Дін – кез-келген мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының, қоғамдық-саяси ахуалының басты өлшеуіш құралдарының бірі. Діни тұрақтылық – бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың алаңсыз өмір сүруінің бірден-бір кепілі. Қазіргі таңда шартарапты шарпыған діни экстремизм мен терроризмнен келген зардаптарды күллі әлем шегіп отыр. Осындай теріс пиғылды ағымдар мен топтарды жою жолындағы күрестің оң нәтижелері де жоқ емес. Соның ішінде Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан жасалған мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы есепті жылы облысымызда да бірқатар игі істер атқарылуда. Бұл туралы облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров өткен жылы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар туралы есеп беру жиынында жан-жақты баяндады.
Жиынға облыс әкімнің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып отырды. Жалпы облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 11 конфессиядан тұратын 326 діни бірлестік пен филиал қызмет атқаруда. Оның 281-і мешіттер болса, қалғаны христиан діни бірлестіктері мен филиалдарына тиесілі. Аталған мешіттердің 260-сында арнайы бұйрықпен бекітілген имамдар қызмет атқарады. Ал 21 мешіт имамдарсыз жұмыстарын жалғастыруда. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайғанын айтқан басқарма басшысы өткен жылы 18 мешітке имамдар жұмысқа орналасқанын алға тартты. Сондай-ақ, ол үнемі жастарды имандылыққа баулу жолында семинар-тренингтер, кездесулер өткізіліп, дәрістер оқылып тұратынын жеткізді. – Атқарылып жатқан іс-шаралар барысында қызметшілердің діни сауаттылығын арттыру, мемлекеттің діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама мақсатын түсіндіру шеңберінде оқу-ағарту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығында «Конфессияаралық келісім – мемлекет тұрақтылығының негізі», «Этносаралық келісімді орнатудағы діни фактордың орны», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары» атты тақырыптарда 160 сағат дәріс оқылып, семинарлар өткен, – дей келе, Жангелді Жайлауұлы есепті жыл ішінде басқарма тұрғындарға мемлекеттің дін саласын насихаттау, түсіндіру жұмыстары мен ақпараттық саясатқа басымдық берілгенін сөз етті. Оның айтуынша, өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптарда екі мыңнан астам мақала жарық көріпті. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілер мен сайттардың үлесі басым екендігін білдік. Сондай-ақ, басқарма тарапынан теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде былтыр 71 азамат қалыпты діни көзқарасқа қайтарылған. Олардың 25-і бас бостандығынан айрылғандар. Өңірлердің діни ахуалы бойынша өзекті мәселелерге тоқталған басқарма басшысы Байзақ ауданындағы Көктал, Құмжота, Сарыкемер, Жамбыл ауданындағы Ақбастау, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ, Құлан, Көгершін, Юбилейный ауылдарында осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін баса айтты. Өйткені, аталған ауылдарда сыңаржақ діни идеяларды ұстанушы азаматтар бар екені мәлім болды. Ал Меркі, Сарысу, Талас аудандары жастары арасында салафизм ағымының етек жая бастағаны байқалуда. Осы және өзге де көрсеткіштерді алға тартқан Жангелді Омаров қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сендірді. Ерқанат Манжуов жиынға қатысып отырған бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларын тыңдап, аймақтарда жасалынып жатқан жұмыстардың мән-жайына қанықты. Ол өз ауданы бойынша толыққанды жауап бере алмаған Мойынқұм ауданы әкімі орынбасарының есептік жиынға дайындықсыз келгендігін сынға алды. ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев, «Панорама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Мөрбеков өз ойларымен бөлісті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді