 оқушы ақтаған. Аудан бойынша орташа балл 77,76-ны құрағанын айтқан аудан басшысы бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда төмен екенін жасырмады. Сондай-ақ, өткен жылы аудандық денсаулық сақтау саласына (аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория) республикалық бюджеттен 813 328,9 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 114488 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұл тұрғыда, негізгі құралдарды сатып алуға 15079,6 мың теңге қарастырылып, толығымен игерілсе, 23 миллион 490 мың теңгеге «реанимобиль» автокөлігі алынған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр ауданда ана өлімі орын алмаған. Ал мәдениет саласы бойынша, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлінген 16000 мың теңге толығымен игерілген. Осы және өзге де салалар бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндаған аудан басшысы алдағы уақытта орындалатын жұмыстар жоспарына тоқталды. Бұдан соң жарыссөз кезегінде сөз алған «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Сәкен Үсіпбеков, Орджоникидзе мектеп-гимназиясы директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ләйла Бегайдаровалар аудан басшысының баяндамасына оң бағасын білдіріп, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай мен Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Мұратқан Рахметов ойларын ортаға салып, атқарылған шаруаларға алғыстарын жеткізді. Ал жиналысқа қатысқан облыс әкімі аппаратының жетекшісі Рахметілдә Рахманбердиев аудан басшысының жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалап, жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.
Суреттерді түсірген Марат Құлибаев.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді