Бір кездері көркемсөз шебері Б. Майлин: «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз», – деп жырлаған еді. Қазір де солай. Қазақтың ауылсыз күні жоқ. Ол – алтын тамырымыз. Қайда жүрсек те, ауыл ойымызда тұрады, көркейсе – қуанамыз, ісі кері кетсе – налимыз.
Бүгінде ауылдардың тиісті мемлекеттік бағдарламалар аясында дамуына айрықша назар аударылуда. Оған аудан орталығынан шалғай құм жиегіне орын тепкен Ойық ауылының мысалы арқылы да айқын көз жеткізуге болады. Бұдан бірер жыл бұрын ауылдықтар «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының арқасында өздері көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізіп, бір жырғап қалған. Мұндағы тораптық-желілік су құбыр жүйесі бекетінде бүгінде екі азамат күндіз-түні бірдей еңбек етіп, тұрғындардың қажетін өтеп, сенімінен шығып отыр. Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болатынының жарқын үлгісіндей, былтырдан бері өркениетке құлаш ұрған ауылды газдандыру жұмысы қарқынмен жүргізіліп, газ бірқатар тұрғын үйлерге де де кіргізіліп берілді. – Жалпы ауылда 361 отбасы тұрады. Барлығы 167 үйде «көгілдір отын» жанып тұр. 250 отбасының үйлеріне газбен қоса, ауыз суды да кіргізіп алып, қолдарын жылы суға малып отырған жайы бар. Бұрынғыдай Мойынқұмның сексеуілін отындыққа жапырып жатқан жұрт жоқ. Жалпы ауылдың алпыс пайызы «түтінсіз отынды» пайдалануға көшті, – дейді Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Үрістенов. Оның айтуынша, газ құбырын үйме-үй кіргізіп беру жұмысымен аудандық газ тарату мекемесінің жұмысшылары айналысуда екен. Бұл іске керекті материалдары да өздерінен. Тұрғындар тек жиырма бес метр газ құбырын жүргізу ісіне, басқасына 132 мың теңгені қалтасынан төлеуге тиіс. «Іргеміздегі «Амангелді» кенішінің игілігін біз де көре бастадық. Таза ауыз су да, газ да тікелей үйімізге келіп тұр. Ел басшылары осылай бар жағдайымызды жасап беріп отыр» дейді ойықтықтар ризашылықтарын жеткізіп. Бүгінгі күнге дейін ауданның Аққұм, Бостандық, Талапты, Шәкіров, Тұрымқұл, Тамабек, Ойық, Сейілбек ауылдарына «көгілдір отын» жеткізіліп беріліпті. Қазір жеке тұрғын үйлерге газ құбырын жүргізу ісі жалғастырылуда. Аудан әкімдігі сәулет-құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, ендігі кезекте аталған елді мекендердегі мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары қолға алынбақ. Бұл ретте 17 жоба қарастырылған. Оның ішінде биыл 4-еуіне тиісінше қаржы бөлініп отыр екен.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді