Берікқара ауылдық округі аудан орталығына іргелес қоныстанған. Халқының саны – 2292. Ауылдық Мәдениет үйі екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Әлеуметтік мәселелер түгелге жуық шешімін тапқан деуге болады. Ұлт жоспары аясында болашақта дербес бюджеті бар округке айналса, агроөнеркәсіп саласын дамытуға мүмкіндік бар. Себебі, бүгінде Берікқара мен Қожағаппар ауылдарында мал саны өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік те өркендеп келеді. Мәселен, ауыл тұрғыны Р. Ордабаев жиһаздар жасаумен, Д. Есбергенов аяқ киім жөндеумен айналысуда. М.Айдаров наубайхана ашуға құжаттар жинап, несие алуға ниеттеніп жүр. «Бауыржан» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Әбілдаев 2 пәтерлі тұрғын үй салып, мал қораларын кеңейтуде. Мақсаты – тауарлы ферма ашып, ұсақ мал, жылқы, сиыр санын көбейту.
Ауыл тұрғындары алдындағы ауыл әкімі С.Талқанбаевтың 2015 жылдың қорытындысы бойынша өткізген есепті жиында осы жайларға қанықтық. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша несие алып, мал өсіріп, шаруаларын дөңгелетіп жатқандар жылдан-жылға көбейіп келеді екен. Аудандық Фермерлер одағының төрағасы С. Ізетбаев жол бойынан техникалық жөндеу шеберханасын, асхана ашуды жоспарлап отыр екен. С. Талқанбаев ауылды көркейту бағытында бірқатар жобалар қолға алынғанын айтады. Оны жүзеге асыруға негізінен осы елді мекенде туып-өскен азаматтар ат салысып жатқан көрінеді. Солардың бірі – физика ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Наурызбаев демеушілік жасап, Құнан атындағы «Көкбөрі» алаңын жасап берсе, кәсіпкер Ержан Кемежанов «Жастар саябағы» ішіне субұрқақ орнатуға уәде беріп отыр дейді. Негізі Берікқара ауыл аймағы – егін егуге қолайлы аймақ. Өткен жылы себілген егіннің әр гектарынан14-15 центнерден өнім алынғаны осы сөзімізді дәлелдей түседі. Алайда, бұл көрсеткішті малданып отыра беруге болмайды. Егін шаруашылығын дамытып, аз шығын жұмсап, мол өнім алуға ұмтылу керек. Есепті жиында аудан әкімі Болат Рысмендиев тұрғындарға осыны баса айтты. Аралтөбеде егістен гектарына 20-30 центнерден өнім алуға болатынын қозғап, сапалы тұқым, еңбек өнімділігінің кепілі болатынын тілге тиек етті. Аудан әкімі биыл ауылдық округте ауыз су мәселесі шешімін табатынын жеткізді. Елді мекендерге газ тарту мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін, жалпы, ауданның өз қаражатымен жүзеге асырылатын ішкі мәселелер шешімін таба беретінін айтты. «Жастар тәрбиесі – қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл мәселе бір сәтке де назардан тыс қалса, орны толмас өкінішке ұласатынына көз жеткіздік. Ата-аналар мен ұстаздар қауымының тәрбие ісін бірлесе жүргізуі керек», – деді Болат Рысмендиев. Есеп беру жиындары Есейхан, Қасқабұлақ ауылдарында жалғасын тапты. Аудан әкімі Болат Қанатбекұлы жылу беру маусымында әлеуметтік нысандардағы қазандықтар жұмысын қадағалауды босаңсытпау қажет екенін айтып, Елбасының сарабдал саясатының арқасында дағдарыс кезеңінде де әлеуметтік мәселелердің оң шешімін таба беретінін қозғады. Соның бір дәлелі Есейхан ауылында салынып жатқан 120 орындық орта мектептің құрылысы екенін жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, биыл құрылысқа 255 миллион теңге бөлініп отыр екен. Сондай-ақ, Қараой ауылында 50 балаға арналған негізгі мектептің құрылысы басталатын көрінеді. Қаратау ауылдық округінің әкімі Байдүйсен Кенжеевтің айтуынша, Есейхан мен Қараой ауылдарының инфрақұрылымын жаңартуға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша, ал балалар ойын алаңын, көшелерді абаттандырып-жарықтандыруға, ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша қаражаттар қарастырылып жатқан көрінеді. Қысқасы, ауылда тірлік бар, бірлік бар. Жиында Талас ауданының Құрметті азаматы Түзелбек Рақышев ауылда шағын және орта кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын сөз етті. Шаруа қожалықтарының шаруасының түзелгенін айтты. Дегенмен, қос ауылдың тұрғындарын толғандыратын мәселелер де жоқ емес. Мәселен, Қарашат, Шабақты әуіттерінің іргесін бекемдеп, су реттегіштерін қалпына келтіру керек екен. Кезегін күтіп тұрған шаруаның бірі – жолдарды аудандық коммуналдық меншікке алып, ағымды және күрделі жөндеу жүргізу ісі. Аудан әкімі Қараой-Қаратау аралығындағы жолды коммуналдық меншікке алу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын, әуіттер, көпірлер жөнделетінін жеткізді. – 2018 жылы «Еурохим Тыңайтқыш» компаниясы Қаратауда минералдық тыңайтқыш өңдейтін зауыттың құрылысын бастайды. Ауданда 2-3 мың мал бордақылайтын алаңдар да соғылмақшы. Мал өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындар жұмыс істейтін болады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашуға мүмкіндік беретін жобалар. Қазірдің өзінде салықтан 1,3 миллиард теңге табыс түсіріп отырған аудан болашақта өзін-өзі қаржыландыратын аймаққа айналады, – деді Болат Рысмендиев.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді